Аймақтар • 24 Сәуір, 2018

Қостанайда үш тілде сөйлейтіндер қатары көбейіп келеді

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен үш тілді жетік меңгерген жастардың арасында «Тілдарын» атты облыстық олимпиадасы өткізілді. Олимпиадаға қатысуға облыстың аудандары мен қалаларынан 24 адам белсенділк танытты.

Қостанайда үш тілде сөйлейтіндер қатары көбейіп келеді

«Үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген дарынды жастарды анықтау және қолдау, сол арқылы қазақстандық патриотизмді нығайту, тілдік мәдениетті тәрбиелеу, өзге халықтардың тілі мен мәдениетін құрметтеуді қалыптастыруды мақсатымыз деп деп білдік», дейді «Тілдарын» олимпиадасын ұйымдастырушылардың бірі, обылстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім меңгерушісі Бақытгүл Сүлейменова.

Олимпиадаға қатысушылардан тапсырылған тақырыптың мазмұнын толық ашу, тапсырылған тақырып бойынша эссе жазу, мәтінге ілеспе аударма жасау талап етілді.  

«Тілдарын» облыстық олимпиадаға қатысқандардың барлықтарына сертификаттар табысталды. Солардың арасында үш тілді еркін меңгеруге талаптанғандар арнайы аталымдармен аталып өтті. Қарабалық ауданынан келген Нарбек Мадина «Сөз шебері», рудныйлық Куватова Жұлдызай «Тіл шебері», Жітіқарадан Таңатова Мадина «Көрермен көзайымы» аталымдарына ие болып, дипломдармен және «Сулпак» тұрмыстық-техникалар дүкендері желісінің 5 000 теңге көлеміндегі сыйлық сертификаттарымен марапатталды.

Ал олимпиада қорытындысында үш тілді кәдімгідей жетік меңгергендер ерекше көзге түсті. І орынды А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ студенті Нұрмаганбетова Әнипа жеңіп алып, дипломмен және «Сулпак» тұрмыстық-техникаларды дүкендер желісінің 20 000 теңге көлеміндегі сертификатымен марапатталады. ІІ орынға Жанкелдин ауданынан келген Болат Қорлан ие болып, дипломмен және аталған дүкеннің 15 000 теңге көлеміндегі сертификатымен марапатталады. Ал азылар алқасы ІІІ орынды Арқалық қаласынан келген Жарылқасын Ақеркеге лайық деп тапты. Ол да «Сулпактың» 10 000 теңге көлеміндегі сертификатымен марапатталды.

2018 жылдың қараша айында Петропавл қаласында өтетін «Тілдарын» атты республикалық олимпиадаға Қостанай облысының атынан жүлделі І орынға ие болған Нұрмаганбетова Анипа қатысатын болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»