2015 жылы дизель отынының құны – 82,0 теңге, 2016 жылы – 95,4 теңге, 2017 жылы – 140,7 теңге болса, биыл ол 156 теңгеге жеткен немесе 2015 жылмен салыстырғанда 1,9 есе өскен. Бұл жағдай Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Қарағанды облыстарында өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерінің едәуір қымбаттауына соқтырып, осы өңірлердегі көптеген ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қаржылық жағдайын қиындата түсті. Сайып келгенде бұлардың ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудегі шығындарында жанар-жағармай материалдарының үлесі 25 %-ға дейін жетті. Мұндай жағдай еліміздің басқа өңірлерінде де орын алып отыр.
Қалыптасқан жағдай ауылшаруашылық өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін төмендетуде. Әрине, ағымдағы жылы Үкімет көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынын зауыттардан алғанда 1 литрінің бағасын 130 теңге деңгейінде ұстауды белгілеген, бірақ оны өңірлерге жеткізуді ескерсек, баға орта есеппен 150 теңгеге дейін көтеріліп отыр.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге агротехникалық іс-шараларды уақтылы жүргізу, сонымен бірге өнімнің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін бұл баға тиімсіз болып табылады.
Осыған байланысты, біз Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтан дизельді отынға белгіленген бағаны қайта қарап, оны 25–30%-ға дейін төмендету туралы мәселені қарастыруды сұрадық. Бұл сауалға палатадағы «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Н.Сабильянов пен С.Звольский де қол қойды. Үкімет басшысы біздің ұсынысымызды оң шешер деген үміттеміз.
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,
Мәжіліс депутаты