Әдебиет • 05 Сәуір, 2018

Немат Келімбетовті еске алуға арналған кітап көрмесі өтті

848 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлттық академиялық кітап­хана­да «Бір ел – бір кітап» ак­ция­сының аясында кезек­ті кітап көрмесі ашылып, жазу­­шы, түркітанушы ғалым Немат Келімбетовті еске алуға арналған «Менің ойым, ме­нің түйсігім әлі сөнген жоқ» ат­ты дөңгелек үстел өтті. 

Немат Келімбетовті еске алуға арналған кітап көрмесі өтті

Ша­ра­ға белгілі мемлекет және қо­ғам қайраткері Мыр­­за­тай Жол­дас­беков, ака­де­мик Се­рік Қас­қабасов, «Егемен Қазақ­стан» газетінің Бас­қарма төр­ағасы Дархан Қы­дыр­әлі сияқ­ты зия­лы қауым өкілдері қаты­сып, жүрек­жарды лебі­з­дері мен сырлы есте­ліктерін айт­ты. Жиы­н­ға белгілі ғалым Шә­кір Ыбыраев модератор болды.

Биыл бұл акция аясында елімізде үш бірдей қалам­гер­дің кітаптары оқылмақ. Шә­кәрім Құдайбердіұлы, Бауыр­­жан Момышұлы, Немат Келім­­бетовтің шығармалары ақыл, ерлік, жігердің үлгісінде оқыр­мандарға ұсынылып отыр.

«Немат Келімбетов екеуі­міз құрдас едік. Оның көзі тірі кезіндегі ғұмырының қиын­дығы мол болса, екінші өмірі даңғылға ұласты. Мына дүние­де қаншама асыл азаматтар өтті. Бірақ артында іздеушісі болмаған соң, кейбірі ұмыт болып барады. Ал Нематтың Қайрат секілді асылдан туған ұлы бар. Әкесін іздеп, жоқтап жүргендер көп емес», деп толғанды алғашқы сөз кезегін алған Мырзатай Жолдасбеков.

Көрнекті түркітанушы ғалым, жазушы, аудармашы, филология ғылым­дары­ның док­торы, Қазақстан Рес­пуб­лика­сы Гуманитар­лық ғы­лым­дар академиясы­ның ака­де­мигі, профессор Немат Келімбетовтің есімі ха­л­қымызға етене жа­қын. Оның «Үміт үзгім кел­мей­ді», «Ұлыма хат», «Қария­лар», «Күншілдік» сияқты повес­тер мен эссе кітап­тары оқыр­мандарының жүре­гі­нен берік орын алған, фило­со­фия­лық толғанысқа толы еңбектер.

Н.Келімбетовтің қазақ әдебиетінің байырғы бастау-бұ­лақтарын зерттеудегі ең­бегі зор. Оның «Қазақ әде­­бие­т­інің ежелгі дәуірі», «Ежел­гі дәуір әдебиеті», «Ежел­гі түркі поэ­зия­сы және қазақ әде­биетіндегі дәстүр жал­ғас­ты­ғы», «Қазақ әде­биеті бас­тау­лары», «Ежел­гі әдеби жәді­герлер» сияқ­ты зерттеу еңбек­тері – ұлт­­тық сөз өнерінің түп-та­мы­­ры­на тереңдеп барған тың­­ғы­­­лықты еңбек. Ғылым жо­­лын­д­ағы қайраты үшін Немат Келімбетов Күлтегін атын­дағы сыйлықтың лауреа­ты атанды.

Л.Грунцтың «Шіркін біздің Шушикент», В.Коза­чен­коның «Найзағай», С.Ах­мад­тың «Көкжиек», П.Қа­дыровтың «Жұлдызды түн­дер» романдарын төгіл­діре тәржімалаған Немат Келім­бетовтің көркем аудар­маға қосқан үлесі де қомақты.

«Немат Келімбетовтің сақ заманынан бастап қазіргі қазақ әдебиетіне дейінгі аралықты жүйелеп, нақты концепциясын жасап, қолымызға бер­ді. Қазіргі кезде Жоғары оқу орын­дарының барлығын­да пән ретінде оқытылады. Немат Келімбетовке дейін Бейсембай Кенжебаевтың бас болуымен қазақ әдебиеті­нің тарихы Орхон-Енисей ескерткіштеріне дейін жеткен болатын. Осындай еңбекті жазу барысында ғалымның алдында үлкен қауіптер тұра­ды. Оны процесс ретінде бере алмасаң, хронологиялық сипатта ғана болып қалады. Ал Немат Келімбетов оны үлкен үдеріс ретінде жүйелеп берді. Ғасырдан ғасырға, кеңістік­тен кеңістікке еркін, ғылыми тұжы­рымдарымен өтіп отырады. Бұл тұлға­ның ғалым ретіндегі басты ерекшелігі.

Немат Келімбетовтің жи­на­ған жәдігерлері арқылы әдебиет теориясының жеткен негізгі жетістігі жанр, поэтикалық формалар, түр мен пішін, тақырып пен маз­мұн. Мен осыны қарап отыр­сам, Немат ағамыз бір­шама жақсы жинақтаған. Бұл қазақ әдебиетіне қосылған үл­кен үлес болды» деді жиын тізгінін ұстаған Шәкір Ыбыраев.

Жұлын-омыртқа ауруы­мен ауырып, жылдар бойы аяқ-қолы қозғалмай төсекке таңылып жатқан жазушы-ғалымның осыншама еңбек­тері мен ізденістері оның өмір­ге құштарлығы мен қай­сар­­лы­ғының жемісі. Өзінің қиын тағдырын жазушы Немат Келімбетов «Үміт үзгім кел­мейді» хикаят-моноло­гінде терең тебіреніспен жеткізеді. 

Талайлы тағдырды басынан кешірген, екі көзі көр­мей төсекте таңылып жатса да дү­ние­ден үмітін үзбей, әйгілі «Құрыш қалай шынықты?» романын жазған Николай Ост­ров­скиймен Немат Келім­бетовті салыстырып та айтып жа­тады. Тағдыры ұқсас тұл­­ға­лар болады. Немат Келім­­бетов өзінің өлмес шығар­ма­лары­мен, құнды еңбектерімен қа­зақ жүрегінен орын алған аяу­лы тұлға болып қала бермек.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

Суретті түсірген Орынбай Балмұрат,

«Егемен Қазақстан»