Аймақтар • 17 Сәуір, 2018

Қарағанды көшелерін «көше атауын өзгерту» елесі кезіп жүр

1224 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ке­зін­­де, атағы алысқа кеткен тас кө­­мірінің арқасында қанатын кең­ге жайып, «Одақтың үшінші кө­­мір бассейні» есебінде өзгелерге тө­­беден қараған қала еді бұл. Қа­ра­гөзі аз болған соң, билеп-төс­­­теп келгендердің түкіргені түй­­­ме ал­тын, қақырғаны құйма ал­­­тын бол­ғаны да рас-тын. Содан да бо­лар, елдігімізге сын болса да, ұлт­тық мүдде тұрғысында есеміз жиі кетіп жүретін...

Қарағанды көшелерін «көше атауын өзгерту» елесі кезіп жүр

Әлихан рухы әлі оралады

Құдайға тәубе, есімізді енді жиып, жоғым қайда деп қарманып жатқан жайымыз бар. Дегенмен, жас күнінде таяқты талай жеген баладай бойымызда жасқаншақтықтың синдромы сақ­та­лып қалғандай болады да тұрады. Ұлт­тық мүдде дегенде анда-санда ақы­рып теңдік сұрағандай айғай салып қоя­тын қоғам белсенділері, ұлтшыл аза­маттар болмаса, басқамыз әлі де бол­са басқа ұрған танадай мең-зең күйде жүр­гендейміз. Тәуелсіздіктің таңы ат­қалы ши­рек ғасыр болса да, сонау отарлау за­манынан басталып, күні кеше­гі кеңес кезеңін түгел қамтыған то­ң­ның көбесі әлі сөгіле қоймаған екен. Оған Қа­ра­ғандының құлаққа түрпідей тие­тін кө­ше атауларын қазақыландыру, бү­гінгі мемлекеттік идеологияға сай етіп қайта атау саясатына өре түрегеліп, қар­сы болған «ағайындарды» көргенде, көзі­міз анық жете түсті.

Әкімдерді де түсінуге болады. Елба­сы­ның «Бұл мәселеде тізеге салуға бол­май­ды, мұны байыппен қарап, ақылмен ше­шіңдер» деген тапсырмасы бар. Өзі де өткірдің жүзіндей қылпылдап тұрған мәселе болған соң, атқамінерлер көбіне бұл түйткілді орағытып өтуге ты­ры­са­ты­­ны рас. Өйтпегенде ше, елдің бір­лігі мен тұтастығы сынға түскен мына за­ман­да жеті рет өлшеп, бір рет кес­пе­сең тағы болмайды...

Осыдан біраз бұрын ел алдында есеп берген облыс әкімі Ерлан Қошанов­тың да алдынан «Октябрь ауданына Әли­хан Бөкейханның есімі қашан бе­рі­леді?» деген сұрақ кесе-көлденең шық­қан болатын. Сірә, өңір басшысы мұн­дай сұрақтың қойылатынын алдын ала білсе керек, шаршы топтың ал­дын­да мүдірмеді. Ұтымды жауап беріп, тығырықтан абыроймен шық­қан. «Әлихан Бөкейхановтың ке­зін­де «Қазақ» газетіне «Халқына қал­т­­қы­сыз қызмет еткен, еңбегі сің­ген тұл­­ғаның есімі қағазда емес, жү­рек түк­­­пірінде сақталуы тиіс», деп жаз­ға­­­нын оқығаным бар еді. Олай болса, Әлихан Бөкейхановтың есімі біздің жү­ре­гіміздің түбінде сақтаулы, ал жү­рек­тің түкпіріндегі нәрсе қағазға түбінде түседі», деген болатын облыс әкімі.

Солайы солай-ау. Дегенмен, бұл мә­се­ленің ерте ме, кеш пе алдымыздан әлі талай андағайлап шығарын әкім де, әлеумет те жақсы біледі деген ой­дамыз. Олай болса, жасампаз бір­лі­гі­мізге иненің жасуындай кі­нә­рат кел­тірмейтін жолды табу қа­жет­тілігі туын­дап тұр. Оның қан­дай болмағы уақыт­тың еншісінде. Тек, сол жолдың діт­теген мақсатқа «Келісім» деген кө­шемен жүріп барып жеткізгені біздер үшін үлкен олжа болар еді.

16 көшенің жыры

Таяуда кеншілер астанасында қа­ла­дағы 16 көшенің атауын өзгер­ту жөнінде қоғамдық тыңдау ұйым­дас­ты­рыл­ды. Бұл шараның өтуіне Қара­ғанды қа­лалық қоғамдық кеңестің мүшелері мен депутаттар, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйытқы болды.

Бұл жолы талқылау өткен зал ұлтжанды аза­маттарға, қоғам бел­сенділеріне то­лы болды. Олардың екпіні де тау құлатарлықтай еді. Қарсы топтың – қаланың қалтарыстағы көше­ле­рінің ес­кі-құсқы атауларын қыз­ғыш­тай қор­ғап жүргендердің де қарасы біршама болып шықты.

Талқыға түскен 16 көшенің алтауы Қазыбек би ауданына, 10-ы Октябрь ауданына тиесілі. Естіген құлақта жазық жоқ, бұл көшелердің атауы «Апама жез­дем сай» демекші, бірінен-бірі өтеді: 3-я Кочегарка, Насыпная, Отвальная, Па­ро­возная, Пахотная, Батарейная, Болотная, Коминтерн, Мануфактурная, Пионерская, Рабкоровская, Совхозная, Социалистическая, Торпедная, Портов­ская, Пикетная... сияқты болып жалғаса береді.

Айтып айтпай не керек, күні өткен, тозығы жеткен дәл осындай атау­ларды өңеші жыртылғанша ай­ғай­­­лап, қор­ғаш­тағандар табылды. Қа­рап тұрсаң, бұ­лар өздеріне шаң жуытпайды. «Қала­да бұдан басқа проблема құрып қа­лып па?», «Ақшаны желге шашып керегі не?», деп алып, ескі атаулардың өзгеруіне табандап тұрып қарсы болды. Рас, бүгінде бізде бүтінделу кезегін күтіп тұрған кем-кетік көп. Халықтың ақшасы болған соң, бюджеттің әрбір тиыны да есепте тұруы керек. Әлбетте, бұл уәждермен келіспеске болмас. Тек, мәселе осыған ғана тіреліп тұр ма?

Қоғам белсенділері Айтқожа Фазыл, Жексен Әбдірахманов бастаған қарсы тараптың да уәжі бұлтартпас дәлелге толы болды. Сау адамның ащы күлкісін кел­тіретін, келмеске кеткен кеңес зама­ны­ның шашбауын көтерген атаулардың кү­ні өткенін, оның орнын ел мен жер­ді қасық қаны қалғанша қор­ғаған ба­тыр­лардың, атақты ақын-жазу­шы­лар мен ғарышкерлердің есімдері ба­су керектігін жеріне жеткізе айтты. Мысалы, Айтқожа Фазыл өзінің қа­шанда шындықты бетке айтатын мінезіне салып былай деді: «Әр дәуір­дің, әр халықтың өз батыры болады. Мәсе­лен, большевик­тер билікке келген­де, екі жыл ішінде бүкіл Ресейдегі атау­ларды өзгертті. 90-жылдары демо­крат­тардың қолы билікке тигенде, бір ға­на Мәскеуде 600 көшенің атауын ауыст­ырып тастады. Жалпы, мен биліктің мұнысын түсінбеймін: көше атауларын өзгертуді неге өркениетті елдердегідей жоғарыдан бұйрық арқылы іске асырмайды. Қоғамдық талқылау дегеннің өзі – халықты қазақ және орыстілділер деп екіге бөлу. Республиканың аты «Қазақстан» болғаннан кейін аудан, көше және өзге нысандардың атаулары түгелдей Қазақстанға сәйкес келуі керек».

Шатохина шындықты айтты

Жалпы, көше және елді мекен атау­ларын өзгерткенде, белгілі бір іс-қимыл тәртібіне бағынуға тура келе­ді. Бірінші кезекте міндетті түрде тұр­ғындардың қатысуымен қоғамдық тың­дау өткізілуі тиіс. Одан кейін жергілікті мәс­лихаттың депутаттары тиісті ше­шім қа­былдайды. Бұл біткен соң, мате­ри­алдың бәрі құжаттар жиынтығын даярлау үшін облыстық тілдерді дамы­ту басқармасына жөнелтіледі. Ал ақыр­ғы шешімді республикалық оно­мас­­тикалық комиссия айтады.

Таяу арада Қарағандыдағы «Күн­гей», «Панель-орталық» және «Оазис» си­яқты жаңа шағын аудандар жаңа атау­ларға ие болмақ. Былтыр респуб­ли­калық ономастикалық комиссия қа­ра­­ғандылықтардың ұсынысын қарап, «Тау­гүл», «Күнгей» және «Шапағат» атау­ларын мақұлдаған болатын. Сәтін сал­са, енді «Панель-орталық» мемле­кет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтің есімін иеленеді. «Таугүл» ша­­ғын ауданындағы бірінші көше бел­гі­­лі ғалым Жантөре Әбішевтің есімімен ата­латын болады. Ал Қарағандының №41 орта мектебіне Ахмет Байтұрс­ы­нов­тың аты берілмекші.

Осы жерде Қарағанды қаласындағы Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна Шатохинаның мына пікіріне құлақ түр­генді жөн көрдік. «Менің принципті по­­зициям – өзгертуден қорқудың қажеті жоқ, – деді аудан басшысы. – Көп­те­ген ұйымдардың, басқа да сандаған бағыт­тар­дың атаулары өзгеріп жатыр, олар жаңа тыныс алып, жаңа өмірді бастады. Қазір біздің орыстілді тұрғындар бұл өзгертулерден қорқады. Қорқудың қажеті жоқ, біз Қазақстанда тұра­мыз. Біз бұл өлкенің тарихын, Отаны­мыздың тарихын білуіміз керек. Қа­рап тұрсаңыз, қазір бұл өзгертулер ке­­ңес уақытындағыдай жоғарыдан кел­ген нұсқаумен шешіліп жатқан жоқ. Тұрғындар шақырылып, жария тыңдалымдар өтіп, яғни бәрі де демо­кратиялық жолмен шешілуде. Өзім­нің жеке пікірімді айтқым келеді – Насып­ная, Болотная деген көшелерде қалай тұ­руға болады? Әрине, үйреншікті емес, дегенмен уақыт алға жылжып ба­рады және біз тарихымызды білуіміз ке­рек. Атауларды өзгерткеннен мен тек қана позитивті факторды көремін».

Әлбетте, бұған біздің алып-қоса­рымыз жоқ. Ал облыстық ономас­ти­ка­лық комиссияның 1993 жылдан бер­гі мүшесі, ардагер журналист Аман Жан­ғожин ортаға салған мына пікірдің де өмір сүруге құқы бар деп ойлаймыз: «Жаңа заман болған соң көше атаулары да жаңаша болғанын қалаймыз. Бі­рақ осылай екен деп атауларды жап­пай өзгерту мәдениеттілікке жатпайды. Тіпті тарихқа қиянат дер едім. Мы­салы, өткен дәуірдің ескерткіші сияқ­ты болып қалған «3-я кочегарка», «Со­циа­листическая», «Коминтерн» сияқ­ты атаулар тұра берсе де жарар еді. Өйт­кені қазіргі жастар арасында осы сөз­дердің мағынасын білмейтін ұрпақ өсіп келе жатыр. «Маркс, Энгельс деген екі кісі екен ғой», деген анекдот шық­қан кезінде. Бұл көшелерге жаңа атау береміз деген жергілікті атқарушы орган­дардың іс-қимылы да жел диір­мен­мен айқасқан Дон Кихотты еске түсі­р­еді. Аталған 16 көшенің барлығы да қаланың ескі бөлігінде: ескірген көше, кетеуі кеткен үйлер. Енді бес-алты жылдан кейін ол жақта ешкім тұрмайтын болады. Қарағандының ерекшелігі сол, «Ескі қаланың» астынан баяғы екпінді бесжылдықтар кезінде мыңдаған тонна көмір үңгілеп алынып, жыл­дар өткеннен соң үсті отырады. Қа­зір шаһардың ескі бөлігінде көл­шік­тер мен ойпаңдар қалды... Сондық­тан тілдерді дамыту басқармасы мен оно­мастикалық комиссия қаланың орта­лық бөліктерінде орналасқан немесе жаңа­дан бой көтеріп жатқан шағын аудан­дардың көшелері мен алаңдарына заман талабына сай атау беру бағытын ұстанып отыр. Көше атауы да тәрбие құралы болуы тиіс».

«Таң атпайын десе де, күн қоймайды»

Мемлекет басшысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үн­деуінде «Қазақстан – біздің ортақ үйі­міз» деген идея жаңа мағынамен толы­ға түсуге тиіс», дегенді айтты. Мұны елі­мізде тату-тәтті тұратын талай ұлт пен ұлыстың баласы мемлекеттің тұт­қа­сы болып табылатын қазақ хал­қына, оның арман-тілектеріне де құр­метпен қа­рау деп түсінсе, мән-мағынасы тіпті де байи түсер еді-ау.

Иә, «Таң атпайын десе де, күн қой­майды» демекші, бүгін болмаса, ер­тең тарихи әділет салтанат құрып, Әли­ханның есімі де төрге шығар. Ел ардақ тұтқан басқа да игі жақсы­л­а­ры­­­мыздың аты-жөні біз тілеген биік­тер­­­ден орын табар. Тек, бұл істе өгіз­ді өл­тірмей, арбаны сындырмай алып шы­­ғар жол керек. Дәу де болса, оның аты – сабырдың саясаты болар. Деген­мен, ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезов­тің мына бір сөзін есте ұстаған абзал. «Шы­дамдылық, төзімділік керек-ақ. Бі­­рақ өмір қысқа ғой», деген екен зама­ны­мыздың заңғар жазушысы.

ҚАЙРАТ ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ