Әдебиет • 10 Сәуір, 2018

«Сулы қар» емес, «сілбі»...

1466 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақ сөзінің басын жарып, көзін шығарып сөйлей беру көшеде ғана емес, ел қарап отырған экранда да қалыпты жағдайға айналғалы қашан. Әсіресе, ауа райы туралы мәліметтерде айтылатын небір оғаш сөздерді көзіқарақты әріптестеріміз жиі сынап жатады.

«Сулы қар» емес, «сілбі»...

Соның бірі – ауа райын мәлімдеушілер өздері шығарып алған «сулы қар» сөзі. Бұрын әлдебір әдебиеттен оқып, болмаса шәй үстіндегі әңгімеден естімеген екенбіз. Ал біздің құлаққа «сілбі қар», «сілбі жаңбыр», «сілбі жауыпты» деген сөздер баяғыдан сіңісті еді.

Сілбі – түйенің мұрнындағы мұрындығына (бұйдағашына) байланатын жіңішке қайыс немесе жіп. Кей өңірлерде «шеттік» деп атайды. Түйе мұрнындағы жіңішке ағашқа оны жетелеуге арналған жұп-жуан жіп – бұйданы апарып бірден байлай салуға болмайды, қоқиып байланбайды да. Оған сілбі тағып, сол сілбі жіпке бұйда байлайды. Ал сілбі түйенің бұйдасын шешіп жібере салғанда да түйенің мұрындығында бірге кетеді. Ол түйенің ауа кіріп шығатын мұрнында жүргендіктен үнемі суланып, былжырап кейде тіпті сілекейленіп тұрады. Сондықтан «сілбі» сөзі не жаңбыр емес, не қар емес, еріп жауған қарға және суланып жатқан шөпке байланысты да айтылады. Баяғыда бала санамыз «сілбі қар» десе қары молырақ, «сілбі жаңбыр» десе жаңбыры көптеу деп түсінетін едік. Сілбінің уақыты – көктем мен күз айлары еді.

Сілбі түйе ғана емес, өгіздің де мұрнында жүреді. Мұрны тесіліп, шаруаға жегілген өгізді жайылысқа жібергенде тек бас жібін алып, сілбісімен жібере саласыз. Қолыңызда жіп болса өрісте жүрген түйені де, өгізді де ұстап алып сілбісіне жіп тағып мініп кете бересіз.

Енді осы сөздерімізді растайтын бірқатар мысалдар келтіре кетейік. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығынан 2014 жылы жарық көрген Қытайдағы қазақ ақын қыз-келіншектердің «Қоңыраулы үн» атты өлеңдер жинағында ақын Нұрила Қызықанқызының «Жершілін-ай маңғаздың» атты жер аңсап байлауда тұрған жерінен босап кеткен түйе туралы өлеңінде:

Мал өріске беттеді сөгілгенде ала таң,

Жас құрақтар жабыла жайған сынды алақан.

Жұла тартып сілбісін мұрын жырып кетіпті,

Жоқ боп шықты орнында байлап қойған қара атан, – деп жырлайды.

Тағы бір мысал қоссақ, жас та болса қазақ этнографиясымен қағаз бетінде ғана емес, шынайы тұрмыста айналысып жүрген Әріби-Әрібек жазушы Арман Әлменбетке берген сұхбатында өзінің «Қазақ хандығы» фильміне қалай түскенін, режиссер Рүстем Әбдірашпен қалай танысқанын айта келіп: «Рүстем аға бір мезгілде сейфінен бір зат алып шықты да: «Осыны ешкім білмейді, не екенін білесің бе?» деді. Қарасам, бұйдағаш екен. Оны қалай қолданатынын, оған сілбі тағып барып, бұйда жалғайтынын айттым», – дейді.

Ал өгізге байланысты айтылатын түсіндірме сөздік, анықтамалықтарда мұрын тесу жөніндегі түсінікке байланысты айтылыпты. Онда: «Танауын тесу - басбілгі ету үшін түйеге мұрындық, өгізге сілбі өткізуге байланысты тұмсығының шеміршегін (желбезегін) тесу» (Қаз. этнография., 2, 288) делінген.

«Көк шығып қалғанда қардың жаууы, сілбі жауын жер жұмысын өндіртпейтінін Файзырахман Омаров бірден түсініп, күндегідей емес жылдамырақ қамдану керек екенін ұғады». Бұл филология ғылымдарының кандидаты Шындалиева Меңдігүлдің «Оқиғалы очерік» мақаласындағы Әуезовтың очеркін талдауынан үзінді. Екінші мысал. Этнограф-тарихшы, Мұхаметқазы Мұхамадиұлы: «Зият Тарбағатайдағы кезінде әкесінің жазықсыз өліміне қатты қайғырып, «Сілбі» деген дастан жазады. Ал оның бір үзігін кезінде Алтай аймақтық №1 орта мектептің зейнеткер мұғалімі Медіғат Разданұлы хатқа түсірген екен:

Сәлем де көп тобықты қауымына,

Қалды әкем Керегетас бауырында,

Қапыда тағдыр айдап оққа ұшты,

Тұманның сілбі аралас жауынында.

Зияттың өзіндік мұңға толы бұл ұзақ толғауын кезінде ешкім жаттап, не есте сақтап үлгермеген» деп жазады. Осы шумақ шынында Шәкәрім атамыздың жаңбыры қайсы, қары қайсы, мазасыз жауын жауатын тұманды қазан айында қаза болғанын еске салғандай екен. Бұл Оралхан Бөкейдің «Атаукере» романында «...ертеңінде шөп басын сілбі басып, кешегі жаңбыр мұздақтап тастап еді» деп суреттелетін шақ.

Енді шөпке байланысты айтылуы жөнінде бір-екі мысал. Белгілі ақын, филология ғылымдарының кандидаты, аудармашы, ғалым Иманғазы Нұрахметұлы «Сиыр жылы» дейтін зерттеу еңбегінде «ақ сиыр жылы» туралы айта келіп: жаңбыр көп жауатындықтан шөп сусоқты, сілбі болып жұғымсыз келетіні тағы бар» десе, «көк сиыр жылы» туралы: «көктем жақсы болғанымен шөп сілбі, жұғымы аз келеді де, малдың тойынысы аса жақсы болмайды» дейді. Ал «Қазақстан ауыл шаруашылығы» анықтамалығында: «Күздігүні жерге әуелі қар жауса, оның соңынан іле жаңбыр жауса шөп мұздақ болып, сілбі тұрады». (Қазақст. ауыл шаруаш., 1972, №2, 61) делінген.

Міне, бұл күнде қолданыстан шығып қалған (өзіміз шығарып тастаған), орнына жасанды, жансыз «сулы қар» сөзі еніп кеткен «сілбі» сөзінің біз білетін жайы осылай.

Біз атын өзгертіп айтқанмен заты өзгермейді, атауын өзгерткенмен табиғат құбылыстары өзгермейді екен. Міне, кеше ғана Астанаға сілбі жау-
ды. Бұл ұғымнан біз шөптің де сілбіленгенін ұғар едік, шөп малдың да жайынан хабар берер еді. Ал «сулы қар» бізге ондай түсінік беруге, өзгеше мезгіл құбылысын сезіндіруге қауқарсыз. Өйткені ол тамырсыз, жасанды, жансыз, аударма сөз.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»