Қазақстан • 05 Сәуір, 2018

Алматыда қытай тілінен аударылған жаңа кітаптың тұсаукесері өтті

556 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Атакент көрме орталығында өткен халықаралық кітап көрмесінде «Шығыс әдебиеті және өнері» Баспа компаниясынан» жарық көрген «Бір белдеу – бір жол» деп аталған су жаңа кітаптың таныстырылымы өтті. Оқырманға жол тартқан бұл кітап қытай тілінен алғаш рет аударылып, қазақ оқырманына ұсынылып отыр.

Алматыда қытай тілінен аударылған жаңа кітаптың тұсаукесері өтті

Кітап құрастырушылары Цин Юйцай, Чжоу Гупин, Ло Вэйдун. Қазақ тіліне тәржімалаған Бодау Гули және Дана Алтынбекқызы. Аталған бастама Халықаралық деңгейдегі «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының аясында қолға алынған ауқымды шаралардың бірі.  «Бір белдеу – бір жол» хрестоматиясы – білім беру тұрғысынан алғанда пән ретінде де, жалпы оқырман көзқарасымен келгенде – елінің де, ғаламның да әлеуметтік-саяси тыныс-тіршілігіне бейжай қарай алмайтын әрбір жанға географиялық та, саяси да, тарихи-экономикалық жағынан да аса мол, жан-жақты мағлұмат  көзі  бола алады. Танымдық еңбек Жібек жолы бойындағы елдердің мақсат-мұраттарын ескере отырып, әрбір халықтың өз мүддесін қорғауына және ұлттық тарихы мен құндылықтарын жалпы адамзаттық құндылықтармен бірлестіре отырып жаңғыртып, өркендетуге жол ашуды мұрат тұтқан.

Елімізде тұңғыш ашылған «Шығыс әдебиеті және өнері» халықаралық баспа компаниясы Қытайдан бастау алып отырған ежелгі Жібек жолы бойындағы елдердің тарихы мен мәдениетін қазақ оқырманына таныстырып келеді. Аз уақыт ішінде әдебиет, мәдениет, өнер, тарих, философия, экономика  салаларының дамуына елеулі еңбек сіңірген, аса зор жетістіктерге қол жеткізген көрнекті ұлт тұлғаларының еңбектерін жарыққа шығарған. Олардың қатарында Лиң Хайшұңның «Жібек жолы: археологиялық зерттеулері», Жуң Сиңцзиянның «Дұңхуантану туралы он сегіз дәріс» сияқты таным тұрғысынан құнды еңбектер бар. Сондай-ақ, қазақ әдебиетінің көрнекті шығармаларын, тарихшы ғалымдарымыздың таңдаулы еңбектерін, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына байланысты көрнекті этнографтардың еңбектерін басқа тілдерге аударып, кітап етіп шығару мәселесі де ойда бар көрінеді.

«Бұл халықаралық деңгейдегі бағдарлама болғандықтан, жобаны қытай елі қаржыландырып отыр. Біз осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануымыз керек. Тек қана қытай елі емес, Жібек жолы бойындағы басқа да елдердің танымал туындыларын қазақ тілінде сөйлету ісін қолға алдық. Алдағы уақыттары  жоба аясында еліміздің терең тарихы мен бай мәдениетінен сыр шертетін қазақ тіліндегі құнды еңбектерді басқа тілдерге аударып, жарыққа шығаруды көздеп отырмыз» дейді «Шығыс әдебиеті және өнері» Баспа компаниясының» өкілі Нұрғиса Сахов.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ                                                   

Суретті түсірген Расул СӘЛІМҰЛЫ