Жүктелген міндетті жүзеге асыру мақсатында ғалымдар латын графикасының қазақ тіліне лайықталған нұсқасын жасауға кіріскен еді. Нәтижесінде, Президенттің арнайы Жарлығы шығып, 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшетін латын графикасы таңдалып, жетілдірілген нұсқа қабылданды. Елбасының латын таңбасына көшу туралы бастамасын алдымен қолдағандар қатарында Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасы тұр. Басқарма «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» атты жұмыс тобын құрып, аймақ тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген еді.
– Шара барысында Жетісудың жетпістен астам елді мекенінде жұртшылықпен жүздесу ұйымдастырылды. Есептесек, жалпы 12 000 адамның жаңа әліпби туралы толғандырған сауалдарына жауап беріліпті. Яғни жаңа әліпбиді жетісулық әлеумет жаппай қолдайды деп сеніммен айта аламын. Осылайша Елбасы жүктеген міндеттің болашақ үшін жасалған маңызды қадам екенін елге жеткізіп, адамдардың ризашылығына ие болдық, – дейді Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев.
Басқарманың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алған істері жалғыз бұл емес. Әсіресе тіл саясатын жүзеге асыруды әдебиет пен өнерді қолдау арқылы жүзеге асыру бағыты кең қолдауға ие болды. Мысалы, әдебиеттің үш буын өкілінің басын қосатын «Әдебиет – руханияттың діңгегі» атты әдеби шара өте қызықты өтеді. Сол сияқты басқарманың ұйытқы болуымен жарияланған «Мәңгілік елдің мұраты» атты ақындар мүшәйрасы да мәреге жетпекші. Қазақстан Жазушылар одағымен бірлескен тағы бір рухани шара – жас әдебиетшілердің «Жетісу көктемі» атты форумы да қыр астында. Осы шаралардың барлығы да Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жүктеген міндеттердің жемісі.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы