Бүгінгі таңда діни экстремизм мен терроризм бүкіл әлемнің саяси, әлеуметтік, экономикалық және рухани жағдайына ықпал етіп отырғаны рас. Еліміздегі түзету мекемелерінде де осындай қылмысқа қатысы бар 800-ге жуық адам жазасын өтеуде. Олардың барлығы – ислам дінін желеу етіп, жат ағымның жолына түскендер. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды.
Бірақ, бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз. Сондықтан, әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйесінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұмысының бір бөлігі» деген болатын. «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» және «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға» арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында өткен семинар-тренингте діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда үкіметтік емес ұйымдардың рөлі зор екені басты назарға алынды.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Еркін Оңғарбаев дінді деструктивті мақсатта пайдалануды мақсат еткен кез-келген әрекеті болдырмау үшін барлық шараларды қолдану керек екенін айта келіп, комитет жұмысы экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша кешенді шараларды жетілдіруге, сондай-ақ барлық діни қызмет субъектілерінің діни қызмет саласындағы заңнаманы сақтауын қамтамасыз етуге бағытталатынын жеткізді. Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының арнайы құқықтық тәртіп кафедрасының меңгерушісі Назарбек Жемпиісов терроризмге қарсы әрекет етудің жаңа механизмдері туралы мәлімдеме жасады.
Ал Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының сарапшы-психологы Лола Шакимова радикалды көзқарастағы адамдар санасына ұтымды әсер ету процесінде коммуникативтік технологияларды қолдануға бағытталған тренинг өткізді. Экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы ақпараттық түсіндіру жұмысының маңыздылығына тоқталған «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ директорының орынбасары Айбек Аташев аймақтардағы ағарту жұмысын тіпті де жандандыру керек екендігіне назар аударды. Сондай-ақ Айбек Аташев түзеу мекемелерінен шыққандарды жұмыспен қамтып, оларды еңбекпен түбегейлі оңалтуды қолға алу керектігін айтты.
2013 жылдан бастап елімізде діни экстремизм мен терроризм идеологиясын таратудың себептері мен жағдайларын жою және атаулы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде 202 комиссия жұмыс істейді. Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары профилактика және мақсатты реабилитациялау сияқты негізгі екі бағытта жүргізіліп келеді.
Майгүл СҰЛТАН,
«Егемен Қазақстан»