Әйтсе де сол жоғары оқу орындары мен колледждер студенттерінің жатақханамен қамтылу деңгейі қандай деген сауал қоя қалсаңыз, олардың үні бәсеңдеп, құмығып шықпай қалады. Әрине мұндай сылбырлық пен енжарлық Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасында қойылған міндетпен еш сыйыса алмайды. Бұған қарап өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждердің бәрі бірдей іс тетігін табуда тығырыққа тірелген десек, шындыққа көлеңке түсіріп алармыз.
Бұл бағытта тіпті Президенттің жатақхана жөніндегі тапсырмасы БАҚ беттерінде жарияланбастан бұрын да оны оңтайлы түрде шеше білген білім беру шаңырақтары бар. Солардың бірі, тіпті бірі емес-ау, бірегейі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті деп ашық түрде айта аламыз. Айталық мұнда қазіргі кезде студенттердің жатақханаға деген сұраныстары толықтай өтелу қарсаңында тұр. Мысалы, өткен 2017 жылы тәуелсіздік мерекесі қарсаңында университет студенттері үшін 500 орындық «Студенттер үйі» пайдалануға берілді. Оған қажетті қаражат, яғни табаны күректей бір миллиард теңгеден астам сома өңірлік жоғары оқу орнының өзінің ішкі қаржылық ресурстары есебінен төленген. Бұған қоса алдағы мамыр айында 500 орындық екінші жатақханада күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмақ. Тұтастай алғанда бүгінде университеттің 3 жатақханасында 2000-ға тарта студент тұрады, деді газет тілшісіне Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков.
Алайда аймақтағы аталған істің жай-күйі барлық оқу орындарында бірдей еместігі баршаға аян. Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, облыс аумағындағы 44 колледждің 13-інде мүлдем жатақхана жоқ. Қазіргі қолда бар деректер колледждердің 9000-ға жуық оқушы-студенті сырттан әрі өзге өңірлерден келіп оқитынын көрсетеді. Олардың 2000-ға жуығы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген.
Яғни бұл деректің өзі колледж тәрбиеленушілерінің басым бөлігі жалға алынған пәтерлерде немесе туыстарының үйінде тұратынын аңғартады. Өңірдегі колледждердің белгілі бір бөлігі Ақтөбе қаласы емес, облыстың өзге аумақтарында, сондай-ақ аудан орталықтарында орналасқан. Жатақхана тауқыметі мен қиындығын көріп жүргендер де негізінен ел ішіндегі колледждердің оқушылары екені белгілі болып отыр. Сондықтан да әрбір ата-ана мұнда оқитын ұл-қызының жалдап алған үй жайына өз қалталарынан қосымша қаражат төлеуге мәжбүр. Ақтөбе облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінен алынған деректе осындай көлеңкелі жайттар баяндалған.
Ал Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасында жинақталған мәліметке сүйенсек, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина университетінің студенттерін жатақханамен қамту ісінің жай-күйін де қалыпты деп айту қиын-ақ. Атап айтқанда аталған оқу орнының 436 студенті жатақханадағы бір кереуеттік орынға зәру.
Бұл айтылғандардан шығатын ой-түйін қандай? Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев осы мәселеге байланысты өткізілген кеңесте мәлімдегендей, өңірдегі басқармалар мен білім беру саласының басшылары бұл үшін бірінші кезекте қай жерде, қанша орынға, қандай жатақхана салынуы керектігін алдын ала анықтап алу қажет. Осы іске қатысты облыс әкімдігі тарапынан айтылған арнайы тапсырма да бар екен. Оның берілгеніне бір ай өтіпті. Алайда аталған мемлкеттік мекеме басшыларының асығатын түрі көрінбейді. Істің орнынан жылжуы мен қозғалуы өте баяу.
Мұндай жағдайда өңірде жасалған жобалар салалық министрліктерге уақытында жеткізілмей қалуы әбден мүмкін. Өз кезегінде мұндай өгіз аяңның аяғы айдың, күннің аманында жатақхана құрылыстары үшін бөлінетін қаражаттан қағылып қалу көрінісіне әкеліп тіремесіне кім кепіл? Мұның өзі Президент бастамасында қойылған мүмкіндікті пайдалану мен бос жібермеудің басты жолы екені кәміл.
Тағы бір айтарымыз, Ақтөбе аймағында мемлекет-жекеменшік әріптестігін жүзеге асырудың оң, жарқын мысалдары мол. Бұл жөнінде газетіміздің бетінде айтылып та, жазылып та жүр. Айтайын дегеніміз, жаңа әрі қосымша жатақхана құрылыстарын жобалау кезеңінде тәжірибеде өзін-өзі толығымен ақтаған тиімді тұтқа тетіктерін қозғап көргеннің де артықшылығы жоқ секілді.
Міне, өңірде оқушылар мен студенттерді жатақхана мәселесімен қамту ісінде бүгінгі күні алдан шығып отырған кейбір түйінді тұстар осындай.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ