Жекпе-жек • 24 Сәуір, 2018

Дзюдодан жастар арасында Азия кубогы өтті

751 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Халық арена» спорт кешенінде дзюдодан көрнекті қоғам қайраткері, спорт жанашыры, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Бекет Махмұтовтың жүлдесі үшін жастар арасында Азия кубогы жолындағы жарыс өтті. 

Дзюдодан жастар арасында Азия кубогы өтті

Тоқсаныншы жылдардың басында ел экономикасы еңсе тіктей алмай жатқан тұста республикалық бокс федерациясының тізгінін ұстаған Бекет Сапабекұлы осы спорт түріне барынша қолдау көрсетіп, былғары қолғап шеберлерінің ештеңеден тарлық көрмеуіне септігін тигізді. Айтулы азаматтың басшылығымен Қазақстанның ұлттық құрамасы Олимпия ойындары мен дүниежүзілік додада және басқа да көптеген байрақты бәсекелерде ғаламат көрсеткішке қол жеткізіп, әлемдегі ең үздік үш команданың қатарына еркін қосылды. Жастар мен жасөспірімдер боксы да керемет қарқынмен дамыды. 1996-2006 жыл аралығында АИБА-ның бірінші вице-президенті болған кезде де Махмұтов мырза отандық бокстың өркендеуіне барынша атсалысты.

2009 жылы ол республикалық дзюдо федерациясының президенті болып сайланды. Бұл ретте де Бекет Махмұтов өзінің іскерлігін танытып, айналдырған үш-төрт жыл ішінде Олимпиада бағдарламасына енген күрестің бұл түрінің көкжиегін кеңейтіп, тасын өрге домалатты.

Биылғы турнирде Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстанның барлық аймағынан келген 200-ден аса балуан бақ сынады. Екі күнге созылған бәсеке барысында біздің өрендер шашасына шаң жұқтырмай бас жүлденің барлығын өздері олжалады. Олардың татамидегі қимыл-қозғалысы мен жанкештілігіне қарап, елімізде жалынды жастардың қалың шоғыры өсіп келе жатқанына анық көз жеткіздік. Дәл осындай пікірді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Айдын Смағұловтың да аузынан естідік. БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында ол: «Жастар буыны халықаралық додаларда да дәл бүгінгідей күресетін болса, ел дзюдосының ертеңі үшін еш алаңдамауға болады» деген пікір білдірді.

Жарыстың өзіне келер болсақ, жекелеген салмақ дәрежелері бойынша мына дзюдошылар жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді: Ұлдар – Нұрхан Алмабек (55 кило), Бауыржан Нарбаев (60 кило), Сұңғат Жұбатхан (66 кило), Аңсарбек Ғайнуллин (73 кило), Бейбіт Мәдиев (81 кило), Мәлік Темірсұлтанов (90 кило), Нұрсат Темірхан (100 кило) және Бейбарыс Әбдіғани (+100 кило).  Қыздар – Әдия Сайын (44 кило), Ғалия Тынбаева (48 кило), Ақмарал Ерназар (52 кило), Меруерт Сәрсенова (57 кило), Саера Мырзахметова (63 кило), Әмина Расұл (70 кило), Нәзерке Тілеуханова (78 кило) және Кәмила Берліқаш (+78 кило).

Сонымен қатар Бекет Махмұтовтың жүлдесі үшін өткен халықаралық турнирді тамашалау үшін дзюдо күресінің басы-қасында жүрген майталман мамандар мен даңқты дзюдошылардан бөлек, бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов пен әлем кубогының иегері Аркадий Топаев, еркін күрестен Олимпиада ойындарының жеңімпазы, әлемнің 5 дүркін чемпионы Қажымұрат Гацалов сынды саңлақтар да «Халық аренаға» арнайы ат басын бұрды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ