Соңғы деректерге жүгінсек, бұл қасіреттен 1919-1922 жылдары 1,5 млн адам, 1931-1933 жылдары 2,5 млн адам опат болған. 1937-1938 жылдардағы қызыл қырғынды, соғыстың зардабын, соғыстан кейін болған ашаршылықты қоссақ, қазақтың аман жүргеніне өзіңіз таң қаласыз. Осының бәрі қазақ халқын жер бетінен жою үшін әдейі істеліп жатқан іс сияқты. Егер зер сала қарасақ, шындығында да сондай екеніне зәредей күмәніңіз қалмайды. Кезінде бауырлас қазақ пен жоңғар халықтарын бір-бірімен қырылыстырған да сыртқы күштер екені бүгінде анықталып отыр. Олардың атын атап, түсін түстемей ақ қоялық, өйткені ол соғыс өртінің қалай тұтанғаны және оның артында кімдер тұрғаны туралы талай зерттеу еңбегі баспа беттерінде жарық көрді. Ал Кеңес өкіметі кезіндегі қазақтардың қырылуын қазіргі таңда сол қызыл қырғынды зерттеген ғалымдарымыз геноцитке, тіпті этноцитке теңеп жүр. Расында да осы қолдан жасаған қырғындардан қазақ халқының саны екі есеге азайып кеткен жоқ па? Бұл этноцит емей немене? Саналы түрде бір халықты жою ғой. Одан қалса, бар қаймағынан айрылған, мәңгүрттік халге түскен қазақтарды жаппай орыстандыру басталды. Бұрын жанын алса, енді тіліне қол сала бастады. Сөйтіп құрып бара жатқан кезде, құдай жарылқап, тәуелсіздіктің таңы атты. Енді өз қолымыз өз аузымызға жетіп, ел болып, етегімізді түзеп келе жатқанда тосыннан келген соғыстан да жаман қасірет пайда болды. Бұл – бедеулік. Иә, бедеулік – қасірет. Өйткені бұрын мыңнан бір кездесетін бұл ауру қазіргі кезде эпидемияға айналып барады. Көпке топырақ шашуға болмас. Бірақ айтпасаң сөздің атасы өледі. Біз еліктегіш халықпыз. Жақсыға да, жаманға да тез үйренеміз. Шіркін, осы талантымызды басқа жағынан көрсетсек қандай тамаша болар еді. Алайда әзір шеттен келген жамандықты тез үйреніп жатырмыз. Соның салдарынан елді бедеулік пен белсіздік жайлап барады.
Әсіресе халқымыздың сенері, келешекте демографиялық ахуалымызды жақсартады ма деп үкілеп, үміт күтіп отырған жастарымыздың арасында осы дерт кең етек алып, тіпті мемлекеттік қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жағдайға жетіп отыр. Статистика бойынша 2000 жылдары еліміздегі бедеуліктің көрсеткіші 8-10 % аралығында болса, қазіргі таңда 16-17 %-ға көтеріліпті. Дені жастар. Бедеуліктің себебі неде? Негізгі себептердің бірі жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды немесе жыныс органдарының жасына сай жетілмей қалуы, жатырдың өспеуі, аналық бездің ұрықты дұрыс шығармауы, түтікшелердің бітеліп қалуы, жастайынан жыныстық қатынасқа түсіп, артынан түсік жасату болып келеді.
Ғалымдардың зерттеуінше, бедеуліктің 70 %-ы алғашқы жүктілікте түсік жасатқандықтан болатын көрінеді. 2009 жылы әлемде 30 миллион жасанды түсік жасалса, соның 300 мыңы Қазақстанға тиесілі. Бұл әйелдерге тән көрсеткіш. Ал ер-азаматтарға не болды? Ащы шындық, бұл сырқат жігіттеріміздің арасында да белең алған көрінеді. Бедеулік (бесплодие) белсіздік (импотенция) емес, сонда да бұл оңай дерт емес. Егер статистикаға сенер болсақ, отбасын құрған жастардың арасында жігіттердің 50%-ы бедеулікпен ауырады екен. Бұл қалалық жерден алынған деректер. Ауылда да бар, бірақ айтарлықтай көп емес. Қазақтың көбі қазір қалаға көше бастағанын есепке алсақ, бұл жақсы нышан емес. Бұрын отбасында бала болмаса әйелдерін емдетіп жататын еді, енді бедеуліктен емдеу ер-азаматтарға көшкен сияқты. Олардың арасында кездесетін бедеулікке көбіне өзіміз жол береміз. Бұл дегеніміз – ішімдік ішу, темекі тарту, есірткі қолдану, ерте жыныстық қатынасқа түсу және бей-берекет, теріс жолға түскен әйелдермен жыныстық қатынаста болу. Соның кесірінен әртүрлі жыныс мүшелері жағынан ауру жұқтыру, оған экологияны, Қазақстанды тұмшалаған радиацияны, жерімізді ластап бітірген пестицидтерді қоссақ және ағзаға ұқыпсыз қарауды есепке алсақ, мәселен, қатты қысатын киім кию, саунаға жиі бару, спорт жаттығуларымен артық шұғылданудың барлығы бедеулікке тікелей алып келетін жол. Бедеулік бар жерде отбасы бұзылады. Бала туу кемиді. Демографиялық жағдай нашарлайды. Демографиялық ахуалымыз онсыз да мәз емес екені белгілі. Бұл мемлекеттік ауқымдағы күрделі мәселе. Сондықтан бедеулікпен күресу жалпыхалықтық міндет болуы керек. Елімізде бедеулікпен белсенді күресіп жатқан орталықтар баршылық болғанымен өте аз. Әйелдер арасында түсік тастау бедеулікке баратын тура жол дедік, енді сонымен мемлекетімізде қалай күресіп жатыр. Бұл ретте тиімді шаралар атқарылмай отырғаны аян. Ал түсік тастау жылдан-жылға артып барады. Қазіргі уақытта бесіктен белі шықпаған өрімдей қыздар осы қадамға баруда. Ресми деректерге сүйенсек, еліміздегі жасөспірім қыздардың 10 мыңнан астамы екінші мәрте түсік жасатқан екен. Ал бірінші рет түсік тастағандардың саны одан да көп. Біз бұл жағдайға қалай тап болдық? Жастарымыздың қателігіне не себеп? Неге көгілдір экранды, интернетті жаулап алған, жастарды жаман жолға түсуге азғыратын бағдарламаларға шек қойылмайды? Осы шеттен келіп жатқан бағдарламалардың салдарынан буыны қатпаған жас қалай ішімдік ішіп, темекі тартып, есірткіге еліктеп кеткенін білмей де қалып жатқан жоқ па? Осының бәрі адам ағзасын, психологиясын бұзып, 12-13 жастағы жас қыздар жыныстық қатынасқа барып, екіқабат болып, түсік жасатып жатыр. Түсіктің арты бедеулік екені белгілі. Сондықтан оған тоқтам болуы тиіс. Әрине, Қазақстан зайырлы мемлекет. Адам құқығын шектеуге болмайды, бірақ елдің қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдай болса ше? Бұл елімізге елеусіз еніп келе жатқан зор қауіп екенін ғалымдарымыз неге айқайлап айтпайды. Дүниеде қайғының зоры – ұрпақсыз қалу. Бедеулік – отбасыны ойрандайтын дерт.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 104-бабының 1-бөлігінде әйелдің жүктілікті жасанды түрде үзуге құқығы бар деп көрсетілген. Дүние жүзінде жүктілікті жасанды түрде үзуге заң түрінде тыйым салған және түсік жасатқаны үшін жазаға тартатын 10 мемлекет бар. Олар жүктілікті жасанды түрде үзуге заң түрінде тыйым салғаннан ұтылған емес. Мысалы, Филлипин елінде 1930 жылы шыққан заң бойынша түсік жасауға тыйым салынған. Нәтижесінде халқы 1951 жылы 18 913 549 адамды құраса, 2018 жылы 106 389 361 адамды құрады. Халықтың саны осы жылдар ішінде 87 475 812 адамға өскен. Ал Қазақстанда қазақтар саны 1989 жылы 6 534 616 адам болса, 2012 жылы 10 979 511 адамды құраған, яғни 23 жылда 4 444 895 адамға ғана өскен. Оның жартысы шеттен келген қандастар. Сонда 23 жылда бары-жоғы 2 млн шамасында ғана табиғи түрде өсіп отыр. Өкініштісі, кейінгі жылдардағы деректерде қазақтардың елімізде қанша болғаны көрсетілмеген, тек Қазақстан халқының қанша пайызға өскені ғана көрсетіледі. Көрдіңіздер ме, бедеуліктің арқасында қанша мәселе пайда болады. Себебі бедеулік бар жерде отбасында бала болмайды, бала болмаған соң отбасының шырқы бұзылады, ажырасу көбейеді. Баласыздықтан құтылу жолы – емделу. Әрине онда да болмаса бала асырап алу. 2016 жылы 9 сәуірдегі Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 84-бабына толықтырулар мен өзгерістер енгізілуі бойынша Республикалық деректер банкінде есепте тұрған балалар азаматтығы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, балалардың туыстарына, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен асырап алуға беріледі. Дұрыс, ата-анасыз қалған балаларды бірінші кезекте туысқандарына берген жөн. Алайда осы баптың 4-бөлігінде көрсетілген «Баланы туыстары, Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары асырап алмаған жағдайларда ғана Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, Республикалық деректер банкінде орталықтандырылған есепте тұрған балалар шетелдіктерге асырап алуға берілуі мүмкін» деген жолдармен келісуге болмайды. Өйткені өзіміз демографиялық ахуалымызды өзгерте алмай жатқанда неліктен шетелдіктерге бала асырап алуға рұқсат беруіміз керек?! Бір кеткен соң ол қазақтың баласы болмайды. Қазақстан шетелдіктерге бала беру жағынан әлемде үшінші орында тұр. Біз бұл жағынан да алдыңғы қатарға шығып кетіппіз. Дүние жүзі бойынша балаларын халықаралық асырап алуға ұсынатын елдердің ішінде Қытайдан, Вьетнамнан кейін Қазақстан тұр екен. Израиль елінің заңында «Еврей тек еврейдің баласын асырап ала алады», деп жазылған. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық еді. Неге еврейлерден өнеге алмаймыз? Сондықтан заңнамаға «Қазақтың баласын тек қана қазақ асырап ала алады» деп жазып қойған абзал. Байтақ қазақ жерін толтыра алмай жатқанда қарадомалақтарымызды мұхит асырып жіберіп жатырмыз. Маңайымызға қарайық. Көршілеріміз Қытай 20 жылдан кейін 2 млрд, өзбектер 70-80 млн болуы мүмкін. Солтүстігіміз де қара ормандай, ал қазақ ше? Ойланатын жайт.
Сайлаубай МАМИРАИМОВ,
отставкадағы судья