Әдебиет • 15 Сәуір, 2018

Жазушылар одағының төрағасы Астанадағы қаламгерлермен кездесті

722 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдəулет пен төрағаның бірінші орынбасары Ақберен Елгезек Астана қаласында тұратын ақын-жазушылармен кездесу жиынын өткізді.

Жазушылар одағының төрағасы Астанадағы қаламгерлермен кездесті

Жақында ғана сайланған төраға Астанадағы ақын-жазушылармен амандаса келгенін айтып, алдағы жұмыс жоспарлары туралы әңгімеледі. Онда биыл басталып жатқан Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында екі елдің әдеби шығармашылық байланысын тереңдетіп, сапалы аударма арқылы кітаптар шығару қолға алынып жатқанын, жалпы, Қазақстан жазушыларының шығармаларын шетелде насихаттауда біршама жоба әзірлеп, тиісті мекемелерге ұсынып, олардан қолдау тауып отырғанын айтты.

Сонымен бірге Жазушылар одағының қарамағындағы баяғы «шығармашылық үйін» қайта жандандырып, оны осы ұйымға мүше кез келген қаламгер жеңілдетілген тәртіппен пайдалануына мүмкіндік жасалғанын хабарлады. Яғни, қонақ үй үш уақытқы тамағы ішінде жоғары сападағы қызметі үшін қаламгерлерден күніне бес мың теңге көлемінде ғана төлем алады. Сондай-ақ еңбек демалысына шыққан қарт қаламгерлер үшін де емдеу-демалыс орындарынан жеңілдіктер қарастырылған екен. Ал, жақында 20-дан астам жаңа мүше қабылдап, өңірдегі бөлімшелеріне жас ақын-жазушылардан директор сайлап жатқанын одақты «жасартып», жұмысын жандандыру үшін істеліп жатқан жұмыс деп атады.

«Өңірлердегі бұрынғы аға буын өкілдері өздері де «жастар жұмыс істесе» деп ұсыныс жасады. Сөйтіп Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облысындағы филиалына ақын Серік Ақсұңқарұлының орнына жазушы Серік Сағынтайұлын, Алматы облысындағы филиалына жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының орнына  ақын Ерлан Жүністі, Жамбыл облысы филиалында басшы болған жазушы Несіпбек Дәутайұлының орнына ақын Хамит Есаманды директор етіп сайладық.  Енді осы Астанадағы филиалының жұмысын атқарып келген ақын Несіпбек Айтұлының орнына әдебиет саласы бойынша жақсы жобалар жүргізіп жүрген, ақын Бауыржан Қарағызұлын сайласақ деп отырмыз», деді Ұлықбек Есдәулет. Төрағаның ұсынысын жиынға қатысып отырған Қазақстан Жазушылар одағы мүшелері толық қолдап бір ауыздан дауыс берді. Сөйтіп, Бауыржан Қарағызұлы Қазақстан Жазушылар одағының астанадағы бөлімшесінің директоры болып сайланды.

Жиынға 50-ге жуық қаламгер қатысып, біразы өз ұсыныс-пікірлерін де ортаға салды.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»