Аймақтар • 28 Сәуір, 2018

Павлодарда кәсіпорындар бостандыққа шыққан азаматтарды жұмысқа қабылдауда

388 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы «Ридо» ЖШС, «Трубопрокат зауыты» ЖШС, «КазБитумсервис» АҚ, «Кастинг» ЖШС, «Трамвай басқармасы» АҚ, «Компания Нефтехим ЛТД» ЖШС, «№1 Автобус паркі» ЖШС, «Каустик» АҚ –та  қазір  130-ға жуық түрмеден шыққан жандар еңбек етуде. 

Павлодарда кәсіпорындар бостандыққа шыққан азаматтарды  жұмысқа қабылдауда

Қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімінің  мәліметінше, түрмеден босатылған және пробациялық қызмет бақылауында тұратын 169 адам жұмысқа орналасу және бір жолғы ақшалай көмек алу үшін өтініші білдірген. Оның ішінде 117 адам тұрақты жұмысқа, әлеуметтік жұмысқа - 7, уақытша қоғамдық жұмысқа 12 адам орналастырылып, кәсіпкерлік оқуға 8 адам жіберілген. Бөлім бас  бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға, жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек көрсетудің бірқатар бағыттары бойынша көмек көрсетеді.  Олар тұрақты жұмыс орнына , қоғамдық, әлеуметтік жұмыс орындарына орналастыру, кәсіптік оқыту және әлеуметтік оңалту орындарына жіберіледі. Бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы материалдық көмек беріледі.

Облыс орталығында  «Бас бостандығынан айыру мекемелерінен шыққан» адамдар үшін  «Қалалық бейімделеу орталығы» мекемесі де жұмыс жасайды. Өткен жылы 116 адам жұмысқа орналастырылса, түрмеден шыққан және пробациялық бақылауда тұратын 86 адамға бес АЕК мөлшерінде 975,6 мың теңге  бір жолғы ақшалай көмек көрсетілген.  Орталықта бостандыққа шыққан сотталушыларды жұмысқа орналастыру туралы қала  кәсіпорындарымен меморандум жасалынды. Еліміздегі барлық бос жұмыс орындарының тізімін көрсететін  «Бірыңғай электрондық еңбек биржасы» да жұмысын бастады. 

Фарида Бықай,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар