Сыртқы істер министрлігі ақпараттық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Бөкебаевтың айтуынша, дипломатиялық қызметке арналған бірыңғай ақпараттық жүйе осы саладағы қағазбастылықтан құтылуға жағдай жасап, жұмысты жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Ал e-residence жобасы арқылы елімізде шетелдік компанияларды резидент ретінде электронды портал арқылы тіркеу көзделіп отыр. Соған сәйкес кәсібін жүргізіп, оны қашықтан басқаруды көздеген шетелдіктердің тіркелу үшін Қазақстанға келуі міндетті емес.
А.Бөкебаевтың сөзіне қарағанда, e-residence биыл байқау ретінде іске қосылады. Алда-жалда жобаның тиімді екені анықталса, оны 2020 жылға дейін іске қосу жоспарланған.
«Электронды резидент – Қазақстан аумағында болмай-ақ кәсіп жүргізуге мүмкіндік береді. Сол арқылы шетелдік азамат салық төлеу, заңды тұлға тіркеу секілді бизнес жүргізуге қажетті бүкіл процесті жасай алады. Заңды тұлғаға өзінің электронды цифрлық қолтаңбасы бар ID карта беріледі. Оның көмегімен ол қандай да бір келісімдер жасасып, мемлекеттік органдардың сервисі арқылы құжаттарға қол қоя алады», деді А.Бөкебаев.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»