Ассоциацияның штаб-пәтері Брюссель қаласында орналасқан және ол Еуропадағы 800 жетекші университеттерді біріктіреді. Оның қызметі еуропалық университеттерге заманауи қажеттіліктерге және жоғары халықаралық стандарттарға сай тиімді дамуға көмектесуге бағытталған. ЕУА президенті ғылым мен білім салаларының көрнекті қайраткерлері арасынан үш жылда бір рет сайланады.
Кәсіпқой, прогрессивті көшбасшы, көрнекті ғалым және көптеген ғылыми-білім беру жобаларының бастамашысы ретінде Ғалым Мұтанов халықаралық академиялық қоғамдастықта кеңінен танымал. Еуропа кеңістігінде ғылым және білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, дамытқаны үшін ҚазҰУ ректоры Польша Республикасы Қызмет орденінің Кавалер кресті, Францияның Пальма бұтағы академиялық ордені, «Білім және ғылым саласындағы көрнекті еңбегі үшін» атты атаулы алтын медалімен және басқа да марапаттарға ие болған.
Оның кандидатурасын бірқатар танымал университеттер қолдады. Мысалы, Ресей халықтар достығы университетінің ректоры Владимир Филиппов, Еуропалық университеттер қауымдастығының бас хатшысына жолдаған қолдау хатында академик Ғалым Мұтанов ассоциацияның президенті лауазымына тағайындалған жағдайда, ЕУА-ны позитивті келешек күтіп тұрғанына шынайы сенім білдірді.
Қазақстан өкілінің жоғары лауазымға ұсынылуы мемлекеттің жоғары білім жүйесіндегі жетістіктерінің әлемдік деңгейде танылуының жарқын көрінісі.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ