Биылғы жылдың 23 сәуірінде Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен және «Global Gas Group» газ-моторлы компаниясы өкілдерінің қатысуымен, «Көкшетау автобус паркі» ЖШС бастамасымен қазақстандық «СарыаркаАвтоПром» компаниясы шығарған «Ankai», ресейлік өндірушілердің КАВЗ-4270, «Volgabus Ситиритм» және қытайлық «Golden dragon XML6105CR» маркалы 4 автобус тестілік режімде бағыттарға шығарылған болатын. Айта кету керек, бұл автобустардың барлығы да көгілдір отынмен (метан) жүреді. Қазіргі таңда аталған автобустар қалаішілік бағыттар бойынша жүреді. Тестілік режім сәуірдің 29-ына дейін жалғасатынын ескерсек, осы уақыт ішінде жаңа автобустарға мінген жолаушылар үшін жолақы тегін болады.
Әбден тозығы жеткен, оның үстіне қала экологиясын ластап келген ескі көліктердің 50 пайыздайын автобустардың жаңа түрі ауыстырады. Қаланың автобус парктері мен Қазақстанның солтүстік өңірлерін табиғи газбен жүретін автобустармен қамтамасыз етіп келе жатқан жалғыз «Global Gas Group» компаниясы арасындағы ынтымақтастыққа сәйкес экологиялық таза газ-моторлы отынмен қамтамасыз ететін болады. Қала аумағында автомобильдік көгілдір отынды жинақтайтын компрессорлық стансаның орнатылуы күніне 70-ке тарта қалалық автобусты жоғары сапалы газ-моторлы отынмен қамтамасыз етуге жетеді екен. Аталған автобустарда табиғи газды пайдалану дизель отынымен салыстырғанда 50 пайыздай үнемдеуге мүмкіндік береді және «Еуро 5» стандартына сай.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы