10 Ақпан, 2010

КЕШЕ...

1292 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
...“көгілдір отын” аудан орталығына жетті Ең шалғайдағы Қызылқоға ауданының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелуде. Осы кезге дейін мал тезегі мен көмір жа­ғып, шелек-шелек күл шығар­ған­дар енді табиғи газдың қызы­ғын көретін болды. Олай дей­ті­німіз, кеше аудан орталығы – Миялы ауылында табиғи газдың алауы жанды. Миялылық тұр­ғын­дардың қуанышты сәтін облыс әкімі Бергей Рысқалиев арнайы келіп бөлісіп, газ алауын өз қолымен жақты. Ал тұр­ғын­дар арасынан табиғи газ қы­зығына алдымен Қостан Сабы­ровтың отбасы кенеліп отыр. – Тұрмысы төмен, көп ба­ла­лы санатындағы 1500-2000 от­ба­сына мердігер мекемелер газды үйіне дейін жеткізіп береді, – деді өңір басшысы Б.Рысқа­лиев аудан тұрғын­дарымен кездесуде. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы. ...заңды бұзған шенеуніктер жазаланды Облыстық тәртіптік кеңестің алғашқы мәжілісінде бір топ шенеуніктің тәртібі талқыланып, түрлі жазаларға тартылды. Жи­ынды “Нұр Отан” ХДП облыс­тық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Хамит Бекі­шев жүргізіп отырды. Аурухананың гаражын сенім­ді басқаруға беру жөніндегі заң талаптарын өрескел бұзғандары үшін облыстық қаржы басқар­ма­сы бастығының орынбасары М.Жәмәлиев мінбеге шақы­рыл­ды. Талқылау барысында кінә­ла­ры мойындарына қойылып, оған және бөлім бастығы И.Пер­ши­на­ға сөгіс беру ұсынылды. Ал Жамбыл аудандық оқу бөлімінің бастығы А.Моисеенконың тәр­тіп­тік кеңес талқысына түсуі бірінші емес. Былтыр бюджеттің қаржысын мақсатсыз жұмсағаны үшін қызаруына тура келген. Бұл жолы мемлекеттік сатып алу­ды жүргізу және ұйым­дас­тыру талаптарын бұрмалағаны үшін жауапқа тартылды. Ал, Тайынша ауданы Чер­мош­нян­ское ауылдық аймағы­ның әкімі А.Немошкалоның “Жол картасы” бағдарламасы бойын­ша бөлінген қаражатты талан-таражға салғаны анық­талды. Ол әкімдік аппаратында жұмыс істейтін маманның қызын қағаз жүзінде жұмысқа қабылдап, үш айдың жалақысын қызметтік көлікті жөндеуге жұмсаған. Тәртіптік кеңес мүшелерінің оны қызметінен босату туралы ұсынысы бірауыздан қабыл­данды. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы. ...көрме ашылды Қарағандыдағы “Азия” сауда орталығында “Қазақстан — фото көзімен” көрмесі ашылды. Онда облысқа танымал 19 фотограф­тың әр түрлі жанрда түсірілген суреттері қойылған. Соның ішін­де Илья Житников, Люд­ми­ла Шалимова, Ксения Иванова­лардың табиғат көріністері, адамдар бейнесі бейнеленген туын­дылары көрермендер ынта­сын аударды. Аталған сауда орталығы жер­гілікті фотографтардың көрмесін ұйымдастыруға арнайы бөлме бөліп, демеушілік көмек көр­сет­ті. Көрме бірнеше күнге созы­лады. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.