Атқарылған жұмыстар қорытындысы бойынша өңірде 10 жалпыұлттық, 19 жергілікті маңызы бар сакралды нысандардың тізбесі бекітілді. Облыстағы тарихи маңызы зор қасиетті орындар туралы толық ақпараттар облыстық тарихи-өлкетану музейінің сайтында орналасқан «Киелі Қазақстан» виртуалды картасына енгізілді. Ол сонымен қатар әлеуметтік желілер парақшаларына да таратылды.
– Бүгінде Қостанай облысының барлық мемлекеттік музейлерінің қорларын біртіндеп цифрлы жүйеге ауыстыру жүріп жатыр. Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейіне мультимедиялық жабдықтар, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейіне сенсорлық терминал сатып алынды. Оған өңірдің мәдени-тарихи, табиғи мұралары, атақты жерлестеріміз туралы ақпаратты молынан енгізуге мүмкіндік бар, – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Облыста өткен жылы археологиялық ескерткіштерді зерттеу мен жүйелеуге мән беріліп, облыстық бюджет қаражаты есебінен 3 арнайы экспедиция жүргізілді. Соның нәтижесінде Аманкелді ауданындағы – 200, Әулиекөл ауданындағы 51 археологиялық ескерткіш туралы есеп жасалды. Әулиекөл ауданының Белқарағай елді мекенінде қазба мен далалық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Лисаков қаласындағы Жоғарғы Тобыл тарихы мен мәдениетінің музейі 2 өлкетанушылық ғылыми-жинақтау экспедициясын ұйымдастырды.
Өткен жылы Қостанай облысында тек қостанайлықтарды ғана емес, жалпы республика жұртшылығын елең еткізген екі оқиға болды. Қостанай қаласында батыр, мәмілегер Шақшақ Жәнібекке орнатылған ескерткіш және Торғай өңірінде Кейкі батырдың бас сүйегін қастерлеп туған жер қойнына тапсыру рәсімі және қазақ халқының рухани бәйтерегінің бірі Ыбырай Алтынсариннің кесенесін қайта жаңғырту ұлттық рухты көтерген шаралар болды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ