Салтанатты рәсім үстінде аудан әкімі Ниқанбай Омарханов Нұра ауданының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында 88 пәтердің кілті тұрғындарға тапсырылатынын айтты. Аудан әкімі мұның өзі Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» айтылған міндеттердің Нұра жерінде жүзеге аса бастағанының жарқын көрінісі екендігін атап өтті.
Болашақта құрылыс алаңына айналатын жерге қада қағылғаннан кейін ауыл ақсақалы Исай қажы Қайболда ақ батасын берді. Құрылысты жүргізетін «Нұр Инвест групп» серіктестігі мен «Каздорстройтех» фирмасының басшыларына ақсақалдар қауымы сәттілік тілеп, сенім білдірді.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Қарағанды облысы бойынша 332 пәтер салынатын болса, оның 40 пәтері Нұра ауданына тиесілі. Жалпы көлемі 3314 шаршы метр аумаққа тұрғызылатын бұл үйлерге республикалық және облыстық бюджеттен 481 млн теңге және оның инфрақұрылымын салуға 37 млн теңге қаражат бөлінген, – деді Қарағанды облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Асхат Макенбаев.
Бүгінде Нұра ауданының орталығы көрер көзге көркейіп, өркендеп келеді. Тұрғындардың жағдайын жақсарту мақсатында аудан бойынша 50 шақырымнан астам диодты шамдар желісі орнатылған. Мұның өзі электр қуатын үнемдеуге зор септігін тигізеді. Сонымен қатар автомобиль жолдары жөнделіп, ауыз су проблемасын оң шешудің де жолы табылған.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы