Аймақтар • 24 Сәуір, 2018

Петропавлда бірнеше отбасы баспанасыз қалды

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Уральская көшесінде орналасқан баспананың бір жақ қабырғасы опырылып, құлап  түсті.

Петропавлда бірнеше отбасы баспанасыз қалды

Нысан 2015 жылы аппатты деп танылғанына қарамастан 13 адам жанын шүберекке түйіп, тұрып келген. Апаттық жағдай болған күні Анна Рыжкова отбасымен бірге жиенінің туған күнін тойлап жатқан. Бұл отбасы зақымдалған пәтердің үстінде 30 жылдан артық тұрып келген. Осыған дейін жағдайларын айтып тиісті орындарға барғанмен, ешқандай шара көрілмепті. 8 пәтерлік үйге қалалық әкімдік қызметкерлері бірнеше күн бұрын келіп, баспананың іргетасы жоғын көрген.

«Қалада аппаттық үйлер аз емес. Жағдайдан хабардармыз.Әкімдік балансында аппаттық үйде тұратындарға арналып жеке пәтерлер салу қарастырылмаған. Тек 3 отбасыға ғана уақытша баспана беруге қауқарлымыз», дейді әкімдіктегілер.

Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовтың айтуынша үш отбасы баспана кезегінде 100-ші орында тұр. Оларға пәтер беру мүмкіндіктері іздестірілуде. Апаттық деп танылған үйлерді сыру және тұрғындарды басқа үйге көшіру жағы қарастырылуда.  Мәселе қаражатқа тіреліп тұрған жайы бар.

Апатты үйдегі басқа тұрғындар да алаңдаулы. Өйткені күн өткен сайын қабырғадағы жарықтар ұлғайып барады. Кез-келген мезетте нысан үйіндіге айналуы мүмкін. Қазіргі уақытта 5 отбасы  тұрып жатыр.

Облыс орталығында 187 адам қоныстанған 20 үй аппаттық жағдайда тұр.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»