Медицина • 09 Сәуір, 2018

Жәбірленушілер мүддесін қорғаудың заңнамалық қадамы

1148 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміздің Ата Заңында және халықаралық құ­қық нормаларында адам, оның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық екені белгілі. Осыған орай бұл заңнама талаптары қашанда орындалуға тиіс. Мәселен, жәбір­ленушілерге қылмыспен келтірілген залалды өтеу бойынша олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау назардан тыс қалмауы керек. Бүгінде бұл бағытта қандай жұмыстар ат­қарылып жатыр? Біз осы мәселелер төңі­регінде Парламент Мә­­жі­лісінің депутаты Ва­силий Олейникпен әңгімелескен едік. 

Жәбірленушілер мүддесін қорғаудың заңнамалық қадамы

– Василий Иванович, жә­бірленушілердің құқығын, мүд­­десін қорғау бойынша заң­намаға енгізілген өзге­ріс­­тер­дің негізгі мақса­ты қан­­дай, жа­ңалығы неде?

– Қылмыстық істер бойын­ша жәбірленушілердің құ­қықтарын қорғау мен  оларға қылмыспен келтіріл­ген залалды өтеу үшін заңдылықты қам­тамасыз етуде біраз жұ­мыс­тар атқарылды. 2018 жыл­ғы 10 қаңтарда Мем­ле­кет басшысы қол қойған «Жә­­­бір­ленушілерге өтемақы қо­ры туралы» заң және оған ілес­­пе түзетулер – еліміздің осы ба­ғыт­тағы бір қадамы. Атал­ған заң­дардың негізгі мақсаты жә­бірленушілерді қорғаудың құқықтық те­тігін қалыптастыру, жә­бір­ленушілерге немесе олар­дың өкілдеріне біржолғы бел­­гіленген ақшалай соманы төлеу түрінде материал­дық көмек көрсету. Ал жә­бірленушілерге өтем­ақы тө­леу институты отан­дық заң­намада жаңалық болып табылады. Онда алғашқы рет «мәжбүрлеп төлетудің» «өз­ге де­ қылмыстық-құқықтық ық­пал ету шарасы» ретіндегі «құ­қық­тық табиғатына» заң­намалық айқындама беріліп, Қылмыстық және Қыл­мыс­тық-процестік кодекстерге тиісті түзетулер ен­­гізілді. Бұл нормаларды­ қа­был­дау жә­бірленушілер құқық­тары мен олардың заңды мүд­делерінің қорғалуын нығай­туға және нәтижесінде халықтың қыл­мыстық қудалау органдарына және сотқа деген сенімінің артуына ықпал ететін болады.

– Осы заңдарды дайын­дау­ қалай жүзеге асырылды, ха­лық­­аралық тәжірибе ес­ке­ріл­ді ме?

– Иә, аталған заңдар 2014 жылы ел Президентінің Өкімі­мен бекітілген қылмыстық заң­­дар­ға және қылмыстық сот өн­дірісінің жаңа моделіне, жетіл­дірілген әкімшілік құқық бұ­­зушылық туралы заңнамаға жә­не қылмыстық жазаларды ат­қарудың жаңа жүйесіне көшу жө­ніндегі бірыңғай мем­лекеттік іс-қимыл жос­парын орындау үшін әзір­ленді. 2014 жылғы 4 шіл­де­де қабылданған жаңа Қыл­мыс­тық-процестік кодекс­те жә­бірленушілерге залал­ды өтеу қорын құру­дың құқық­тық негіздері бел­гіленген арнайы 137-бап бе­кітілді. Міне,­ аталған ко­­декс­­тің осы жаңа­лығын уа­қ­тылы іске асыру­ үшін «Жә­бір­ленушілерге өтем­ақы қоры туралы» және «Қазақстан Республикасының кей­­бір заңнамалық актілеріне жә­бірленушілерге өтемақы қо­ры мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары әзірленді.

Жалпы, бүгінде көп­те­ген шетелдерде жәбір­ле­ну­­ші­лер­дің залал­ды өтеуге құ­­қығы мен мүд­делерін қор­ғауға кепілдік беретін заң­ды тетіктер баршылық. Мә­селен, «Қалпына келтіру сот тө­ре­лігінің» барынша ­тиім­ді құ­­ралының бірі – қыл­мыс құрбандарын қолдаудың арнайы қорынан залал өтеу. Осыған ұқсас қорлар бір­қа­тар Еуропа елдері мен АҚШ-тың 22 штатында және Әзербайжан мен Эс­то­нияда жұмыс істейді. Мі­не, жоғарыда айтылған заңдарды әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе, сондай-ақ осы сала­дағы біз­д­ің құқықтанушы ғалым­да­рымыздың ұсыныстары зерт­­теліп, пайдаланылды.­ Бұл орайда қоғамның қыл­мыстық процестен күтетіні – жәбірленушінің құқықтарын қорғау мен қалпына келтірілуі. Алайда соңғы жылдары залалды өтеу жөніндегі жұмыстың тиімділігі төмендеді. Қыл­­мыс­тық-процестік заң­на­мада келтірілген залал­ды өтеу тәсілі ретінде азамат­тық­ талап қою ғана айтыла­ды. Бірақ қылмыстық про­цес­­тегі азаматтық талап қою жә­бірленушілердің мүд­де­ле­рін қылмыстық-құқықтық қор­ғауда қанағаттандыра алмайды, өйт­кені залал келтіру фактісін және оның мөлшерін дәлелдеу ауырт­палығы аза­маттық талап қою­шы – жә­бірленушіге түседі. Қыл­мыстан зардап шеккен адам­дардың мүліктік мүдделерін қорғау­ды регламенттейтін заң­намалық нормаларға, сондай-ақ осы  саладағы құ­қық қолдану ор­ган­дарының прак­тикасына жүгінсек, мұн­дай қорғау бір­қатар себептерге байланысты тиім­сіз бо­лып табылатындығы және адам­ның бұзылған құ­қық­тарын толық деңгейде қал­пына келтіруге, нәтижесінде Конс­титуциямыздың 13-ба­бында бекітілген конс­ти­ту­циялық қағидатты то­лық дең­гейде іске асыруға мүм­кіндік бермейтіндігі анық­талады. Оған қоса кейде­ кі­нә­лінің қолында өндіріп алу­ға болатын қаражат пен мүліктің болмауына байла­нысты мүліктік залалды толық мөлшерде өтету мүм­кін емес. Нақ осы себептен жә­бірленушіге залалды өтеу­ге арналған шығыстарды қар­жы­ландыру көздерін айқын­даудан бас­тап, залалды өтеу тәртібін заң­намалық тұрғыда реттей алатын кешенді, жүйелі әдіс-тәсілді әзірлеу қа­жеттігі туындағаны белгілі.

– Парламент Мәжілісінде заң жобасын қарау процесі қа­лай өтті, депутаттар оны тал­­қылау ба­рысында қан­дай өз­­геріс­тер ен­г­ізді?

– Мәжіліс депутаттары заң жо­басына бірқатар нақты, сал­мақ­ты өзгерістер мен толық­тыруларды енгізгенін атап өткен жөн. Депутаттардан негізгі заң жобасы бойынша 300-ге жуық және ілеспе заң жобасы бо­йын­ша 120-ға жуық түзету түсті. Олар­дың барлығы жіті қа­рал­ды. Үкімет депутаттардың тұ­жырымдамалық сипаты бар тү­зе­тулерін қолдады. Мә­селен, «Жә­бірленушілерге өтем­ақы қоры туралы» деп атау ұсынылған заң жобасын­да пайдаланылған негізгі ұғым­дар және кіріспе нақ­ты­ланды, заң жобасының тақы­рыбы өзгертілді. Осындай атау заңның мазмұны мен мәнін нақ­тырақ айқындайды. Еліміздің Бюд­жеттік, Қыл­мыстық, Қыл­мыстық-про­цестік және Қыл­­мыстық-атқа­рушылық кодекс­теріне түзе­тулер енгізілді. Олар­дың бар­лығы қолданыстағы заң­наманы «Жәбірленушілерге өтем­ақы қоры туралы» заңға сәй­­кес келтіруге бағытталған. Өтем­ақы төлеуді көздейтін заң нор­маларын қолданысқа енгізу мерзімдері өзгертілді, яғни 2018 жылғы 1 шілдеден қорға сот кінәлі тұлғалардан өндіріп алуды жүзеге асыруды бастайды, жәбірленушілерге өтемақы төлеу 2020 жылғы 1 шілдеден басталады. Мұндай шешім қордың қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті қаражатты жинауға мүмкіндік береді деп пайымдаймыз. Қорға жыл сайынғы түсім миллиардқа жуық теңгені құрайды деп күтілуде.

– Жәбірленушілерге ар­нал­­ған өтемақы қоры туралы, оны қалыптас­ты­ру көздері, өтем­ақы­ та­ғайын­далатын қыл­мыс­­тық құ­қық бұзу­шы­лықтардың және жәбір­ленушілердің са­наттары, регрестік талап­тар және олардың ұғым­дары туралы да айтып бер­сеңіз?

– Жәбірленушілерге ар­налған өтемақы қоры, яғни құрылатын қор заңды тұлға есебінде емес, Ұлт­тық қорға ұқсас есепшот ре­тінде болады. Бүгінгі күні бұл ең үнемді нысан болып табылады. Қор төлемдерін қазы­нашылық жүргізеді. Өтемақы – Қылмыстық-процестік кодекске сәйкес жәбірленуші деп танылған адамға осы заңда белгіленген тәртіппен берілетін біржолғы ақша төле­мі. Регрестік талаптар­ – прокуратура органда­ры осы заңның 11-бабын­да атал­ған тұлғаларға қатыс­ты қолданатын, жәбір­лену­шілерге өтемақы ретінде тө­ленген ақ­ша­ны қайтаруды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар. Сот айып­тау үкi­мiн шығарған кезде кінәлі адам­дардан қорға Қыл­мыс­тық кодекстің 98-1 және 98-2-баптарының негізінде мәж­бүрлі төлем өндіріп алынады. Қыл­мыстық құқық бұзушылықты топ болып жасаған жағдайда, мәж­бүрлі төлем әрбір кінәлі адам­­нан жеке өндіріп алынады. Кі­нәлі адамға қатысты айып­тау үкімі қылмыстық құқық бұзу­шылықтар жиынтығы бойынша шығарылған жағ­дайда, одан неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзу­шылық санатына сәй­кес келетін мәжбүрлі төлем өн­діріп алынады. Жәбір­ле­нушілерге арналған өтем­а­қы қорындағы қаржы мем­ле­кеттік бюджетке алып қоюға жатпайды. Мәж­бүрлі тө­лем – соттың айыптау­ үкі­мі бойынша қылмыстық құ­­қық бұзушылық жасаған адам­­­ның белгілі бір соманы жәбірленушіге тө­леу жө­ніндегі міндеті. Жәбір­ле­нушілердің құқықтары мен заң­ды мүдделерін қорғау мақ­сатында қылмыстық құ­қық бұзушылық жасаған адамнан осы кодекстің 98-2-бабында белгіленген тіркелген ақшалай сома түріндегі мәжбүрлі төлемді сот жәбір­ленушілерге өтемақы қоры туралы заңнамада көзделген тәртіппен өндіріп алады.

Тағы бір айтарым, халық­ара­лық құқық қолдану тә­жі­рибесі көрсетіп отыр­ға­нындай, жәбір­лену­ші­лерге өтемақыны тө­леу қыл­мыс­тық құқық бұзу­шылық­тар­­дың барлық баптары бо­йынша жүзеге асырыл­май­ды. Сондықтан  «Жәбір­лену­шілерге өтемақы қоры туралы» заңда Қылмыстық кодекс­тің 124 қыл­мыс құрамы бойынша жәбір­ленушілердің үш санатына тө­лем­ақы тө­леу көзделген. Заңда жәбір­ленушілерге өтемақы та­ға­­йын­­дау мен төлеудің тәр­ті­бі және мерзімдері де ай­қын­далған. Бұл ретте қыл­­мыстық қудалау функ­ция­ла­рын жүзеге асыратын мем­лекеттік органдар жәбір­ле­ну­шіге өтемақы алу құ­қы­ғын түсіндіреді және оның­ өті­нішін тіркелген күні­нен бас­тап күнтізбелік он күн ішін­де қарайды. Заңда белгі­лен­ген мөлшерде өтемақы та­ғайын­дап оларды және алу­шы­лардың тізімін жасай­ды, оны қа­зынашылыққа береді. Қазын­ашылық өтем­­ақыны күнтізбелік он күн­нен кешіктірмей оны алу­шылардың банктік шотына аударады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТ,

«Егемен Қазақстан»