Аймақтар • 24 Сәуір, 2018

Маңғыстау үшін дәстүрлі мал шаруашылығын дамыту маңызды

2246 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жасыратыны жоқ, Маңғыстау облысында ауыл шаруашылығы саласының ахуалы мәз емес. Аталмыш саладағы кемшіліктердің төркіні қайдан – қолда барды ұқсата алмаған жергілікті жердегі құзырлы орындарда ма, әлде құжат, бағдарламалармен бағыт беріп отырған орында ма, саланы сүлесоқ еткен кедергілерді жоюдың жолдары бар ма деген мақсатпен осы саланың тәжірибелі маманы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, «КаспийАгроАльянс» қоғамдық бірлестігі үйлестіру кеңесінің төрағасы Күзембай ЕРҒАЛИЕВТІ сөзге тартқан едік. 

Маңғыстау үшін дәстүрлі мал шаруашылығын дамыту маңызды

– Күзембай Ерғалиұлы, сала­ның бүгінгі әлеуетіне қарай отырып, мәселені әріден іздеуге тура ке­летін сияқты. Осы орайда маман ре­тінде қолданыстағы ауыл ша­ру­ашылығын дамыту бағ­дар­ла­ма­ларына көңіліңіз тола ма?

– Сіз бұл сұрақты маған жиі қоя­сыз және мен оған үнемі «иә» деп жауап берумен келемін. Себебі ма­лын әлі де болса күнкөрісімнің кө­зінің бірі деп санайтын ауылдағы ағай­ындар Үкімет қолдау көрсетпесе де малын бағып, оның ризығын кө­ру­де. Иә, ауыл шаруашылығын да­мы­­­туды қолдайтын мемлекеттік бағ­дар­ламалар жеткілікті және олар, сөз жоқ, же­місін де беріп отыр. Нарыққа өту ке­зеңінде құлатып алған ауылымыз­ды, ауыл шаруашылығын аяғынан тік­теп алдық, бүгінгі дәрежеге жеткіздік.

– Әрбір бағдарламаны іске асы­руда оған қойылатын талаптар, яғни қағидасы болатыны белгілі. Аталмыш саладағы бағдарламалар туралы не айтар едіңіз?

– Иә, мемлекеттік бағдарламаларға қатысушыға қойылатын талаптар, ал қаржылай қолдау бағдарламаларын іске асыру қағидасы бар және оны салалық министрлік бекітеді. Адам жа­саған нәрсе болғаннан кейін, оған бар­лық қатысушылардың көңілі то­луы мүмкін емес, соның бірі мен­мін. Қағиданы қолдану барысында кем­шілік көптеп кездеседі және ол за­ң­ды нәр­се, тек оны уақытында түзе­те білу ке­рек. Мен көңілім толмай­тын, бар­лы­ғына ортақ кейбір мәселелерге тоқ­тал­сам деймін. Біріншіден, қағи­да­ны жа­сақ­таушының, яғни Ауыл ша­руа­шы­лы­ғы министрлігінің қаржыны игеруде жауапкершілікті өзгеге ысыруы субсидияның қол­же­тімділігін төмендетеді, қажетсіз әкім­шілік кедергілердің пайда болуына әкеледі. Яғни жауапкершілікті аудандық және облыстық дең­гей­дегі ауыл шаруашылығы мем­ле­кет­­тік органдарына аударғанымен, қар­жының қозғалысын бақылауда ұс­тау­ға тырысып, көптеген мәсе­ле­лерді министрлікпен келісуді қа­лай­­ды. Сондықтан қағиданы жасақтаған кез­де алдымызға басты мақсат етіп осы мемлекеттік қолдау қаржысының алу­шыға қолжетімділігін арттыруды мақс­ат етіп қоймасақ, одан тұшымды нә­тиже күту бекершілік. Көз­делген түпкі нәтижеге қол жет­кізетін де, қаржыны беруші мен алу­шы да, оның жауапкершілігі де ай­мақ­қа берілді ме, орындалуын ғана сұрау керек сияқты. Сонымен қатар қағида талаптарына байланыс­ты жергілікті атқару органынан жол­данатын хат-хабарламалардың бар­лығына тек қана облыстың бірінші бас­шысының, яғни облыс әкімінің қол қоюы талап етіледі. Сосын осы қабылданған қа­ғи­даның тұрақсыздығы, яғни жыл­ма-жыл, тіпті жыл ішінде жиі өзгерістерге ұшырауы Үкіметке деген сенімсіздіктің арта түсуіне әке­ліп соғуда. Осы өзгерістердің нәти­же­сін­де мемлекеттен қолдау аламын деп ісін бастаған кәсіпкерлеріміз, милли­он­даған шығынға батып, қолындағы бары­нан айырылып қалып жатқан жағ­дайлардың бары ащы да болса шын­дық. Сөзім дәлелді болу үшін тек өз аймағымыздан бір-екі мысал келтіре кетейін. «Ақтау-Агро» ЖШС құны 1,6 млрд теңге болатын ет­тік құс шаруашылығын құруды 2016 жылы бастады. Инвестициялық са­лы­­мының бір бөлігін өтеу бойынша, құс фабрикасының құрылыс-мон­таж жұмыстары шығынының бір бө­лігін мемлекеттік қаржылай қол­дау бағдарламасы бойынша субсидия түрінде алып, алған несиемді қайтарамын деп жоспарлады. 2017 жылы қағидаға өзгеріс енгізіліп, құ­ры­лыс-монтаж жұмыстары шығы­ны­ның бір бөлігін өтеуді алып тастады. Дәл осындай жағдай сүт өңдеу цехын салып, іске қосқан шағын ғана «Бай­бо­лат» шаруа қожалығында да бол­ды. Жо­баның құрылыс-монтаж жұмы­сы­ның құны 101,0 млн теңге еді. Енді олардың шеккен шығынын есептеп қараңыз...

– Сіздіңше, мәселені шешудің жолы қандай?

– Біріншіден, қабылданатын қағи­даның тұрақтылығын қамтамасыз ету керек және ол кемінде 3 жыл өз­ге­ріссіз болуға тиіс. Бұл мерзім қа­ғи­­да­да нақты көрсетіліп, егер жұ­мыс ба­рысында өзгерістер мен толық­ты­­рулар енгізілетін болса, олар тауар өндіруші мен инвесторға залал кел­тір­мейтін болуы тиіс. Міне, сонда ғана кә­сіпкер мемлекеттен қолдау алатынына сенімді болады, ойға алғанын сеніммен іске асырады және дамудың да көзі, қолдаудың да тиімділігінің кілті осында деп есептеймін.

Екіншіден, қазақта «келісіп пішкен тон келте болмайды» деген нақыл сөз бекерден-бекер айтылмаған, аймақ­тар­дан келіп түскен сын-ескер­тпелер мен ұсыныс-пікірлерге құлақ асу керек. Бағдарламаларды іске асыра­тын да, қағидамен жұмыс жасай­тын да солар. Мәселе бойынша олар­дың министрліктегілерден іс-тәжі­ри­бесінің әлдеқайда молдығын мой­ын­дауға тиіспіз. Үшіншіден, қазір елі­міздің «Атамекен» ұлттық кә­сіп­кер­лер палатасы көптеген мәсе­ле­лер­ді өз «алаңында» бейнеконфе­рен­ция режімінде аймақтарды қа­тыс­ты­ра отырып алдын ала талдап, тал­қы­лау­ды қолға алды. Өте құп­тар­лық бас­тама және жалғасын табады деген сенімдемін.

– «Жер игілігін көру» мәселесіне қарай ойыссақ...

– Менің ойымша, қазағымның са­ны аз бола тұрса да, осыншама жер­ді ие­ленуінің де, оны білектің кү­ші­мен, най­заның ұшымен қорғап қа­луы­ның да басты себепкері осы мал деп есептеймін. Қазағым өзінің аз­да­ған шаруасының жайын күйттеп, «ма­лым – жанымның садағасы» деп емес, «жаным – малымның садағасы» деп өмір сүргенге ұқсайды. Оның дәлелі ретінде «мал- жан аман ба?» деп аман­дық-саулық сұрасуын айтсақ та жет­кілікті. Міне, енді сол малымыз сый­лаған байтақ жеріміздің байлығын иге­р­іп, ризығын да көріп отырмыз. Ал сол малымыз қолымызда бар ма, ма­лы­мыз жеріміздің ризығын көріп отыр ма? Жоқ. Мысалы, 1908 жылы Адай уезінде 1,6 млн қой-ешкі, 82,5 мың түйе мен 93,3 мың бас жылқы болып­ты. Ол малды аталарымыз қалай ба­ғып-күткені айтпаса да түсінікті. Ал қазіргі электроника мен техника қа­рыш­тап дамыған, мал азығы арнайы дай­ындалатын, баспанаға бергісіз қо­ра-жайы бар заманда осы малдың үш­тен бірін баға алмай отырмыз. Оты болса суы жоқ, суы болса қорасы жоқ, малы болса бақташысы жоқ, міне, біздің бүгінгі күнкөрісіміз. Малы бар адам да, мал баққысы келетін адам да, мал ішінде жүрмей «қызығын» өзгенің қолымен көргісі келеді, ал бабаларымыз «мал баққанға бітеді» депті. Осыған кім кінәлі? Әрине ұтымды ұйымдастыра алмай, қолда барымызды келістіре алмай, «мүжәлсіздік» танытып отырған өзіміз кінәліміз. Себебі шүкір, өсіретін малымыз да, оны азықтандыратын жайылымымыз да, шығынды өтейтін қаржымыз да жеткілікті, тек ұйымдастырудың «көзін» таба алмай отырмыз.

– Ел басына күн туған қиын ке­зең­дердің өзінде Маңғыстау шар­шы­сы малға толған майлы қиян бол­ды. Жаңа ғана өзіңіз айтып оты­р­ғандай, еңбекке техника мен элек­троника араласқан бүгінгі кү­ні Маң­ғыстауда қанша мал бар, шы­ны­ңызды айтыңызшы?

– Бұл шындық ешкімге ұнамайды. Мен мал санап жүргенім жоқ, статистика органының да мал есебін санап алуға құқы жоқ. Кім не берсе, не айтса сол есепке алынады. Ал олардың, мал иесінен бастап әкімге дейін, өтірік айтпайтынына сенімім жоқ, себебі «көрсеткіш» деген пәле бар. Ол төмендеп кетсе, жұмысыңмен қоштаса бер. Ал кім күн­көріс көзінен – жалақысынан, кім отырған «жұмсақ» орнынан айыр­ылғысы келеді? Мем­лекеттік рес­ми құзырлы орган – статистика есебінің рас, не өтірігін анықтау да қиын шаруа емес – жыл басындағы малға жыл ішіндегі «кірісі» мен «ш­ығысын» алып-қосып, жыл аяғын­да­ғы мал басын тексеріңіз. Тепе-теңдік бар ма, әрине жоқ. Бұл менің бірнеше рет тексеріп, көз жеткізген мә­селем және оның арасындағы сәй­кес­сіздікке ешкім де дәлелді түсі­нік бере алмайды. Демек, қисық есеп­ке жауап беретін орган жоқ. Мы­салы, Маңғыстауда Кеңес Одағы ке­зе­ңінде орта есеппен 600-650 мың бас қой-еш­кі болды десек, осыған сул­ан­ды­рыл­ған жайылым жетпей, суға таласып, жаз шыға түгел мал Үстіртке жайылымға айдалып, бір құдықта кемінде 2-3 отар, аналық отарлары төлімен кемінде 1500 бастан отыратын. Ал қаланың жанындағы шап-ша­ғын Ақшұқыр ауылынан таңертең ке­мінде 4-5 отар қой жайылымға шы­ғатын. Яғни ауыл халқы 100 пайы­зға жуық мал ұстайтын. Қазір сол ауылдың көлемі де, халқы да 4-5 есе өсті, бірақ 100 қой да өріске шық­пайды. Ал Ақтаудан Бейнеуге дей­ін 500 шақырым жол жүрсең де, жол­дан 100-200 қойы бар шағын екі-үш қой отарын, «отар» деп айтуға тұ­ра­тын болса, не кездестіресіз, не кез­дес­тірмейсіз. Қазіргі есеп бойынша ор­та есеппен облыста 350-400 мың бас қой-ешкі бар. Сонда «мал қайда жайы­лып жүр?» деген орынды сұрақ т­у­ын­дайды. Сенбесеңіз, Ақтаудан Алматыға дейін машинамен жүріп көрі­ңіз, мен өзім бірнеше рет жүріп өткен­мін, көргеніңізді есепке алыңыз, әрі қарай көргеніңіз негізінде малды есеп­теп ала беріңіз.

– Маңғыстаудың ауыл шаруа­шы­лығының болашағы неде деп ойлайсыз?

– Әрине дәстүрлі мал шаруа­шы­лығын дамыту және оны өнім өн­ді­рісіне мамандандыру. Бүг­інде тағамдық егін шаруашылығы да, мал азығы шаруашылығы да Маң­ғыс­тау­дың саладағы күрделі мәселесін ше­шпейтінін мойындауымыз керек. Өз өндірісіне қажетті азығы жоқ жер­де өзгеге сеніп сиыр, шошқа, құс өсі­ремін деп әлек болуға да ер­терек. Біздегі бүгінгі мүмкіндігі мол, болашағы зор салалар жыл бойы та­биғи жайылымда ұсталатын, тарихи қа­лыптасқан дәстүрлі етті-майлы қой, тау­арлық жылқы және сүттік түйе ша­руашылықтарын кең ауқымды дамыту деп білемін. Қолда бар барлық мүм­кіндігімізді, күш-жігерімізді осы­ларды дамытуға бағыттағанымыз дұрыс болады. Бұл басқа салаларды дамытудан бас тарту деген сөз емес және 2-3 мың гектарға егін егіп, 1-2 гектарға жылыжай салып, Маң­ғыстаудың өнім өндірісі неме­се мал азығы мәселесін шешемін деу бү­гінгі жағдайда артығырақ. Әрине сала­ны кәсіп қылып, нәпақасын тау­ып, ар­тығын халыққа ұсынып жүр­ген­дер­ге, сөз жоқ, әрдайым қолдау кө­р­сетіп, көмектесуіміз керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы