Атырауда Қызылқоға деген аудан бар. Облыс орталығынан 400 шақырымдай қашықта орналасқан ауданның Сағыз бен Мұқыр ауылдарынан басқаларына не пойыз бармайды, не тікелей салынған автокөлік жолы жоқ. Аудан орталығы –Миялы ауылына бет алған жүргіншілер Мақат не, Индер аудандары арқылы қиялай жүретін жолмен жетеді. Қалай айтқанда да, Қызылқоғаға жетудің машақатын көлікпен барған адам ғана біледі. Ойқы-шойқы жолы өз алдына, бұл аудан тұрғындары табиғи газдың қызығына қол жеткізуді армандағалы қашан.
Бұрнағы жылы ауданға табиғи газ желісін тарту мәселесі қозғалып, облыс әкімі Б. Рысқалиевтың айтуынша, бұл мақсатқа бюджеттен 31 миллиард теңге жарату қарастырылыпты. Осынау қомақты қаржы бөлінген жоба шеңберіндегі табиғи газ желісімен жететін “көгілдір отынның” алғашқы алауы жақында Қаракөл ауылында жағылды. Осы салтанатта облыс әкімі Б. Рысқалиев қызылқоғалықтарды көптен күткен қуанышымен құттықтап, былай деді:
–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайынғы жолдауларында халықтың тұрмысын жақсарту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Міне, Елбасының осы тапсырмасын орындау мақсатындағы жүйелі жұмысымыздың бір парасы ретінде Қызылқоға ауданына табиғи газ желісін тартуды қолға алдық. Жақын күндері табиғи газ алауы 16 елді мекенде жағылып, аудан жұртшылығы “көгілдір отынды” пайдалана бастайды. Сонымен бірге, 114 шақырымдық Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз бағытындағы жолды күрделі жөндеуден өткізуге 16 миллиард теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл бағыттағы жолды жөндеудің бастапқы жұмыстары басталды. Осы жұмыстардың барлығы Елбасының қамқорлығымен қолға алынуда.
Қаракөл– бір кездегі ірі кеңшардың, енді Жамбыл округінің орталығы. Қазір мұнда 321 отбасында 2000-дай адам тұрады. Округ әкімі Қанат Хайруллиннің айтуынша, ауылда жастар жағы көп тұрақтамайды. Себебі сан алуан. Алдымен, ауылда көңілге қонымды жалақы төлейтін жұмыс беруші жоқ. Шаруа қожалықтары болғанмен, олардың жалақысына жастар жағы қанағаттанбайды. Ауылдағы тезек теріп, қи жағу секілді күнделікті күйбең тірлікті қиынсынатынға ұқсайтын жастар өңір орталығында тұрақтап қалуды қолайлы көреді. Ауылға көмір жеткізілмегелі 10 жылдан асып барады. Көмірді жеткізгеннің өзінде 1 тоннасына 15 000 теңгеден кем төлемейді тұрғындар. Көмір бағасы осылай шарықтағанда мал қиының құны да арзан емес. Мәселен, 1 тіркеме қиды 7 000 теңгеден сатып алуға тура келеді. Қыс айларында бір отбасына кем дегенде 3 тіркемелік қи қажет көрінеді. Оны алу үшін 21 000 теңге шығындау қажет.
Енді Қаракөл ауылындағы байырғы тұрғындар осы қиындықтан біржолата құтылды. Себебі, ауылға табиғи газ желісі жетті. Ауылға дейін құбыр бойын қуалай келген “көгілдір отынның” алғашқы алауын өңір басшысы жағып, алғашқы тұтынушы Аманғали Мамашевтың отбасындағы қуанышпен бөлісті. Алыс ауылға газ желісінің жеткені бір отбасының емес, Қызылқоға ауданының барлық тұрғындарын қуантқаны жасырын емес. Ауыл, аудан тұрғындарының қай-қайсысымен тілдессек те, айтары біреу – табиғи газ енді қиындықтан құтқарады. Жастардың ауылда тұрақтауына ықпал етеді. Ал ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері Жәдігер Қуанышев соңғы 60 жылда ауданда мұндай ірі жоба қолға алынбағанын айтады.
–Бұл аудан тұрғындарының елдің келешегіне сенімін нығайтты. Әсіресе, әлемді шырмаған қаржы дағдарысының Қазақстанға әсер етпегенінің дәлелі бұл. Әйтпесе, бір ауданды толықтай газдандыру жұмысына 31 миллиард теңге қаржы бөлінер ме еді?! Мемлекеттің, ұлттық экономикамыздың өркендегенінің дәлелі бұл. Адамға ауа мен су қаншалықты қажет болса, Қызылқоға ауданы тұрғындарының тұрмысына табиғи газ соншалықты қажет еді. Көп жылғы арманымыз орындалып, үлкен шаттыққа кенелдік. Бұл бір жағынан табиғи байлықты халық игілігіне жарату болса, екіншіден, 60 жыл бойы қиындыққа төзген жергілікті халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға жасалған игі қадам. Бұл –еліміздегі жасампаз істердің жемісі, –дейді ауданның құрметті азаматы.
Қызылқоға ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиевтің айтуынша, бұл Елбасының ауылдарды еңселендіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жасалған кешенді бағдарлама шеңберінде атқарылған аудандағы ең ірі жоба саналмақ. Аудан аумағында 198 шақырымдық табиғи газ желісі тартылған. Бұл желімен ауданның 16 елді мекеніне табиғи газ жеткізілді. Ауыз су мәселесі де шешімін тапты. Жөндеу жұмыстары бастау алған жол үш жылдан соң ауданның өңір орталығымен қатынасты жақсартады. Осының бәрі ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға, халықтың Елбасының, мемлекеттің саясатына, елдің келешегіне сенімін нығайта түсті.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қаракөл ауылы.
КЕДЕНДІК ОДАҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРҒА КЕҢ ЖОЛ АШАДЫ
Облыстық кедендік бақылау департаментінің бастығы Өмірзақ Бейісбековпен әңгіме
– Өмірзақ Көбегенұлы, сұхбат тақырыбына орай келер болсақ, әрине, бұл құрылымның Ресеймен шекаралас орналасқан біздің облыс үшін де маңызды екені белгілі. Дегенмен осындай ауқымды бастаманың өзіндік себептері де бар болар?..
– Жалпы, бұл Кедендік одақтың құрылуы әуелден ТМД, ЕурАэЭҚ сияқты экономикалық және саяси қауымдастықтар негізінде асықпай, біртіндеп барып, дамып, жетілгені белгілі. Себептері дегенде де оның өзі беп-белгілі емес пе, айталық, мынау жүріп жатқан дағдарыс уақыты, алыс-берістің, барыс-келістің қажеттілігі, Бүкіләлемдік сауда ұйымына өту сияқты маңызды мәселелер бар. Мұндай жүйе Достастық елдері арасындағы бірыңғай экономикалық кеңістіктің ашылуына жол ашады, өнім өндірушілерге, кәсіпкерлерге, халыққа пайдасы тиеді деген сөз. Еліміздің кеден саласының халықаралық талаптарға сай жаңа белестерге өтуіне де бірден-бір жол болып табылады. Сондықтан да, Кедендік одаққа енуіміздің өзі әп дегеннен-ақ бірден жолға түспей, кезең-кезеңмен жүргізіледі. Бұл да болса, жаңа құрылымның тәй-тәй басып жүріп кетуі үшін араға айлар, жылдар салатын уақыт керек болғанын көрсетеді. Яғни, бірінші кезеңі биылғы бірінші қаңтардан бастап бірегей кедендік тариф жүйесі іске қосылды. Бұл дегеніміз, баж салықтарының бағалары бірдей болады деген сөз. Ал екінші кезең биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап әрі қарай жалғасады, яғни, Кеден кодексі күшіне енеді, сөйтіп, атқарылуға тиісті барлық талаптар жүйесі толық жолға түседі. Одан әрі қарай, Еуроодақ сияқты, осы үш елдің басын қосқан Кеден одағы арқылы экономикалық одақтың да өріс алуы мүмкін. Бұл аймақтағы елдердің еркін сауда жасауына, тауар алмасуларына мүмкіндік туғызады. Жаңа жүйе бір жыл жұмыс жасағаннан кейін барып оған баға берілетіні белгілі. Уақыт көрсетер. Жаңа басталған құрылым біздің елдеріміз үшін тиімді.
– Өзіңіз басқарып отырған кедендік бақылау департаменті үшін 2009 жыл қалай өтті? Кедендік одақтың құрылуын қызметкерлеріңіз қалай қабылдауда?
–Жаңа сөз басында айтып өткеніңіздей, біздің облыстың Ертіс, Железинка, Успенка, Шарбақты аудандары көршілес Ресей елімен шекаралас орналасқан. Кеден бекеттері аудандардың байырғы атауларына лайықталып ел мен жердің елдігін, егемендігіне сай Үрлітөбе, Найза, Қосақ, Аманкелді, Шарбақты деп аталды. Осы жерлерде қазіргі заманға сай жабдықталған жаңа кеден бекеттері салынды. Жалпы, осы күнге дейін біздің кедендік бақылау департаментіне қарасты 4 басқарма, 9 бөлім жұмыс істеп келді. Сонымен қатар, 13 кеден бекетіміз бар. Бұлардың жетеуі шекаралық кеден бекеттері болса, қалғандары ішкі кеден бекеттері ретінде облыс орталығында, Ақсу және Екібастұз қалаларында орналасқан. Еліміз егемендігін алған 90-шы жылдары кедендік құрылымдар да жаңадан ашыла бастады. Сол кезде біздің облыстағы кедендік құрылымда 3-ақ кеденші болса, қазір жалпы саны 330-дай адам жұмыс жасайды. Өткен жылдардың деңгейінде алып қарайтын болсақ, 2008 жылы облыс кеденшілері еліміздің бюджетіне 23 млрд. 518 мың теңге кіріс түсірді. Департаменттің контрабандаға қарсы күрес басқармасы сол кездерде 39 килодан астам есірткі заттарын тәркіледі. Сонымен қатар, экономикалық контрабандамен күрес барысында 52 қылмыстық іс, 483 әкімшілік іс қозғалды. Ал енді, салыстырмалы түрде айтар болсақ, өткен жылы да жаман болған жоқ. Облыстың сыртқы сауда айналымы 4,8 млрд. АҚШ долларын құраса, бюджетке 47,7 млрд. теңге аударылды. Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің бастамасымен Елбасының жыл сайынғы жолдауларын іске асыру және кеден қызметіндегі іс-шаралар мен жаңашыл бағыттарды халыққа түсіндіру мақсатында, кеден қызметіндегі өзгерістерді жеткізу үшін еліміз бойынша “Кеден келбеті айқын” атты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірлесіп журналистер акциясын өткізу де дағдыға айналды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері өздеріне қажетті мәліметтер ала алды. “Екібастұз” кеденінің басты нысаны “Богатырь Көмір” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады. Өткен жылы кеден бекетінің сыртқы сауда айналымының көрсеткіші 410,89 миллион долларды құраған. Яғни, экспорт тасымалы Ресейге және Қырғызстанға көбірек тиесілі болып шықты. Ал, мамандардың айтуларынша, көмір экспортының азаюына дағдарыстың көп әсері тиіпті.
– Кедендік одақ құрылуына байланысты департаментте қандай өзгерістер болуда? Кезінде қыруар қаражатқа салынған кеден бекеттері талан-таражға түспей ме?
–Бұл мәселеге, Кедендік одақтың құрылуына, әрине, біздің барлық қызметкерлер де түсіністікпен қарауда. Мемлекетаралық саяси-экономикалық жағдай орын алған соң, бұл жерде әрине, өзгеріссіз болмай қоймайды. Әзірше, мүлде кеден бекеттері алынып тасталынады деуге де болмайды. Ол жерлерде 5-6 кеденші болады. Бірақ, 5-6 кеденшіге бола, зәулім салынған кеден бекеттерін ұстап тұру да өзімізге тиімсіз. Бұлар алдағы уақыттың жұмысы. Ал, енді ресімдеу, тексеру жүйелері жойылғанымен, бақылау тәртібі сақталады. Жоғарыда өзіңіз айтқандай, кезінде қыруар қаражатқа сол кеден бекеттерін салдық. Енді оларды айдалаға қалдырып тастап кетпейміз ғой. Бұлар мүмкін, ауданның ба, облыстың ба, шекаралық қызметтердің бе, біреулерінің құзырына өткізілер деген ойымыз бар. Қысқартулар да болады. Кемінде кеден қызметкерлерінің саны 30-пайызға дейін азаяды деп отырмыз. Бұл жерде адам факторы, жұмыссыздық деген орын алмайды. Қазір енді бұл мәселе Үкіметте де қаралып жатыр. Яғни, осы солтүстік кеден бекеттерінен босаған тәжірибелі кеден қызметкерлері оңтүстіктегі кеден бекеттеріне жұмысқа баруы мүмкін. Олар пәтермен, жатақханалармен қамтамасыз етілген уақытта, әрине, біздің кеден қызметкерлері ел шетін қырағылықпен қорғаудан бас тартпайды.
Мәселен, осы жылдар ішінде біздің кинологиялық қызмет жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Оларды сақтап қалуға болады. Біздің “Үрлітөбе” кеден бекетінің қызметкері Талғат Құлболды қызметтік иісшіл итті пайдаланып, “Опель” автокөлігіне тексеріс жүргізді. Автокөліктен полиэтилен пакеттер табылды. Олардан 30 килоға жуық есірткі заты апиын және 5 килодан астам героин тәркіленді. Аса ірі мөлшерде есірткі затын тәркілегені үшін кинолог-маман Талғат Құлболды “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды. Сондай-ақ, кинолог-маман Ерік Өлмесеков өзінің “Оскар” атты итімен жарысқа қатысып, жүлделі 1-ші орынға ие болды. Биыл Астанада Дүниежүзілік кеден ұйымының аумақтық оқу орталығы ашылды. Осы салтанатты жиынның алғашқы ән-шашуын біздің кеденшілер жасап берді. Бұл іс-шараның ашылу және жабылу салтанатына бар өнерлерін салды. Олар кеден қызметінде, еңбекте жауапкершіліктері мол, ал өнерде “сегіз қырлы, бір сырлы” жандар екеніне көз жеткізді.
–Кедендік одақ Ресей, Беларусь елдері үшін тиімді, азық-түлік бағалары өсіп кете ме деген сөздер де естіліп қалады.
–Бұл енді белгілі жай. Жалпы, өзі жаңа нәрсе алғаш басталғанда халыққа онша түсінікті бола бермейді ғой. Әртүрлі сөздердің де болатыны содан. Кедендік одаққа жол ашылды. Енді біздер – жергілікті кеденшілер үшін де жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді, алда атқарылар жұмыстар көп. Соның бастысы кеденнен өтетін тауарлардың бастапқы бағасының қымбаттамауын назарға алу болып отыр. Бұл үшін облыстық әкімдік тарапынан кеденмен бірлескен арнайы комиссия да құрылып қалуы мүмкін. Яғни, баға саясатын бақылауда ұстаймыз. Қазіргі күндері біздің ел, оның ішінде біздің облыс Ресейден әкелінетін азық-түлік өнімдерін көп экспорттайды. Өткен жылы, облысқа 600 миллион теңгенің көлемінде азық-түлік, тамақ өнімдері әкелінген. Ал, қазіргі жағдайда бұрынғыдан да көп шетелдік өнімдер ағыны басталады. Кедендік одаққа енбей тұрып-ақ, бүкіл тұтынатын заттарымыз, азық-түлік сол жақтан келіп тұрды. Екіншіден, азық-түліктен басқа, айталық, облыс импортының 72 пайызға жуығы Ресейдің үлесінде десек, бұның 60 пайызға жуығы мұнай екені белгілі. Қалған 10-12 пайыздайын металл құрастыру бұйымдары, қара металл түрлері және органикалық химия өнімдері құрайды. Енді қазір біздің өндірушілер мен сол жақтың өндірушілері арасында әрине бәсеке туады. Егер біздің ел, біздің тауар өндірушілер Ресейдің рыногына шикізат өнімдерін көптеп шығаратын болса, біз бұдан мол пайда көзін таба аламыз. Ал, белорустарға келетін болсақ, оларда колхоздар әлі сақталған. Азық-түліктері арзан. Біздің өндірушілерге де, әсіресе, ауыл шаруашылығы бойынша өз өнімдерін өндіріп, өткізуге, өндіруге талпынатын кез жетті.
–Кеденшілердің құқық бұзулары туралы да әртүрлі әңгімелер аз емес...
–Бұл жайды да жоққа шығара алмаймыз. Бір биеден ала да туады, құла да туады демекші, осы жайында мен ылғи жігіттерге жиі-жиі айтып жүремін. Қазақпыз, иманды жұрттың ұл-қыздарымыз, таза болайық, атқарған қызметімізге адал болайық деп. Үлкендер айтады ғой жақсы атты болайық деп. Мен өзім Қарағандының Жаңаарқа ауданында туып-өстім. Марқұм Ақселеу ағамның кітаптарын, жазған шежірелерін оқып жүрмін. Бәрі бірдей оқып, түсінсе дейсің. Мысалы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет желісі бойынша өткен жылы облыста лауазымды тұлғаларға қатысты 29 қызметтік тергеу мен тексеріс өткізілсе, соның ішінде тәртіптік жауапкершілікке біздің 43 қызметкер тартылды. Екі қызметкерге қылмыстық іс қозғалды. Біздің тарапымыздан кеденші деген жақсы атты таза сақтап қалайық деген мақсатта департаменттің жеке құрамымен 76 рет әңгімелесу мен жиналыстар өткізілді. Кеденшінің бәрі бірдей жаман деуге болмас, олардың арасында өз ісін адал атқарып жүрген жігіттер аз емес. Департамент қызметкерлерінің қырағылығы арқасында 72 қылмыстық іс қозғалды, олардың ішінен сотқа 30 қылмыстық іс жіберілді. Қозғалған қылмыстық істер бойынша 1,9 млрд. теңге сомасына көлік құралдары, валюта және тауарлар тәркіленді, 326 млн.теңге шығынның орны толтырылды. Кеден шекарасы арқылы есірткі заттарын заңсыз тасымалдаудың 25 дерегі анықталды. Нәтижесінде, заңсыз айналымнан 78 кг. есірткі заттары тәркіленді. Кеденшілер енді жаңа құрылымдық жүйе бойынша іске кіріседі. Өзгерістерге толы бұл құрылымның біздің жұмысымызға да бірталай жаңа өзгерістер, жаңаша жұмыс жасауға үлкен мүмкіндіктер тудырады деп ойлаймыз.
–Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Фарида БЫҚАЙ, Павлодар облысы.
ӨҢІР ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨРЛЕУ ҮСТІНДЕ
Еліміздің шалғай жатқан облыстарының бірі – Маңғыстау облысы. Шетте жатса да шаруасын ыңғайлап, барыс жылын жинақы қарсы алып отырған облыстың ауыл шаруашылығында оң үдерістер байқалуда.
Елбасымыз жыл сайынғы жолдауларында еліміздің агроөнеркәсібінің дамуына ерекше маңыз беріп, оны дұрыс жолға қойып, дамыту ісін назардан тыс қалдырмайды. Өйткені ауыл шаруашылығы ел экономикасының ішкі негізгі қазықтарының бірі болып есептеледі. Сондықтан саланы қазіргі заман талабына сай дамыту, озық технологияны енгізу, қаржы тарту, мал тұқымдарын асылдандыру мәселелері өз көкейкестілігін күшейтіп отыр. Нәтижесінде ел ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешенінің дамуы ілгерілеп, алыс өңірлерде де, индустрияландыру үдерісі белгілі бір дәрежеде өз жемісін беруде. Бұл үрдіс шөлейтті аймақ саналатын Маңғыстау өңірінде де қалыптасып отыр.
362 әулие жатқан киелі өңірдің ауыл шаруашылығы саласында соны ізденістер мен жетістіктер, алға басушылық бар екенін жоғарыда айтып өттік. Енді сөзге сүйенбей, деректермен сөйлесек. Аймақтың агроөнеркәсібінің негізгі көзі мал шаруашылығы екені белгілі. 2009 жылы өңірдегі мал басын арттыруда бірқатар табыстарға қол жеткен. Төрт түлік малдың қай-қайсының да басы өскені байқалып отыр, дейді бұл жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Түменбай Қалжанов. Алдыңғы жылмен салыстырғанда облыстағы қой-ешкі басы – 587 000, жылқы – 41 000, түйе – 42 500, мүйізді ірі қара 10 400 басқа жетіп отыр. Сондай-ақ ет өндіру 2,3 пайызға(тірідей салмақта – 10 100), сүт 1,6 (6700 тн.) пайызға, жүн 4 пайызға (751 тн.) артқан.
Облыстың мал шаруашылығын дамытуда бірінші кезекте мал тұқымын асылдандыра отырып, олардың жергілікті тұқымдық және өнімділік сапасын арттыруға, қаракөл қойы, түйенің қазақы бактриан тұқымын және адай жылқысын жетілдіруге бағыт ұсталады. Қазіргі күні Маңғыстау облысында 10 асыл тұқымды мал шаруашылығы бар. Атап айтсақ, адай тұқымды жылқы өсіретін – 5, қазақ бактрианы – 2, қара қаракөл қойын өсіретін 3 шаруашылық өз жұмыстарын дөңгелетуде. Онда еліміздің ғылыми орталықтарының жетекші ғалымдарын тарта отырып, адай тұқымды жылқылардан дара тұқым шығару бағытында жұмыстар жалғастырылуда. Өңірдің мал өсіру тарихында тұңғыш рет мемлекеттік комиссия адай жылқысының 3 түр-тұрпатын мақұлдады. Бұл жылқыларды 2010-2011 жылдары республикалық, халықаралық сынақтан өткізу жоспарлануда. Мал шаруашылығына республикалық бюджет пен жергілікті бюджеттен барлығы 60,5 млн.теңге бөлініп, қаржылық қолдау көрсетілу үстінде. Оған қоса өнімнің өзіндік құнын арзандатып, табиғи пішен дайындау шығындарын ішінара жабу мақсатында жергілікті бюджеттен 30,0 млн.теңге субсидия бөлініпті. Бөлінген қаржының уақытылы, тиімді әрі мақсатты бағытта жұмсалуы оның игерілуіне оң әсерін тигізген. Мал шаруашылығын дамытуда да бірқатар міндеттер тұр. Мысалы, қаракөл қойын құйрықты еділбай тұқымына айналдыру қолға алыну үстінде. Мал бордақылау алаңдарын қолданысқа енгізу жоспарлануда. Ол үшін алдымен құрама жем жасайтын цехтар ашылмақ. Алғашқы цехты “Маңғыстау агросервис” МКК үстіміздегі жылдың қараша айына дейін іске қоспақ. Басты мақсат – ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге тауарлы лизингтік несие беру. Құрама жем мал бордақылауды қолға алған кәсіпкерлерге берілмек. Егер жоспарлар ойдағыдай жүзеге асса 2012 жылға дейін облыс халқына қажетті азық-түліктің 50 пайызы өз ішкі өніммен қамтамасыз етілетін болады деген сөз. Осыған дейін газетімізде Маңғыстау облысының әкімдігі ет өнімдері сатылатын жерде арнайы орындар ашқандығы жөнінде хабарлаған болатынбыз. Бұл өнімдерді сату орындарына жеткізуді де жеңілдетеді. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев облыстардағы мал сою орындарының санэпидстанса талаптарына орай ұйымдастыру мәселесіне орай Премьер-Министрдің қатысуымен өткен селекторлық кеңесте жоғары бағалаған болатын.
Өңірдің өсімдік шаруашылығы да жақсы жолға қойылуда. Көкөніс-бақша салу көлемі ұлғайып 1200 гектарға жеткен. Ол 2008 жылғы көлемнен 14 пайызға артық. Ылғал сақтай отыра тамшылата суару әдісі қолданылатын егіс көлемі де 130 гектарға жеткен. Облыстың табиғат ерекшеліктерін ескерсек, бұл жоғары жетістік екені даусыз. Негізгі өнім өндіруші “КаспийАгроКомпани” ЖШС өз өндірісін жаңғыртып, тамшылата суару әдісіне көшіп, жылына 1200 тонна өнім алуға қол жеткізбек ниетте. Аталмыш ЖШС Ақтау қаласында орналасқан 4 гектар жылыжай көлемін 2 гектарға ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл өз кезегінде қысқы уақытта халықты көкөніс және жеміспен көбірек қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Бау-бақша салмайтын өңір үшін бұл өте тиімді болып отыр. Облыстағы астық кешенін салу мәселесі де өз шешімін тапқан секілді. Қазақстан Астық одағының қолдауымен, “ҚазАгро” ұлттық холдингі және Азық-түлік корпорациясымен бірлесе отырып, Бейнеу селосында ірі астық өңдеу өндірісі іске қосылмақ. Құны 6,7 млрд. тұратын, қуаттылығы жылына 1,5 млн.тонна жүк айналымын қамтамасыз ететін астық терминалының құрылысы басталып кетті. Кешен 2010 жылдың 1-жартыжылдығында, маусым айында қолданысқа беріледі. Онда 16 гектар аумақта 100 мың тонналық астық қоймасы, жылына 90 мың тонна ұн және 30 мың тонна жем өндіретін цех жұмыс істейтін болады. 2010 жылы жобаның екінші кезеңінде нан және макарон өнімдерін шығаратын зауыттар салынады. Бұл ірі жоба облыста ұн бағасының арзандауына және батыс өңірді астықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Бүгінгі күні облыс орталығында әрбір сенбі-жексенбі күні азық-түлік жәрмеңкесі тұрақты өтіп тұрады. Жәрмеңкедегі азық-түлік өнімдерінің бәсі базар бағасынан 15-30 пайызға төмен. Негізгі азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандырып, қымбаттатпауға жол бермеу мақсатында “Берекет” МКК жұмыс жасап келеді. Соның арқасында облыс тұрғындарының тұтынуындағы негізгі азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп отыр. “Берекет” МКК өңірге әкелінетін өнімдерді жеткізіп тұру жөніндегі қолданыстағы меморандумдардың мерзімін одан әрі ұзартқан. Бұған кәсіпорын базасының құрылуы септігін тигізуде. Қуатты әрі заманауи жабдықталған, құны 192,0 млн.теңге тұратын аумағы 500 текше метр жеміс-көкөніс қоймасы кәсіпорынға өнімді сапалы әрі ұзақ сақтауға мүмкіндік береді. Оған қоса, МКК көрші облыстар мен жақын шетелдерден азық-түлік тауарларын сатып алу мәселесімен айналысып келеді. Бұл мақсатта жергілікті бюджеттен 470 млн. теңге бөлініпті.
Еліміздің байтақ даласының бір қиырында орналасқан облыстың ауыл шаруашылығы ізденіс пен ілгерілеу, жаңа технологияны өндіріске енгізу нәтижесінде өрлеу үстінде. Өңір тек мұнай мен газдан түсетін табысқа алақан жайып отырған жоқ, қайта Маңғыстаудың мұнайсыз да шаруаға мұқият екендігін уақыт өткен сайын дәлелдей түсуде.
КӘСІПКЕРЛІККЕ ӨРІС КЕҢ
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында кәсіпкерлер экономиканы жаңғыртудың қозғаушы күші болып табылатындығын атап көрсете келіп, осыған байланысты Үкіметке 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Жолдауда “Қазақстан -2030” Стратегиясының алғашқы он жылының табысты аяқталғаны нақты мысалдармен атап көрсетілді. Оның мысалын Семей қаласының да өмірінен, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлік саласынан көруге болады. Соған орай, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Серікбек БАҚТАЖАРОВТАН аталған саланың өткені мен бүгіні туралы айтып беруін өтінген едік.
– Кезінде оңтайландыру саясатымен елімізде көршілес бірқатар облыстар біріктірілгенде, қайсыбір қалалардың алғашқы бетте қиналып қалғаны рас. Сондай қиындықтан Семей де сырт қалмаған болар. Солай дей тұрғанмен, басқалармен салыстырғанда ежелгі қаланың еңсесі соншалықты түсе қоймаған.
Өз басым оның себебі мынада ма деймін. Біріншіден, соның бәрі ең алдымен адамдардың рухы мен жігеріне байланысты. Яғни, семейліктер Елбасының бұл орайдағы ұстанған бағытын дұрыс түсінген. Мемлекет басшысы да Семейге жыл сайын атбасын тірей отырып, ұлылардың табанының ізі қалған қалаға қамқорлық танытудан танған емес. Семейдің сол шақта жадап-жүдеп кетпеуінің басты бір себебі осы болса, екіншіден, тоғыз жолдың торабындағы бұл қалаға нарық жат емес-ті. Соны жете пайымдаған жергілікті билік пен жекелеген кәсіпкерлер мұнда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл аударды десем, артық айтқандық болмас. Сөйтіп, қаламызда базар да, басқасы да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шыға келді.
– Олай болса, дағдарыс салдарлары сезілген өткен жылы қаладағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қандай көрсеткіштерге қол жеткізе алды?
– Өткен жылдың аяғына дейін біздегі шағын кәсіпкерлік кәсіпорындарының саны 1852-ге жетті. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 20 пайызға жуық артық. Жыл ішінде екі мыңға жуық жұмыс орны ашылды. “Семейпластком”, “Әсер”, “Интелкабель” сынды үш кәсіпорын халықаралық сапа стандартына енгізілді. Оның сыртында тағы үш кәсіпорын халықаралық сапа стандартына енуден үміт күтіп отыр. “Самұрық-Қазына” және “Даму” қорлары арқылы 141 жобаға 3597,7 миллион теңге мөлшерінде несие бөлінді. 10 шағын кәсіпкерлік субъектілері облыстық “Алтын сапа- 2009” конкурс-көрмесіне қатысып, соның ішінде бесеуі жеңімпаз атанды. Жеке кәсіпкерлік субъектілері мұның сыртында республикалық көрме-жәрмеңкелерге жиі қатысып келеді.
2009 жылы импорт алмастырушы өнімдер шығаратын екі зауыт ашылды. Мұны да жыл табысы десек артық айтқандық болмас. Айталық, “Беларусь” тракторын жинақтап шығара бастаған кәсіпорынның қатарға қосылуына байланысты – 85, ал пенеполиуретан шығаратын “Алфом” кәсіпорнының пайдалануға берілуіне орай жаңадан 115 жұмыс орны ашылды. Мұның сыртында елу адамға дейін жұмыс істейтін шағын кәсіпорындар әлсін-әлі ашылып жатыр. Ал биылғы жылы әлемдік стандартқа сай жаңа кәсіпорындар, соның ішінде диірмен және кабель өндірісінің құрылысы басталмақ.
– Семей еліміздегі көне қалалардың бірінен саналады. Соған орай туризмді дамыту барысында атқарылып жатқан шараларға тоқталсақ....
– Бүгінде қала халқының саны 300 мыңның үстінде. Соның отыз мыңы кәсіпкерлік саласында жүр. Қалада туризмді дамыту мақсатымен қонақ үйлер көптеп салына бастады. Соның айғағындай, қазірде мұндағы қонақ үй саны жиырмаға жуықтап қалды. Осыдан бірер жыл бұрын төрт жұлдызды “Номад” қонақ үйі пайдалануға берілді.
Семей, сондай-ақ дәмхана, мейрамханалардан да кенде емес, олардың жалпы саны үш жүзден асып кетті. Ондағы ұлттық, азиялық және еуропалық ас мәзірі жұртшылық көңілінен шығуда. Сондықтан қала қонақтарын тамақтандыруда ешқандай мәселе жоқ десе де болады.
Соңғы жылдары мұндағы туристік фирмалар өз жұмысын ширата түсіп келеді. Ертіс бойы, қарағайлы орман арасындағы “Строитель” және “Боровлянка” шипажай демалыс орындарына шеттен қонақтар жиі келе бастады. Сондай-ақ қонақтар тарапынан қазақ поэзиясының Меккесі – Жидебайға, емдік қасиеті ерекше Алакөл, іргедегі Шүлбі су қоймасына барып қайтуға тілек көбейе түсіп келеді.
– Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында өңірлік даму реформаларынсыз біз жедел әртараптандыруға қол жеткізе алмаймыз деп айтты. Мемлекет басшысының осы талабына орай қандай іс-шаралар жүзеге асырылмақ?
– Иә, Елбасымыз екінші онжылдықтың соңында шағын және орта бизнестің ІЖӨ -дегі үлесі 40 пайызға дейін көтерілуі тиіс екендігін де атап көрсеткені баршамызға мәлім. Өңірлерде шағын кәсіпкерлік дамыса, еліміз де гүлденіп, көркейе түспек.
Соған біз де өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Осы орайда, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту қала және облыс басшылығының ұдайы назарында екендігін айта кетсем деймін. Өткен жылы соған орай 2009-2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қала әкімінің қаулысымен бекітілді. Ал осыдан төрт жыл бұрын кәсіпкерлік мәселесі жөнінде сарапшылық кеңес құрылған болатын. Өткен жылы осы кеңестің бес отырысы өткізілді. Енді міне, биылғы жылы облыс тарапынан Семей қаласындағы кәсіпкерлікті дамытудағы әкімшілік тосқауылдарды жою жөнінде жұмыс тобының жоспары әзірленіп отыр. Мұның сыртында оқыту семинарлары мен ақпараттық-көрмелік іс-шаралар жиі өткізіле бастады. Ал келер айда біздің бөлімнің шағын және орта бизнес субъектілерімен жұмысы қалалық мәслихат сессиясының кезекті отырысында қаралмақ. Бір сөзбен айтқанда, осы саланы дамыту жергілікті әкімдіктің де, депутаттардың да ұдайы назарында.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен, Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.
ОРТАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ИНТЕРНЕТ-САЙТТАРЫ
Қазақстан Республикасының Үкіметі www.government.kz
Ішкі істер министрлігі www.mvd.kz
Қорғаныс министрлігі www.mod.kz
Қоршаған ортаны қорғау министрлігі www.nature.kz
Білім және ғылым министрлігі www.edu.gov.kz
Сыртқы істер министрлігі www.mfa.kz
Денсаулық сақтау министрлігі www.darі.kz
Көлік және коммуникация министрлігі www.mtk.gov.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі www.enbek.kz
Қаржы министрлігі www.mf.mіnfіn.kz
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі www.mіnplan.kz
Әділет министрлігі www.mіnjust.kz
Төтенше жағдайлар министрлігі www.emer.kz
Мәдениет және ақпарат министрлігі www.sana.gov.kz
Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі www.memr.gov.kz
Ауыл шаруашылығы министрлігі www.mіnagrі.kz
Индустрия және сауда министрлігі www.mіt.kz
Туризм және спорт министрлігі www.mts.gov.kz
Жер ресурстарын басқару агенттігі www.auzr.kz
Байланыс және ақпараттандыру агенттігі ww.alc.gov.kz
Статистика агенттігі www.stat.kz
Көші-қон және демография агенттігі www.demomіgratіon.kz