Аймақтар • 23 Сәуір, 2018

Қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі ерекше

773 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаев «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дар­ламалық ма­қала­сында елімізге инженерлер мен дәрі­герлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажеттігін, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасалатынын айтқан болатын. 

Қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі ерекше

Бұл орайда, алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылатыны айқындалды. Бүгінде алғашқы оқулықтардың тұсауы кесіліп, бұл іс нә­тижелі жүзеге асырыла баc­тағаны мәлім.

Шымкенттегі Қазақстан хал­қы Ассамблеясы ғи­мара­тында өткен жиында жаңа оқулықтардың мән-маңызына арналды. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын талқылау бойынша Қазақстан хал­қы Ассамблеясының бірың­ғай күнін өткізу аясында­ ұйым­­­дас­тырылған ОҚО ҚХА мүшелері мен Қоғамдық келісім кеңесінің бірлескен отырысында ғалымдар, зия­лы қауым өкілдері, этно­мә­дени бірлестіктердің төр­аға­лары мен медиаторлар өз ой-пікірлерін ортаға салды. Мысалы, Аймақтық әлеу­меттік-инновациялық уни­верситеті «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафе­драсының меңгерушісі Үсен Асқаров оқулықтардың маңызына тоқталды. «Елба­сы бастама­сының арқасында еліміздің студенттері қазақ тілінде жазылған әлемнің үздік оқу­лықтарына қол жет­кізіп отыр. Түрлі сала­дағы кітаптар жас­тар­дың ғана емес, жалпы қа­зақ­стандықтардың үлкен көмекші құралына айналады деген сенімдемін. Біздің кезімізде көптеген кітаптар қолжетімсіз болды. Оның үстіне орыс тілінде ғана оқи алатынбыз. Ал бүгінде, мысалы Грегори Мэнкью мен Марк Тейлордың «Экономикс» кіта­бының төртінші басылымы қазақ тіліне аударылып, студенттерге жол тартты. Атақты Гарвард университетінің сту­дент­тері дәл осы кітап­тан білім алады»,– деді Ү.Ас­қаров.

100 жаңа оқулықтың қо­ғамдық сананы жаңғыртуда­ғы рөлі ерекше екенін атап өткен жазушы Мархабат Бай­ғұт­тың айтуынша, оқу­лық­тардың алғашқы легі басылып шыққанда өңірдегі 50-ге жуық ақын-жазушы бас қосып, талдау жүргізген. «Жобаның басты ерекшелігі ол – кітаптардың тікелей ана ті­лінен аударылуы. Ал бұрын оқулықтар тек орыс тілінен тәржімаланатын. Жарасымды жоба жалға­сын таба берсін деген тілектеміз»,– дейді жазу­шы.

Айта кетейік, жа­қында жо­ба бойынша ауда­рылған 18 оқу­лықтың тұ­сауы кесілген болатын. Әрқайсысы 10 мың данамен басылған оқулықтар алдағы уақытта еліміздің бар­лық өңірлеріне таратылып, кітапхана сөрелерінен табылатын болады.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы