«Реал» командасынан бір ойыншыны аттай қалап, жалға алған «Бавария» испандардың өз қаруын өзіне қарсы қолданды. Ойынның 28-минутында Зинедин Зидан жаратпай тастаған Хамес Родригес ортадан допты тартып алып, Йосуа Киммихке пас асырды. «Бавария» ойыншысы жойқын соққымен есеп ашып, «неміс машинасын» алға шығарды. Осыдан кейін «Реалдың» ойыны жүрмей, қонақтар қипалақтап қалды. Алайда бірінші тайм аяқталар тұста бразилиялық Марсело таразы басын теңестіріп кетті. Зиданның командасы үшін бұл өте маңызды голға айналды. Бразилиялық қорғаушы есепті теңестіріп қана қоймай, әрі үзіліске кетер алдында қарсыласқа психологиялық соққы берді. Осыдан соң қарқынға қарқын қосып келе жатқан «Баварияның» арыны басылып қалды. Плэй-офф кезеңінің бүкіл сатысында гол соққан Марсело осындай маңызды тұста испан клубын құтқаратын әдеті еді. Чемпиондар лигасының плэй-оффында 7 гол ұрған Марсело ешқандай қорғаушы көрсетпеген нәтиже тіркеді.
Екінші таймда көрінбей жүрген Криштиану Роналду бір-екі мүмкіндікке ие болды. «Бавария» қорғаушылары адуынды шабуылшыны тұсап ұстаймыз деп жүргенде алаңға алмасып кірген жас пері Асенсио гол соғып үлгерді. Осы жарыста 4 гол салған Марко голдарының 50 пайызын «Баварияға» соғыпты. Чемпиондар лигасының бүкіл ойынында гол соғып келе жатқан Роналдудың қоржыны бұл жолғы жорықтан бос қайтты. Дегенмен 2:1 есебімен жеңіске жеткен мадридтіктер тағы бір рекорд орнатты. Кәрі құрлықтың басты додасында «Реал» 150 мәрте жеңіс тойын тойлады.
Бір қызығы, қос клуб өткен жылы Чемпиондар лигасының ширек финалында кездескен кезде, бірінші ойынды «Реал» тура осылай 2:1 есебімен жеңген болатын. Бірақ жауапты ойында немістер есе қайтарып, ойынды қосымша экстра-таймға аудартып жіберді. Берілген 30 минуттың ішінде Зидан шәкірттері 2 доп соғып, жартылай финалға жолдама алды. Биылғы тартыстың қалай аяқталатынын араға апта салып тамашалайтын боламыз.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»