Онда «Тәуелсіздік жылдарында сот жүйесі едәуір жетістіктерге қол жеткізді. Қажетті заңнамалық база бар. Елбасы әрдайым қолдау көрсетуде.
Бір сөзбен айтқанда, атқарылған жұмыс аз емес. Ендігі міндет – оны бірге жалғастыру. Ең алдымен ашық пікір алмасуды ұсынамын. Әрқайсыңыздың ойыңызда жүрген өзекті мәселені білу мен үшін маңызды. Әзірше ұсақ-түйекке уақыт жоғалтпай, сот жүйесі үшін ірі проблемаларды көтерейік. Кез келген әріптес өз ұсыныс-пікірін маған тікелей білдіре алады», деп жазған болатын.
Одан кейін 28 желтоқсанда екінші рет еліміздің адвокаттары мен прокурорларына өз сөзін арнады.
Жазбасында Жоғарғы сот Төрағасы соттардың, судьялардың, процеске қатысушылардың жұмысын жақсарту үшін заңгерлерді, жалпы жұртшылықты ашық пікірлесу алаңына шақырды.
Ашық пікірлесу алаңы көпшіліктің көңіл төрінен орын алды десек болады. Тың ұсыныс-пікірлер оқырмандардан, заңгерлерден, адвокаттардан, прокурорлардан көп түсті. Оларды саралап, талқылай келе, Жоғарғы сот жаңа даму тұжырымдамасын жасау барысында пайдаланғанынан хабардармыз.
Бүгін Жоғарғы соттың сайтынан Жақып Асановтың сотсыз татуласу туралы келелі пікірлерін мен ұтымды ұсыныстарын оқып, еліміздің бас газетінің оқырмандарына жеткізуге асықтық. Онда былай делінген:
«Құрметті оқырмандар!
«Ел даусыз болмас» дейді халық мақалы. Даулар – кез келген қоғамға тән құбылыс.
Бірақ сол дау-жанжалды реттеу мәдениетіміз қандай?
Бізде дауды тек сот шешеді деген көзқарас санамызда қатып қалған. Сәл дау туса, дереу сотқа жүгіреміз. Екі арадағы мәселені сот аренасына шығарып, шешкіміз келеді.
Ал даудың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Сот екіжақты бірдей қанағаттандыра алмайды. Оның үстіне істің ақ-қарасын айыруға келмейтін жағдайлар бар. Мысалы, отбасындағы, ағайын-бауыр, достар, көршілер арасындағы таласты сот таразысына салу қаншалықты дұрыс?
Сіз сотқа арыз бердіңіз делік. Әрі қарай не болмақ?
Біріншіден, істің қаралуы созылып кетуі мүмкін. Іске нүкте қойылғанша, әдетте, бір емес, бірнеше сот отырысы өтеді. Шағымдар облыстық, тіпті Жоғарғы сотқа жолданып жатады. Қайта-қайта жұмыстан сұранып, кәсіпті тоқтатып, жеке тірлікті ысырып қоюға тура келеді.
Екіншіден, үлкен шығын. Мемлекеттік баж төлейсіз, сот шығынын өтейсіз, заңгер жалдайсыз, жолға шашыласыз.
Үшіншіден. Осыншама кезеңдерден өтсеңіз де дау сіздің пайдаңызға шешілетініне еш кепілдік жоқ.
Керісінше, екінші тарап – туысыңыз, досыңыз, қызметтесіңіз болса, екі арадағы қатынасқа, сыйластыққа, әріптестікке нұқсан келеді. Неге десеңіз, сот – дау алаңы. Сол себептен кешегі туыстар – бүгінгі жау, кешегі достар бүгінгі қасқа айналуы әбден мүмкін.
Сотқа жүгінбестен бұрын ақылға салып ойланған жөн. Сіз немесе сотқа жүгінемін деген танысыңыз эмоцияға берілген жоқ па? Ашуды ақылға жеңдіріп, өзара келісімге келіп, шешуге болар еді ғой деп көбісі кейіннен өкініп жатады.
Ең дұрысы – татуласу, келісу, бітімге, бір мәмілеге келу. Одан екі жақ та ұтады. Уақыт жоғалмайды. Ақша үнемделеді. Қатынас үзілмейді. Жүйке мен абырой-бедел сақталады.
Ата-бабаларымыз дауды бейбіт жолмен шешіп отырған. Дамыған елдерде де солай – даулардың 70-90% сотсыз, бітіммен аяқталып жатады.
Бізде болса даулардың көптігінен судьялардың жүктемесі жылдан-жылға артуда. 2013 жылы соттарда 1,25 млн іс қаралса, 2017 жылы – 2,6 млн, яғни екі еседен асқан.
Бұл жағдай соттардың жұмыс сапасына, істерді қарау мерзіміне әсерін тигізуде. Әр судьяның өндірісінде бір мезетте 100-ден астам азаматтық іс пен материалдар. Істерге көмілген судьядан қандай сапа, қандай нәтиже күтуге болады.
Қазір әрбір азаматқа сотқа дейін де, соттың өзінде де татуласуы үшін жан-жақты жағдай жасап жатырмыз.
1. Сотқа дейінгі татуласу бойынша.
Республикалық Кәсіподақтар федерациясы және Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірге өңірлерде Сотсыз татуласу орталықтарын құрудамыз. Онда кәсіби медиаторлар және басқа да мамандар жұмыс істеуде.
Олардың міндеті – келіссөз жүргізу, екі жаққа қолайлы, көңілге қонымды шешім іздеу және ұсыну. Татуласудың басты артықшылығы – ол тек дауды реттеп қана қоймай, сонымен бірге қарым-қатынасты сақтап, қалпына келтіреді. Тараптар өз еркімен, саналы түрде ортақ келісімге келеді. Медиаторды әрбір адам өзі таңдаған соң жемқорлыққа да жол берілмейді.
2. Сотта татуласу бойынша.
Екі жақ та қаласа, сот татуласу процесін бастау үшін істің қаралуын кез келген сатыда тоқтата алады.
Аталған мәселеге қатысты сұрақтарды жергілікті соттар түсіндіріп, жол көрсетуге міндетті.
Татуласу – дауды шешудің ең тиімді әдісі».
Иә, ренжіскенді татуластыру, кетіскенді бітістіру біздің дәстүрімізде бар әдет. Сол ата-бабадан мирас болған ұлттық құндылықты жаңғыртсақ керек қой.
Ойланайық, ағайын!
Нұрлан ҚАЛҚА,
журналист
АСТАНА