"Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Бүгінгі күні ол еліміздің татулығы мен тұрақтылығының ең басты кепілі. Әрдайым елдік істердің басында жүретін Ассамблея менің іргелі бастамаларымды әр уақытта қолдап, халыққа түсіндіріп жүреді. Қазақстан сан-қырлы жаңғыруға бет бұрған қазіргі таңда Ассамблеяға да тың міндеттер жүктеледі», - деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Сессия тақырыбының әлеуметтік жаңғыру жолындағы бес әлеуметтік бастамамен үндес екенін атаған Мемлекет басшысы елдің әл-ауқатын жақсартуда бірлік пен татулықтың маңызы ерекше екенін айтты.
“Бүгінгі сессиямыз «Бес әлеуметтік бастама - қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» деп аталады. Мен наурыз айында әлеуметтік жаңғыру жолындағы Президенттің бес бастамасын ұсынғанымды өздеріңіз білесіздер. Бес бастама елдің әл-ауқатын жақсартумен бірге ұлтты ұйыстыра түсудің тағы бір қыры - әлеуметтік бірлікті нығайтуға бағытталған. Оның табысты жүзеге асырылуы азаматтардың өз болашағына, мемлекетіне, қоғамына, қала берді бір-біріне деген сенімін арттырады. Бізде халықтың күнделікті өміріне түбегейлі өзгеріс әкелетін мұндай әлеуметтік бағдарлама бұрын болған емес. Осының барлығы Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанды түрлі пәле-жаладан сақтап келе жатқан елдігіміздің бойтұмары - ел бірлігін қасиет тұта білгеніміздің арқасы. Әйтпесе өздеріңіз қазір көріп біліп отырсыздар, дүниежүзінде көгінде туы, төрінде билігі болса да бірлігі қашып, бүгіні бұлдыр, болашағы бұлыңғыр болған қаншама мемлекет бар. Біз осыны берік ұстанып мызғымас ынтымақ-бірлігімізді таусылмас ырыс-берекеміздің бастауы етіп, сеніммен қадам басып келеміз. Осы жолдан таймауымыз керек. Осы бірлікпен жүретін болсақ, барлық қиындықтарды еңсереміз. Халықтың әл-ауқатын жақсаруға қызмет істейміз», - деді Елбасы.