Қазақ тілінің көсегесі неге көгермейді деп көп айтамыз. Бірақ оның неге көгермейтінін білеміз бе? Әрине, өз қандастарымыздың дені қазақша сөйлемейтін болғандықтан дейміз. Тағы бір себеп, шұбар тілді бауырларымыздың қазақша тіл сындыруы қиын көрінеді. Ал сонда өзге тілді ағайындардың қазақ тілінде еркін сөйлеп және сол тілдің арқасында арманына жетіп жатқанын олар біле ме екен. Бұған біздің елімізде мысал көп. Мәселен, қазіргі күні Жоғарғы Соттың баспасөз қызметінің басшылығында жүрген Оксана Петерсті айрықша атап өтуге болады. Сондықтан біз қазақтың қара сөзінің майын тамызып сөйлейтін және осы ісі мен сөзі, алдымен өзіміздің бірқатар қандастарымызға өнеге болатын қарындасымызды ашық әңгімеге тартқан едік.
– Оксана, өзіңді оқырмандарға таныстыру артық шығар. Шырайлы Шымкент өңірінің халқы Отырар телеарнасы арқылы жақсы білсе, елордалықтар мен Астана телеарнасының алымы жететін аймақ жұрты да сені жақсы біледі. Дегенмен, алдымен өзіңнің туып-өскен ортаң, балалық бал дәурен шағың туралы айтып өтсең.
– Туып, өскен жерім қаймағы бұзылмаған қазақтың қайнаған ортасы Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданы, Шолаққорған ауылы. Әкем латыш, шешем орыс. Балалық бал дәурен шақ десек... мен ата-әжемнің колында өстім, олар жасы жеткен адамдар әрі аурушаң еді, сондықтан үйдегі шаруаның ауыртпалығы ерте мойныма түсті. Анда-санда далаға шығып, ауладағы қатарластарыммен ойнағанда ғана бала екенімді сезінуші едім. Басқа уақыттары кез келген мәселе бойынша шешімді тек өзім қабылдауға тура келетін.
– Негізінен қазақ тілін шындап үйренуге қай кезде бет бұрдың?
Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте алтыншы орыс сыныбынан жетінші қазақ сыныбына ауысқан кезде сабақты көше болып, көршілер болып, бәріміз бірігіп оқығаным есімде. Мен түсінбеген тұстарымды дәптерге түрткілеп көрші үйге жүгіретінмін. Маған мына бір жерін түсіндіріп беріңізші, оның мағынасы қандай деп. Сонда ауладағы достарыммен бір сәт ойнасам болды бір сұрақ мазалайды: олар мен туралы не дейді екен? Мен жөнінде айтып жатқан жоқ па деп өзіме-өзім сұрақ қоям. Сондықтан маған да қазақша жетік білу керек болды. Ол үшін қазақша оқу керек деп шештім. Сөйтіп, ақырында қазақ мектебіне ауыстым. Алғашқыда қып-қызыл шимайға толы дәптерлерімді көрген кезде көз жасым көл болатын. Сөйтсем, ештеңесі жоқ, екі жылдан кейін сыныптастарыммен бірдей сөйлеп, сайрап шыға келдім. Бұл ретте, әрине, ортаның ықпалы зор демекпін. Мектепті ылғи беске, яғни үздік бітірдім. Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімдеріне зор алғысымды жеткізгім келеді, үнемі жылы сезіммен еске аламын ол кісілерді. Кәсіби мамандар ғой. Ұстаздық борыштарын бірінші кезекке қоятын. Адамгершіліктері мол, әрқайсысы әке-шешемдей жақын, жанашыр болып кетті.
– Мектепті үздік аяқтаған соң Шымкент қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түскенің бізге белгілі десек, бірінші курста оқып жүріп-ақ «Отырар» телеарнасына қызметке алынуың үлкен жетістік қой.
– Жасыратыны жоқ, мектепті аяқтағаннан кейін Шымкентке келіп, әуелі медициналық академияға оқуға түсуге бел байладым. Дәрігер болуды армандағанмын. Өйткені, кішкентай кезімнен ата-әжеме қажетті ем-дом жасап, біраз дәрілерді жатқа біліп алғам. Бір күні әжемнің жүрегі аяқасты қысылғаны сонша, маған тез арада дәрі егу қажет болды. Өзім төртінші сыныпта оқимын. Қалай қорыққанымды білсеңіз ғой. Менің сол кездегі жан досым Жанаттың әкесі дәрігер еді. Сол кісіге хабарласып, жағдайды айтып едім, ол тез арада дәрі егу керек деп, оны қалай егу қажеттігін телефон арқылы түсіндірді. Мен амал жоқ, қолым дірілдеп, тұңғыш рет дәрі ектім. Бұдан кейін көршілер мені укол салуға шақыратын болды. Содан ба дәрігер болсам, жүрекке ота жасасам деген арманым күшті еді. Қалаға келгеннен кейін, екі жыл қатарынан медициналық академияға грантқа емтихан тапсырдым. Амал не, азғана балл жетпей қалды. Сонан Жаратқанның өзі жол сілтеп тұрған болуы керек, ынтам қазақ тілі мен әдебиетке ауды. Ақыры бұл ойым дұрыс болып шықты.
Сөйтіп, Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік университеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түстім. Аудиторияда отырған кезде кей мұғалімдер орысшалап, «девушка вы перепутали пару, это казахская группа» деген кездер де болған. Мен: «Жоқ, шатыстырған жоқпын, осы факультеттің студентімін», деп қазақшалап жауап қайтарамын. Аталмыш оқу орнының ұстаздарына да алғысымды айтқым келеді. Өйткені, өмірімде қашан да жақсы адамдар кездесіп тұрады. Әрқайсысының маған берген көмегі ұшан-теңіз. Біразы менің өмір жолыма оң ықпал етті десем, асыра айтқандық емес.
Өйткені, өзіңіз айтқандай, оқуға түсісімен Шымкент қаласындағы «Отырар» телеарнасына жұмысқа орналасуыма жоғарыда аталған кісілер болмаса, арнаның басшылығы ауылдан келген жас қызды бірден байқап, жұмысқа шақыра қоймайтыны айдан анық. Солардың ішінде Марат деген кәсіби суретші қолымнан жетектеп, телеарнаға апармаса, бәлкім бұл салаға ілікпес те едім. Өмірімнің ең бір қызықты сәттері сол кезде басталды.
– «Өмірімнің қызықты бір сәттері» деп отырғаның әрі студент, әрі телеарна дикторы ретінде қарбалас жұмыс басталғанын айтасың ғой.
– Иә, солай. Бірақ алғашында мені жұмысқа құттықтау бөлімінің маманы етіп алды. Сөйтіп, бірте-бірте аудармаға кірістім. Шағын мәтіндерден бастап, үлкен бейнефильмдерді аударумен, дыбыстаумен айналыстым. Қосымша авторлық денсаулық бағдарламасын түсіріп, жүргіздім. Сосын таңғы бағдарламаның шығармашылық ұжымына алындым. Біраз уақыт өте келе «Отырар» телеарнасының басшысы Валентина Куликова менен жаңалықтарды жүргізуді сұрады.
– Елордаға жолың қалай түсті?
– Ол кезде Астана қаласына барамын деген ой болған жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, жаңалықтарды әзірлеп, жүргізушілік міндетімді атқара бердім. Кейіннен радиода қосымша қызмет атқардым, онда мені жаңалықтар бөлімінің шығарушы редактор қызметіне шақырды. Сөйтіп жүргенде күтпеген тұстан Астана телеарнасының басшылығы атынан шақырту хат алдым. Мұндай ұсынысқа кім келіспейді, көп ұзамай Астанаға көшіп келдік.
– Жалпы өзіңе қазақ тілінде бағдарлама жүргізу ұнап, көңіліңе көрік беретін бе еді?
– Өзіме қазақ тілінде жаңалық, бағдарламалар жүргізу қатты ұнайды. Бір-екі рет орысша жүргізіп көріп едім, көңілімнен шықпады.
– Мұнда қанша уақыт қызмет істедің?
– Осы арнада табаны күректей 4 жыл жұмыс істедім. Содан кейін маған «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының баспасөз хатшысына, яғни ресми өкіл қызметіне шақырту түсті. Мемлекет басшысының өзі төрағалық ететін беделді партия жұмысына белсене кірістім. Онда біздің бөлім апта сайын журналистерге брифинг ұйымдастырып, партияның тыныс-тіршілігінен хабардар етіп тұрады. «Нұр Отан» партиясы түрлі қоғамдық маңызы бар іс-шаралардың бастамашысы. Мен өзім шын мәнінде партиядан көптеген адамның қолдау тауып жатқанына куәгер болдым.
– Содан...
– Содан енді, міне, Жоғарғы Сотта қоғаммен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеп жүрмін. Бұл сала қазір жаныма жақын келеді. Сот төрелігі, судьялардың асқан жауапкершілігі мен қауырт жұмысы жайлы тек осында жұмыс істеп, көзбен көріп барып айтуға болатын шығар. Әрбір істің артында ел азаматының тағдыры тұр. Кез келген даудың ақ-қарасын анықтап, тиісті шешім шығару, кінәліні жазалау әр адамның қолынан келе бермесі анық. Ол үшін бұл жұмысты шынында да ұнату қажет. Жоғарғы Сот Төрағасы Бектас Әбдіханұлы Бекназаров сот жүйесі қызметкерлерінің алдына барынша ашық, қолжетімді болу мақсатын қойып отыр.
– Демек, кезінде дәрігерліктен гөрі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын таңдауым дұрыс болған дейсің ғой.
– Әрине, қазақ тілін білмесем, менің өмір жолым мүлдем басқаша болар ма еді. Тілдерді білумен қатар, адамның жеке қасиеттері де зор болуы керек деп ойлаймын. Жауапкершілік, алға қойылған талаптарды орындай алу, әділ әрі батыл қадамдар жасай білу де адамға белгілі бір дәрежеде табысқа жетуіне айтарлықтай ықпал етеді. Өз басым әділдікті бірінші кезекке қоямын.
– Иә, расында Отырар, Астана телеарналарына, «Нұр Отан» ХДП және қазіргі таңда қызмет істеп жүрген Жоғарғы Соттың баспасөз қызметіне келуіңе осы тілді білудің көмегі болғаны сөзсіз. Осы орайда мемлекеттік тілді үйренем деушілерге не айтар едің?
– Қазіргі таңда тілді үйренемін деушілерге ешқандай қиындық жоқ. Барлық жағдай жасалған. Қазақ балабақшалары бар, мемлекеттік органдарда құжат алмасу қазақ тілінде жүргізіледі, күні кеше ғана орысша сайрайтын қоғамның өзі қазақ тілінде сөйлейтін күннің туғанын мойындап отыр. Түрлі бейнетаспалар, оқыту орталықтары бар, сонда барып оқып, үйренуге болады. Менің бір танысым сондай орталықтың бірінің басшысы, кәсіби маман, ылғи айтады: «Біздер тегін оқытамыз, сонда да әрбір қызметкердің артынан оқы, үйрен деп жүгіреміз, келсеңіздерші деп жалынамыз», дейді. Осыдан-ақ бір қорытынды түюге болады. Мен «Астана» телеарнасының жаңалықтар бөлімінің редактор-жүргізушісі болып қызмет атқарып жүрген кезде маған журналистер тіл білуіңіздің қыр-сыры жайлы айтып беріңізші деп хабарласатын. Оларға ұят болады, мен жаңа құрылғы жасап, жаңалық ашқаным жоқ, сонша дабырайтып айтатындай деймін. Расы да осы ғой. Тіл үйрену үшін әр адамға тек ниет керек екенін өмірдің өзі дәлелдеп жатыр. Байқап жүрген боларсыз, бүгінде бірқатар лауазымды тұлғалардың қазақшасы түзеліп-ақ қалды. Мінеки, заңды мойындау, мемлекеттік тілді тырысып үйрену деген осы емес пе? Әр адам өзі ынта қойып, ниеттенсе, бәрі қалыпқа келеді.
– Өзгелер де өзің секілді қазақ тілін жетік үйренуі үшін не істелінуі керек деп ойлайсың?
– Қазір байқасаңыз, мемлекеттік тілді үйренгендердің арасында өзге ұлт өкілдерінің саны артуда. Олардың көбісі балаларын қазақ балабақшаларына беруге тырысады. Демек, менің ойымша, біздің балабақшаларға тіл мәселесіне қатысты мықты мемлекеттік бағдарлама қажет. Балабақшадан шыққан бала қазақ тілін жақсы білуі тиіс. Сосын барып оны әрі қарай мектепте алып кетеді. Ол үшін жауапкершілікті мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің басшылығы мен тәрбиеленушілердің мойнына жүктеу қажет. Сол бағдарлама кезең кезеңімен қалай орындалып жатыр? Балалардың тіл білу деңгейі қандай? Соны арнайы комиссия, болмаса тіл инспекциясы тексеріп тұрса, дұрыс болар еді. Өйткені, бізге сандардан құралған есеп емес, нақты нәтиже керек. Әзірге жағдай олай емес. Мектептердегі тілді оқыту мәселесі де қатаң бақылауға алынуы қажет. Әсіресе, орыс тілді мектептерде.
Өз басым сонда бес, он жылдан кейін жағдайдың күрт өзгеретініне сенемін. Уақыттың талабы сол, мемлекеттік тіл үстем болуы қажет. Басқа елдерде солай емес пе. Әлемнің дамыған елдерімен иық теңестіріп отырған жағдайда тілдің мәселесі бірінші кезекке қойылуы шарт. Елбасымыз қазақстандықтар үш тілді білуі қажет дейді. Қазір онсыз мүмкін емес. Менің арманым сол, болашақта балаларым үш тілде емін -еркін сөйлесе екен деймін.
Иә, бұрын туған тіліне қырын қарап келгендердің біразы қазір қазақша сөйлеп жүр. Мен өзім танитын адамдарды айтып тұрмын. Бұдан әрі, әсіресе жастарға қазақ тілін үйрету мәселесін бірінші кезекке қою қажет. Ертеңгі күні тіл білмей, жұмысқа орналасу мүмкін болмайды. Қазір мен, мысалы қазақ тілін білмесем қалай жұмыс істеуші едім? Осыны ойлағанның өзінде денем түршігіп кетеді. Үйде көбінесе қазақша сөйлеуге тырысамын. Үшінші сыныпта оқитын балама тілді білмесең болашағың ауыр болады деймін. Күнде күніне кем дегенде бес сөзден жаттатқызамын. Менің енем керемет адам, ылғи маған сен осы нағыз қазақсың, түрің болмаса мінезің, қимыл-қозғалыстарыңның бәрі қазақша деп мақтап қояды.
– Қазақ достарың да көп шығар?
– Шынымды айтсам, достарымның бәрі қазақтар. Бірге басымыз қосылса ән айтқанды жақсы көреміз. Маған Абайдың қара сөздері, өлеңдері қатты ұнайды. Әсіресе, «Желсіз түнде жарық айды» әнімен айтқанды жақсы көремін. Жалпы, әр концерттен кәдімгідей демалып қайтамын.
– Қазақ тілін үйренгісі келмейтін отандастарыңа, шенеуніктерге не айтар едің?
– Не айтсам да ол кісілерді менің әңгімем толғандырады дегенге сенбеймін. Бірақ ертең балаларымыз ержеткенде бізден, ата-анадан сұрамай ма, осы сіздер неге маған тілді үйретпедіңіздер, достарымның барлығы қазақ тілін біледі, ал мен өзімді бір білімсіз адам ретінде сезінемін десе қандай қасірет. Бұл өзге ұлт өкілдеріне қатысты айтқаным. Ал енді таза қазақтың баласы әкесіне келіп: «Әке, мен өзімнің туған тілімді білмегенім үшін ұяламын, намыстанамын, жүрегім ауырады», десе не деп жауап беруге болады? Бұл ретте ешбір ақталудың реті болмасы анық. Сондықтан, ұрпақ алдындағы жауапкершілікті ешуақытта ұмытпаған жөн шығар деймін.
Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.