Бағдарламаның ерекшелігі және тиімділігі – шағын және орта бизнеске несиенің жылына 1 пайызбен берілуінде. Мемлекет басшысының өзі қолдап, мақұлдаған жобаға маңғыстаулықтардың қызығушылығы жоғары. Маңғыстау облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының мәліметінше, облыстағы қалалар мен аудандар әкімдіктеріне кәсіпкерлер тарапынан 2 млрд теңгеден астам қаржыға есептелген 192 өтінім келіп түскен.
Несиені бес жыл мерзімге 1 пайызбен ғана беретін бағдарламада қатысушының жасына немесе өзге де ерекшеліктеріне, сондай-ақ бағыттарға шек қойылмаған. Келіп түскен өтініштердің 35%-ы мал шаруашылығы секторына, 22 пайызы өңдеу және жеңіл өнеркәсібіне, 16 пайызы туризм саласына, 8 пайызы көлік және қойма ісін өркендетуді қолға алуға қатысты болса, өсімдік шаруашылығына қатысты және денсаулық сақтау саласына үлес қосамын деген жобалар әрқайсысы 5 пайызды, қызмет көрсету мен білім беру саласы да әрқайсысы тиісінше 3 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар тамақтану қызметтері 1 пайыз, көтерме және бөлшек сауда 1 пайыз, инвестициялар 0,3 пайызды құраса, өнер, ойын-сауық және демалыс бағытына қатысты өтініш әзірге 0,1 пайызды құрап отыр екен.
– Біз халықтың қоғамдық сана-сезімін жаңғырту үшін шағын және орта бизнесті дамытуға нақты жағдай туғызу міндетін қойдық. Қазіргі уақытта жалпы несие портфелі 2,7 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 900 млн теңге жергілікті бюджеттен, 1,800 млн теңге «Даму» қорынан. Бүгінгі таңда «Қазақстанның Халық банкі» АҚ Маңғыстау облыстық филиалымен 400 млн теңге, «Қазақстанның Халық банкі» АҚ-тың Жаңаөзен өңірлік филиалымен 400 млн теңге және «ForteBank» АҚ-пен 322 млн теңге, «Сбербанк России» АҚ ЕБ-мен 150 млн теңге көлеміндегі сомаға келісім жасалды. Сондай-ақ осы бағдарламаға қатысу үшін «Банк Центр Кредит» АҚ және «Атамекен Микрофинанс» ЖШС өтінімдерін берді, – деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов. Жобаның тұсаукесеріне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев, Маңғыстау облысындағы қалалар мен аудандар әкімдері, кәсіпкерлер мен қоғамдық бірлестіктер мүшелері, екінші деңгейлі банктердің, қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Жалпы, Маңғыстау облысында кәсіпкерлікті жолға қою, кәсібін бастаймын деген жанға қолдау көрсету деңгейі жоғары. Мысалы, өңірде 2018 жылдың қаңтарынан бастап оқушылар арасында кәсіпкерлік негіздерін үйрету, бизнесті жүргізу әдістерін таныстыру мақсатында «Кәсіпкер боламын!» атты қанатқақты жобаның тұсауы кесілді.
Жоба барысында мектеп оқушыларына кәсіпкерлік негіздегі ойын жаттығулар арқылы әлеуметтік-білім беру көзделген. «Кәсіпкер боламын!» жобасы аясында облыстың 12 қанатқақты мектебінде 365 жоғары сынып оқушыларына арналған 14 бизнес-тренер факультативті сабақтар өткізілмек, сондай-ақ бизнес-тренерлер мен олардың студенттері арасында байқау ұйымдастырылып, 150 жеңімпазға халықаралық бизнес-тренерлердің қатысуымен бизнес-лагерь ұйымдастырылады. Жеңімпаздар аймақтың ірі кәсіпкерлері, «Даму» қоры және «Атамекен» ҰКП гранттарына қол жеткізеді.
Бизнесті өркендетуді мектептен, оқушылар арасынан бастаған өңірде «Нұр капитал» бағдарламасына қатысқысы келетін барлық кәсіпкерлер қажетті құжаттарды дайындау және жинаумен айналысатын бизнес-бөлімшелерге өтініш тапсырады. Мұндай бөлімшелер Ақтау және Жаңаөзен қалаларына орналасқан. Барлық қажетті құжаттарын екінші деңгейлі банктерге тапсырған кәсіпкер ол мақұлданған жағдайда банкпен бірлесіп, субсидия алу үшін құжаттарды облыстық үйлестіру кеңесіне жібереді. Аймақтық үйлестіру кеңесі әрбір аудан үшін маңызды деп танылған жобаларды қарастырады.
Ниет білдіргендер арасында мал шаруашылығына өтінімдердің көптігі аталмыш бағыт бойынша бәскелестікті арттыратыны анық. Ал, маңғыстаулықтар үшін өзге де маңызды, креативті жобаларды жолдауға мүмкіндік бар. Әр жобаның артында басталайын деп тұрған бизнес, әр бизнесте бірнеше адамның жаңа жұмыс орны бар екені қуантады. Демек, бұл арқылы жоба өлкедегі жұмыссыздықты азайтуға қол жеткізуді мақсат етеді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы