Тәуіш ауылының тұрғыны Ақпан Досановтың қорасындағы бір қойдың шала туған қозысының басы үлкен, астыңғы жақ сүйегі жетілмегендіктен оны бір қарағанда қабанға ұқсатады. Бірақ табиғаттың мұндай «ауытқуы» малдың ішінде ілуде болса да кездесетінін білетін шаруа оны ауылдағы мал дәрігеріне көрсетуді де мақсат тұтпай, көміп тастайды. Бірақ немерелері жетілмей, шала туған қозыны телефонымен суретке түсіріп алады, уатсап арқылы сүт пісірім уақытта-ақ дүйім жұртқа таратып үлгереді.
Біз осы «қабан» болып туған өлі қозының анық-қанығын білу үшін Жанкелдин аудандық «Мал дәрігері» мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорнының директоры Әбілбек Сейтқазиевпен хабарласқан едік.
– Ауыл тұрғынының қорасындағы қой қай қабанмен будандасыпты? Құлақ естімеген жағдайды жұрт айта беретін болды ғой. Әлеуметтік желілерде Байқоңырдан ұшқан Ресей зымырандары таратқан радиация салдары дегендер де табылып жатыр. Мұндай жағдай бұрыннан кездесетін құбылыс. Шаруа қорасындағы қошқарын өзгертіп отыруы керек. Қан туыстығы бар малда мұндай құбылыстар болып тұрады. Өзімнің көп жылғы жұмыс тәжірибемде екі басты немесе сегіз аяқты қозының туғанын көргенмін. Еркек малды өзгертіп отырмаған жерде осындай тұқымның жетілмеуі, азғындауы бола береді, – дейді Әбілбек Сейтқазиев.
Төрт түліктің жағдайын бес саусақтай білетін қазақ уақ малдың еркегін ауыстырып отырған. Тағы бір қызығы, ілуде бір болса да, ірі қара мен жылқының төлін егіз тууы кездесіп тұрады екен.
– Негізі ірі қара малдың егіз тапқанын ырымшыл қазақ жақтырмаған. Сиыр егіз бұзау, бие егіз құлын тапқанда бір төлін өлтіріп, көміп тастаған жағдайлар да кездескен. Немесе егіздің біреуін өзгеге сыйлап жібереді екен. Ал Торғайда жылқының егіз құлын тууы жиі кездесіп жүр. Менің байқауымша, мұндай құбылыс жылда кездеспейді. Ал кейбір жылдары сиыр да, жылқы да егіз табады. Биыл Торғайдың өзінде екі жылқының бауырында егіз құлын шапқылап жүр, кәдімгі құлындар, ешқандай ауытқуы жоқ , – дейді Әбілбек Сейтқазиев.
Ауылдың мал дәрігерлері «қабан» қозының себебін жұртты дүрліктірмей дөп басып айтып берді. Ал жылқы мен сиыр егіз туды деп несіне үркеміз? «Қой егіз туса, шөптің басы айыр шығады» деген ғой шаруа баққан аталарымыз. Айтпақшы, «Бардың есебі табылады» дегенді айтқан да сол аталарымыз.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Жанкелдин ауданы