Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары белгіленгені мәлім. Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талаптар қойылды. Баспанамен қамту елімізде ең өзекті әлеуметтік мәселелердің бірі саналады. Облыста 20 мыңға жуық адамның пәтерге мұқтаж екенін ескерсек, мемлекет тапсырмаларын ойдағыдай орындау басым бағыттардың бірі болып қала берері анық. Бұл орайда «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламаларының шарапатын көрушілер аз емес. Аталмыш жобалар аясында былтыр 1463 пәтерлі 19 тұрғын үй бой көтерді. 7 несиелік үйдің құрылысы аяқталып, 974 пәтер қолданысқа беріледі. Бұл мақсат үшін 8,1 миллиард теңге қарастырылған.
Жыл соңына дейін 15 көп қабатты тұрғын үйдің, 211 жеке баспананың салынатынына, 1,5 мыңнан астам адамның қоныс тойын атап өтетініне қарағанда жергілікті билік алдында ауқымды міндеттер тұрғанын аңғаруға болады. Бағдарламаның басты бағыттарының бірі әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарға сатып алу құқығынсыз жалдық тұрғын үйлер қорын құру болып табылады. Былтыр бұл санаттағыларға арнап 400 пәтер тұрғызылса, биыл 200 пәтер беріледі. Облыс орталығында үй кезегінде тұрғандарды жалдық баспанамен қамтамасыз ету мақсатымен «КИК» АҚ арқылы 116 пәтердің кілті тапсырылды. 96 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Соңғы кездері үй құрылыстарында ДСК сияқты озық инновациялық технологиялар қолданылып, тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл әдіспен былтыр 3 ірі панельді тұрғын үй іске қосылса, биыл 4 көп пәтерлі тұрғын үй бой көтереді. 7 үйдің жобасы жасалып қойды. Қала құрылысы кеңесінің отырысында облыс басшысы Құмар Ақсақалов қала әкіміне жеке баспана салу жұмыстарын кеңінен өрістетуді тапсырды. Осы мәселеге орай шаһар басшысы Марат Тасмағанбетовпен тілдескенімізде өткен жылы қаржыландырудың барлық көздері арқылы 136 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін, оның 83,3 мың шаршы метрі жергілікті атқарушы орган есебінен тұрғызылғанын жеткізді. «Нұрлы жол» бағдарламасының қанатқақты жобасы «Солнечный» кентінде қолға алынған. 70,61 мың шаршы метр болатын 72 жекеменшік үй «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тан несие ресімдеу шеңберінде салынады. Одан кейін 139 жеке үй тұрғызылады. Жобалық ұсынымда 2094 жер теліміне бірыңғай сәулеткерлік үлгідегі үйлердің құрылысын жүргізу белгіленген. 4,1 миллиард теңгеге магистралдық-инженерлік желілер тартылған. Екінші ірі жоба Жұмысшы кентін, «Береке» шағын ауданын қамтиды. Тұтастай алғанда, құрылыс саласына 7,9 миллиард теңге бағытталып, бой көтеретін 1149 пәтерлі 12 көп қабатты тұрғын үй қала ажарын аша түсетін болады. Ал «Жас өркен» шағын ауданында 16 қабатты 192 пәтерлі үй, 9 қабатты тұрғын үйде 312 пәтер мен 24 орынға шақталған шағын орталық, 332 және 144 пәтерлі 9 қабатты тұрғын үй, сондай-ақ прокуратураның ғимараты мен 500 орындық театр, оқушылар сарайы, теннис корты, 252 пәтерлі 9 қабатты тұрғын үй мен 18 қабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде.
Қазақстанда баспанамен қамту көрсеткіші соңғы он жылда бір тұрғынға шаққанда 30 пайызға өсіп, бүгінде 21,6 пайызды құрайды. Елбасы 2030 жылға таман 30 шаршы метрге жеткізу талабын қойды. Бұл – орындалатын меже. Біз өз ісімізде заманауи тәсілдерді қолданудамыз деді бізге берген сұхбатында облыстық мәслихаттың депутаты, «Основание» ЖШС-нің директоры Сергей Тимофеев. Оның ойынша, құрылыс саласында қолбайлау тұстар да аз емес. Мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында белсенді қимыл бәсең. 3D жобалау бағдарламасын кірістіру маңызды. Жергілікті құм, қиыршық тас алыс жерлерден әкелінетіндіктен тасымал бағасы қымбат, сапасы да көңіл көншіте бермейді. Баспаналар қолжетімді болсын десек, құрылысқа қажетті сапалы қазбаларды іздестіруге геологтерді жұмылдыру керек дейді тәжірибелі құрылысшы өз ойларымен бөлісіп. «Гиперкирпич» серіктестігінің жетекшісі Александр Ещанов «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» тұрғын үй құрылысына зор серпін беретінін айта келіп, құрылыс нысандарында 90 пайызға дейін отандық өнімдер қолданылуы тиіс деген ұстанымды қолдайтынын білдірді. «Стройкомпания» ЖШС-нің басшысы Айдар Атажанов сазды-керамикалық кірпішті жергілікті жерде өндіру қажеттілігін алға тартты.
2012 жылдан бері облыс орталығында бар болғаны бір мың ғана пәтер пайдалануға берілсе, биылғы көрсеткіштің осынша мөлшерге жетуі құрылыс индустриясының қарқынды дамып келе жатқанын аңғартса керек.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы