Әдебиет • 27 Сәуір, 2018

«Алтын қалам» әдеби жүлдесінің жаңа маусымы ашылды

1365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше орталық коммуникациялар қызметінде «Алтын қалам» әдеби жүлдесі жаңа маусымының ашылуына арналған баспасөз конференциясы өтті. 

«Алтын қалам» әдеби жүлдесінің жаңа маусымы ашылды

Қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағына бейжай қарамайтын азаматтар бастап ұйымдастырған «Алтын қалам» әдеби бәйгесі 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның бір­ден-бір ерекшелігі, авторы көрсе­тілмей сайтқа салынған шығар­ма оқырман талқысына түсіп, оқылым, дауыс жинауына байланысты іріктеліп, жүлдегер анықталады.

Конференция аясында былтыр «Жылдың үздік прозасы» аталымы бойынша жеңімпаз атанған Мақсат Қарғабайдың «Өмірдің өзі» атты кітабының және «Алашораданың 100  жылдығы» аталымы бойын­ша жүлделі болған Әміржан Әлпейісовтің «Ана жүрегі» мен Ақылбек Шаяхметтің  «Суық жел» атты еңбектері бірік­тірілген «Алашорда» атты кітаптың беташары болды. 

«Байқауды биыл жетінші рет ұйымдастырып отырмыз. «Алтын қалам-2018» жүлдесі талантты жас  қаламгерлерге өзін танытуға жол ашады деп ойлаймыз. Жыл өткен сайын қа­тысушылар қатары кө­бейіп келеді, бұған әрине қуа­на­мыз. Бұл бүгінгі таңдағы қазақ әдебиетінің дамып келе жатқанын, өз қолтаңбасы қалып­тасқан жаңа қазақстандық ав­торлардың таныла бастағанын аңғартады», деді байқауды ұйым­дастырушылардың бірі Кен­же Жұманұлы. 

Аталған бәйгеде оқырмандар биыл төмендегі аталымдар бойынша дауыс береді:  

1. Жылдың үздік поэзиясы.

2. Жылдың үздік прозасы.                    

3. Дарабоз. Жылдың үздік бала­лар және жасөспірімдер шығар­масы.

4. Есенжол Домбаев атын­дағы жылдың үздік сатирасы.

5. Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы.                          

6. Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы.

7. Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін.

8. Есенқұл Маманұлы атындағы сыйлық. 

Есенқұл Маманұлы атын­дағы бас жүлде – 1 000 000 теңге қазақ тілінде жазылған үздік романның авторына беріле­ді. Сонымен қатар балалар әде­бие­тіне арналған «Дарабоз» байқауы­ның жеңімпазына 1 000 000 теңге беріледі. Өзге аталым жеңімпаздарына да ақшалай сыйлық табысталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қаржылай сыйлықтарды  «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясының жетекшісі Бауыржан Оспанов тағайындап отыр екен.

«Алтын қалам-2018» әдеби жүлдесіне шығармалар қыр­күйектің 15-іне дейін қабыл­данады. Оқырмандар қазан айы­ның 1-іне дейін дауыс бере алады. Жеңімпаздардың есімдері күзде өтетін  марапаттау шарасында жарияланады. Конкурс жайлы толық мәліметті www.akalam.kz ресми сайтынан білуге болады.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»