Өткен жылдың 15 желтоқсанында «ҚазМақта» АҚ-қа мақта шикізатын өткізіп, қаржысын ала алмай жүрген бір топ шаруа Мақтаарал ауданы әкімдігіне арызданған болатын. Кейіннен әкімдік өкілдері корпорацияның директорына көтерілген мәселені шешу туралы хат жолдаған. Алайда «ҚазМақта» басшылығы қаржы мәселесі шешілмей жатқандығы жөнінде ауызша хабар беріп, ақшаны төлемеген-ді. Осыдан кейін шаруалар ағымдағы жылдың ақпанында аудандық ішкі істер басқармасына арызданды. Артынша корпорацияға қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлімінің 2-тармағы бойынша іс қозғалып, жедел тергеу шаралары жүргізілді.
Даулы мәселеге облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров араласып, жағдайды өз бақылауына алған. Осылайша қолға алынған тиісті шаралардың арқасында 15 ақпанда шаруалардың 60 млн теңгесі төленсе, 21 наурыз күні 150 млн теңге қаржы қайтарылды. Қалған 44 шаруаның ақшасы 5 сәуір күні толығымен өтеліпті. Өз кезегінде мақталы өңірдің шаруалары мәселенің шешілуіне тікелей ықпал еткен облыс әкімі мен аймақ прокурорына ризашылықтарын айтуда.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»