Аймақтар • 17 Сәуір, 2018

Маңғыстауда қазақ күресінен Төлеген Айбергеновты еске алуға арналған ашық турнир басталды

459 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы, Дәулет ауылында қазақ күресінен 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдер арасында ақиық ақын Төлеген Айбергеновты еске алуға арналған республикалық ашық турнир өтті.  

Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған турнирге Оңтүстік Қазақстан облысы, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау өңірі және Астана қаласынан 6 команда қатысып, барлығы 9 салмақ дәрежесі бойынша 220 спортшы чемпиондық атаққа таласты.

Ашық турнир «Байтақ мекенім» қоғамдық қоры және Мұнайлы ауданы «Дәулет ауылы балалар және жасөспірімдер спорт мектебі» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өтті.

Турнирді ұйымдастырушының бірі, қазақ күресінен бапкер Қайрат Иманғазиевтың айтуынша, жарыстың мақсаты - ақиық ақын Төлеген Айбергеновты еске алу, жасөспірімдер арасында қазақ күресін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, спортшылардың шеберлігін арттырып, үздіктерді анықтау болып табылады.  

- Турнирге қатысушылар жақсы дайындықпен келген. Олардың арасында болашағынан зор үміт күттіретіндер көп. Әсіресе Сыр өңірінің спортшылары көрсеткен өнерге тәнті болдық. Төрешілер әділ бағаларын берді деп ойлаймын. Спортшылар немесе бапкерлер арасында өзара түсініспеушіліктер туындаған жоқ. Алда түрлі жарыстар күтіп тұр, көп ұзамай соларға дайындықты бастаймыз. Жалпы біздің облыста қазақ күресі бұрыннан жақсы дамыған, болашақта Азия және Әлем біріншіліктерінде топ жаратындар ауылдан шығады деп сенемін және болашақ чемпиондарды дайындауда жұмыстана береміз», - деді ол.

Турнирде барлығы 36 медаль сарапқа салынды, оның 9 алтын, 9 күміс және 18 қола. Сондай-ақ, жеңіс тұғырынан көрінген әрбір спортшыға жеке Кубоктан табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль, кубокпен марапатталды. Айта кету керек, жарысқа қатысушылар тарапынан республика көлемінде тұңғыш рет Маңғыстаудан бастау алған қазақ күресінен ақиық ақын Төлеген Айбергеновты еске алу турнирін жылда өткізіп тұру ұсынылды. Өз кезегінде «Байтақ мекенім» қоғамдық қоры бұл бастаманы барынша қолдайтынын жеткізді.     

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»