Роман өте сәтті шығып, ағылшын тілді әдебиетке арналған беделді Букер сыйлығының 2017 жылғы лауреаты атанды. Кей оқырмандар бұл шығарманы тарихи тақырыпқа арналған деп ойлауы мүмкін. Бұл жаңсақтық болар еді. Бірақ автор идеясы тарихи эпизодтан туған. 1862 жылдың ақпанында азаматтық соғыстың жүріп жатқанына бір жыл болғанда АҚШ президенті Авраам Линкольннің ұлы Уилли ойда жоқта сүзек ауруынан көз жұмады. Президенттің қайғыдан қабырғасы қайысқан шақ. Ұлын жер қойнына тапсырғаннан кейін Линкольн баласының қабіріне келіп, ұзақ уақыт сырласатын әдет табады. Әкенің осы уақытта шеккен ой азабын Сондерс оқырманға жеткізуге тырысқан. Дегенмен бұл роман тарихи тақырыптағы шығарма емес. Постмодернистік, абсурдтық, сюрреалистік туынды десек дұрыс болар еді. Өйткені оқиғаның бәрі қабірдің басында, дүниеден озған жандардың рухы мекендейтін жерде (бардода) өтеді. (Бардо – мұсылмандардың барзах әлемі ұғымына жақын – аудармашы). Уилли де бардоға түседі. Оның айналасындағы кейіпкерлер: өмірін жақсылық істеумен өткізді дейтін шіркеу қызметкері, үстіне ауыр тақтай құлаған баспаханашы, өзіне қол салған күнәһар және жазушы әртүрлі деңгейде суреттеген ондаған рух бар. Алғашқы үшеуі Уиллиге бір көзқараспен қарайды – оған көмектескілері келеді. Жындарды қуып, Уилли әкесі келгенде ұзағырақ сырласқандарын қалайды. Олар бардо мен шын өмірдің арасында байланыс барына сенеді.
Сондерстің қиялы өте бай. Өлімнен кейінгі метафизиканы қатты суреттемей, оның феноменологиясына терең үңіледі. Оның кітабынан өлімнен кейін сені не күтіп тұрғанын елестетіп көресің. Оның кейіпкерлері адам қалпында қалған, мына өмірдегі істеріне қандай жаза кесілгеніне алаңдап, әртүрлі сезімдерді кешеді. Сондерстің көп кейіпкерлері мына өмірден зорлық көріп өткендер. Олар қайта тіріліп, азаптаушылардан кегін алғысы келеді. Кейбіреу өмірде көп қайғы көрмей, армандарына жетпей кеткендер. Олар өмірді дұрыс пайдаланбағандарына өкінеді. Уилли Линкольн – сондай адам. Бардо будда дініндегі ұғым болғанымен, романда христиан дінінен алған элементтер көп.
Романда шекспирлік шу мен қаһар бар. Бардо тұрғындары біріне-бірі әлденені дәлелдеп, дауласып жатады. Әркім өзінің түкке тұрмайтын өмірін үлгі етіп көрсеткілері келеді. Олар үшін өмірдің де мәні жоқ.
Кітап кейіпкерлердің репликаларына сүйенген. Пьесадағы секілді. Шын өмірдің кезеңдері, азаматтық соғыс кезіндегі жағдайлар қабір басындағы диалогтарға сыйған. Оған сенуге бола ма? Иә деп те, жоқ деп те жауап беруге болады. Бұл постмодернистік көзқарастарға тән әдіс. Бір жағынан диалогтар біркелкі.
«Бардодағы Линкольн» – эксперимантальды роман, АҚШ президентінің жан азабын жеткізуге тырысады. Екінші жағынан шексіз фантазияның галльюцинаторы. Шартты түрде жанрын «интеллектуалды визионерлік тарихи фантастика» деуге болады. Сондерс weird fiction-ның шебері. Дегенмен Букер сияқты консервативті сыйлықты эксперименттік романға бергені бізге қызық көрінді.
Сергей Сиротин
Аударған
Білім Арықбай