Сол сияқты 90-шы жылдары облыстық «Ленин туы» (қазір «Солтүстік Қазақстан») газетінде қызмет еткен жас журналист Жарқынбек Әлімбетовтің ұйымдастыруымен «Жаңаша» ойын-сауық отауы шаңырақ көтеріп, жұртшылық әр қойылымын асыға күтетін мәдени орынға айналғанын қайтіп қана ұмытармыз? Әзіл-қалжыңға, уытты күлкіге толы туындылардың ара-арасына термелерді, халықтық, дәстүрлі әндерді, күйлерді, айтыс қойылымдарын сыналап кіргізіп, репертуар тотықұстай түрленіп отыратын.
Шашубай Малдыбаев ағамыз әріптес інісін қолдап, талай-талай сәтті режиссерлік шешімдер жасады. Құрамында Аманкелді Мәукенов, Ерназар Ыбыраев, Күннар Қабдөшева, Кәмила Әлібаева, тағы басқа жергілікті өнерпаздар бар топ еліміздің бірқатар облыстарына, Ресейдің шекаралас аймақтарына гастрольдік сапарларға шығып, талғампаз көрермендерді қазақы қалжыңға қарық қылып жүрді. Осылайша өмірде де, өнерде де ойып тұрып орын алған әзіл әлемінен біраз уақыт көз жазып қалғанымыз белгілі. Енді осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының белді актері әрі режиссері Болатбек Шамбетов сатира театрын құрып жатыр дегенді естіп, «жақсыны білмек үшін» деген ниетпен жолығып, аз-кем тілдескен едік.
– Сатира театрының «Теріскей» деген атауы құлаққа жағымды естіледі екен. Оны құру идеясы қалай туды?
– Жұртшылық арзан, ыржақай шоулардан мезі болған сықылды. Кез келген телеарнаны ашып қалсаң, ой саларлық ештеңесі жоқ, табиғатымызға жат көріністер андыздап қоя береді. Әрине көпшілікке тас лақтырудан аулақпын. Десек те шетелдерге еліктеуден, солықтаудан туған татымсыз қойылымдар жастардың санасын улап, ұлттық нақыштан ажыратып бара жатқаны мәлім. Кейде рөлді сомдап жүрген әртістердің өздері неге мәз болып жүргендерін түсінбейтіндей әсер қалдырады. Актерлік шеберлік, қарым-қабілет өз алдына, меніңше, ең бастысы, бүгінгі күннің өткір мәселелерін, толғақты проблемаларын астарлап та, ишаралап та, тікелей де жеткізетін салмақты, мазмұнды репертуарлық шығармалар тапшы. Екіншіден, езуіңе мысқыл үйіретін, жағымсыз құбылыстарға жиіркеніш тудыратын ойлы сатираны адамдар теледидардан ғана емес, жергілікті жерлерде тікелей тамашаласа деген ойды ұстандық. Мұның өзі көңіл көтерудің, жақсы дем алудың, мәдени орта қалыптастырудың, үлгілі қарым-қатынас жасаудың игілікті шарасы болар еді.
– Жұртшылықты күлдіреміз деп жүріп бүлдіріп алып жүрмейсіңдер ме?
– Осыдан он бес шақты жыл бұрын облыстық телеарна жанынан «Ойпырмай» атты әзіл-сықақ бағдарламасының ашылуына ұйытқы болған едім. Аз-кем тәжірибеміз бар. Оның үстіне жаңа театрға бірқатар талантты, талапты әріптестерімді тартып отырмын. Қалалық мәдениет үйінен орын беріліп, барлық жағдай туғызылды. Келешекте 500 орынды қазақ театры бой көтерсе, өрісіміз кеңейетін болады.
– Бүгінгі күн сатирасының мәнін қалай түсінесің?
– Қазіргі көрермендердің талғамы да, көзқарасы да мүлдем бөлек. Сатира да тәрбиенің маңызды құралы. Ол тек күлкіден тұрмайды. Астарында салмақты ой, әлеуметтік астар жатуы керек. Кей жағдайларда сатираның рухани күш беретін, жақсы көңіл күй сыйлайтын құдіретін әркез есте ұстаған абзал. Іздене білгенге нысанаға ілігетін тақырыптар жетіп-артылады. Қазақ сатира тарландарының шығармаларын парақтайтын болсақ, бүгінгі күнмен үндес, маңызы бір мысқал кем емес туындылар аз емес. Жергілікті авторлармен де байланысымыз жақсы. Өңір тұрғындары тырнақалды бағдарламаны, алғашқы қойылымды жуық арада тамашалайтын болады.
Бір сөзбен айтқанда, табиғатымызға жақын қазақы әзіл-қалжыңдарға көбірек орын беретін боламыз.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы