Бірегей жобаны қолға алып, бастама көтерген Альянстың өлкетанушы-этнографтар клубы болып отыр. Жобаны жүзеге асыруға археология, өлкетану және этнография саласы бойынша өз ықыласымен ізденіп жүрген тарихшы ғалымдармен бірге, бірнеше мың алматылық оқушы мен студент те жұмылдырылды. Жас өлкетанушылар алғашқы табыстары мен әсері туралы әлеуметтік желілерде, мерзімді басылымдарда пайымды пікірлерімен бөлісіп отырады. Жоба мерзімі аяқталған соң жұмыс нәтижесі негізінде Алматы мен қала маңындағы тарихи, археологиялық ескерткіштердің картасы жасалып, «Алматы қаласы туралы 100 қызықты дерек» атты жаңа жинақ жарық көрмек.
Өлкетанушы-этнографтар клубының жетекшісі, ҚазҰУ-дің тарих, археология және этнология факультетінің деканы Меңдігүл Ноғайбаеваның айтуынша, жобаның мақсаты – ғалымдардың қолдауымен жас буынды Алматы қаласының тарихи мұрасын зерттеп, зерделеуге ерте бастан баулу. «Жоба қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған «Туған жер» бағдарламасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Біз өлкетану туралы ой мен ұстанымдарды оқу бағдарламасына белсенді түрде енгізуді қолға алдық. Сондай-ақ жастардың бойындағы отаншылдық сезімді ояту мақсатында тарихи-өлкетану және этнографиялық жұмыстар жүргіземіз. Ал Отанды сүю дегеніміз, ең алдымен өз туған жеріңе, өз айналаңа сүйіспеншіліктен басталады», дейді қанат қағып отырған жаңа жобаның жетекшісі М.Ноғайбаева.
Ал Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Әлия Исаева өз баяндамасында этнографиялық мазмұндағы сауалдама жүргізген студент-еріктілер тобының жұмысы туралы әңгімелесе, Қазақ спорт және туризм академиясының доценті, экскурсия жүргізуші О.Лютерович: «Алматы – мың жылдық тарихы бар қайталанбайтын қала. Мұнда сәулет өнері мен мәдениеттің сан түрлі ғажайып ескерткіштері шоғырланған. Шаһарымыз көз қуандыратын көрікті орындарға өте бай. Алматы ертеден-ақ шетелдік және отандық саяхатшылар үшін туристік орталыққа айналған, енді міне, оның басқа да жаңа мүмкіндіктерінің көкжиегі көрініп келеді», дейді.
Жас өлкетанушылар өз зерттеулерінің қорытындысын көпшілікке жариялай бастады. Мысалы, М.Базарбаев атындағы №138 мектептің 11 сынып оқушысы Дінмұхамед Әлиасқаров өз мектебінің өлкетанушылар клубы арқылы Алматы қаласындағы ғимараттардың тарихы, көше атаулары, сондай-ақ атақты адамдардың өмірбаяны туралы жаңа мәліметтер мен ақпараттарға қанық болғанын айтты. Мектеп бітіргелі отырған жас түлектің айтуынша, мұндай бағыттағы жұмыс адамның бойындағы ізгілік, құрмет сезімін, ең бастысы келешекке сенімін оятпай қоймайды.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ