Елімізге ғана емес, алыс та жақын шетелдерге белгілі курортты аймақтың жыл бойы туристерді қабылдай алатын Ақмола облысының туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырған арнайы екі күндік баспасөз туры барысында көз жеткіздік. Ішкі саясат басқармасы Өңірлік коммуникациялар қызметінің қолдауымен ұйымдастырылған баспасөз турына шамамен 30 адам, соның ішінде республиканың жиырмаға тарта жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Соның барысында курортты аймақтың сұлу да көрікті табиғатын тамашалауға мүмкіндік туды. Бұдан басқа, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне «Four seasons» тұжырымдамасы бойынша жыл бойы туризмді дамыту жолдары түсіндірілді. Және де жергілікті билік органдарының туризмді дамыту жоспарларымен жақын таныстық. Жалпы, жыл бойы туризмді дамыту тұжырымдамасына сәйкес Щучье-Бурабай курорттық аймағында туризмнің барлық түрлеріне республикалық және халықаралық деңгейде ауқымды мәдени-спорттық шараларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл ретте Ақмола облысы Туризм басқармасының туристік ақпарат орталығы біраз шаруаларды да тындырып тастады. Түркияның туризм саласындағы «Balikesir University» білім ошағының туризм және қонақ үй шаруашылығы факультетін тамамдаған орталық жетекшісі Данияр Идиятов Бурабайға туристерді жаппай және жыл бойына тарту басты мақсаттары екенін айтады. Данияр өзі туып-өскен өлкені дамытуға да құлшынып тұр. Оған тәжірибесі мен білігі де жеткілікті.
Жалпы, Ақмола облысының туристік әлеуеті зор. Қысқы және жазғы мезгілдері тау-шаңғы базалары мен туристік бағыттар бойынша туристердің демалуларына барлық жағдай жасалған. Осыған орай емдеу-сауықтыру, мәдени-танымдық, экологиялық, бұқаралық спорт және іскерлік туризміне ерекше ден қойылып отыр. Әрине мұндай кезде қызмет көрсету сапасына деген талап та арта түседі. Осы тұрғыдан келгенде қызмет көрсетуді және туристік индустрияны жақсартудың маңызды қадамы қонақ үйлердің қызмет көрсету сапасын арттыру екендігі айтпаса да түсінікті. Осыған орай өңірдегі қонақ үйлер мен демалыс орындары санатын арттыру жолында жүйелі жұмыстар жасалуда екендігі аталмай қалмады.
Баспасөз туры аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, туристік орындардың жоғары сапасы мен көрсетілетін қызметтеріне өз бағаларын беріп жатты. Жалпы, мұндай баспасөз турлары Бурабай ауданының туристік қызмет нысандарының жайына назар аудартып ғана қоймай, жарнама науқанын ұйымдастыруға таптырмайтын тетік. Бұл өз кезегінде әлгі демалыс орындарына әлеуетті тапсырыс берушілер қатарын молайта түсуі тиіс.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы