Аймақтар • 24 Сәуір, 2018

Әйелдер қауымына жүктелер міндет көп

286 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко мен комиссия мүшесі Бексұлтан Тұтқышев жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді.

Әйелдер қауымына жүктелер міндет көп

Екі күндік жұмыс сапарының алғашқы күнінде олар әуелі облыстық мектеп олимпиадалары мен мектептен тыс іс-шаралар өткізу орталығында болып, «Әйелдер құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Колледж студенттерімен кездесу барысында Елена Тарасенко қыздарға болашақта тек жақсы отанасы атанып қана қоймай, ел дамуына елеулі үлес қосатын білікті маман болуға ұмтылу керектігін айтып, өзінің қызметтік және өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

Өз сөзінде Бексұлтан Тұтқышев мемлекеттің жастарға көрсетіп отырған қолдауы мен мүмкіндігін әңгімелей келе, жастарды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде көрсетілген міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға шақырды.

Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында Елена Тарасенко мен Бексұлтан Тұтқышев «Нұрәлім» мемлекеттік-жекеменшік сауықтыру балабақшасына барды. Балабақша құрылтайшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлдара Нұрымова заманауи әрі балаларға жайлы мекеменің барлық бөлімдері мен топтарын таныстырды. Аталған мекеменің жағдайымен жіті танысқан олар балалар болашағының жарқын болуына тілектестік білдірді.

Бүгінгі таңда әйел теңдігі әлемдік мәселеге айналып отыр. Тағдырдың түрлі тар жол, тайғақ кешулеріне тап болған әйелдер мәселесі қоғам үшін қай кезде де өзекті. Осы орайда, Ұлттық комиссия мүшелері тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі салдарынан өмірлік қиын жағдайға түскен әйелдерге арналған облыстық дағдарыс орталығында болды. Бүгінде отбасылық, тұрмыстық жағдайларының әсерінен аталған орталықты жеті ана балаларымен бірге паналап отыр. Облыстың әр ауданынан келген оларға бұл жерде әлеуметтік, психологиялық көмектер көрсетіліп, үш айдан алты айға дейін жағдай жасалады. Бір қуанарлығы, көбінесе аталған орталықты паналаған жандардың осы мерзімге дейін-ақ мәселелері реттеліп, отбасыларына оралады екен.

Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко мен комиссия мүшесі Бексұлтан Тұтқышев Жамбыл облысына жұмыс сапарының екінші күнінде Тараз қаласындағы «Арай плаза» кешенінде өткен «Әлеуметтік саясаттағы және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріндегі кешенді гендерлік тәсілдің принциптері» атты семинар-тренингке қатысты. Аталған шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов қатысып, өңірде гендерлік саясат жұмыстарының өз деңгейінде жүріп жатқанын айтса, ЕҚЫҰ Астанадағы кеңсесінің адами өлшемдер бөлімінің меңгерушісі Изабелла Хартман бұл бағыттағы жетістіктер мен жүйелі жұмыстардың маңыздылығына тоқталып өтті. Сонымен қатар ұлттық комиссия мүшелері де еліміздегі гендерлік саясат жөніндегі ойларын ортаға салды. Бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербететін әйел затына артылар міндеттің көп екені де айтылды.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы