І республикалық Қадыр оқуларын Сырым ауданы әкімдігі, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасы және Қадыр Мырза Әлі атындағы халықаралық қор ұйымдастырған. Ақын оқуларына Астана және Алматы қаласынан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары және ақынның жерлестері – Сырым ауданының оқушылары қатысты.
Ақын шығармаларын жатқа оқушылар жарысқан «Сөздің бәрі құдіретті...» бәйгесінде Қадырдың 355 өлеңін жатқа білетін Береке Орынбасар бас жүлдеге ие болды. Ол Сырым ауданындағы Сырым орта мектеп-балабақша кешенінде оқиды.
Осы сайыста Қызылорда облысы Қармақшы ауданынан келген №80 мектеп-гимназия оқушысы Аружан Бегімбай – І орын, түркістандық Нұртас Өтепберген мен ақтөбелік Әйтеке Тәжібай – ІІ орын, Солтүстік Қазақстан облысы Ш.Уәлиханов ауданы Ақтүйесай орта мектебінің оқушысы Карина Ашкенова, Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Есетов атындағы мектеп оқушысы Нұрдәулет Жандауов, Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Е.Айшуақұлы атындағы мектеп оқушысы Әзиза Түлейбай – ІІІ орын иегері атанды. Ал Қостанай облысы Рудный қаласындағы №7 мектептің оқушысы Шұғыла Темірхан Батыс Қазақстан облысының тілдерді дамыту басқармасының арнайы сыйлығына ие болды.
Қадыр Мырза Әлі өлеңдеріне жазылған ән байқауында бас жүлдені Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Шетпе гимназиясының оқушысы Інжу Садақбаева жеңіп алды. Атырау облысы Индер ауданы Махамбет атындағы мектеп оқушысы Жанболат Әміржанұлы І орынға, астаналық Дильназ Балтабаева мен алматылық Қуаныш Нұржан ІІ орынға, ал Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы А.Оразбаева атындағы мектеп оқушысы Дінмұхаммед Нысан, Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылындағы І.Жансүгіров мектебінің оқушысы Дәлелхан Сетерхан, Батыс Қазақстан облысы сырым ауданы Қ.Мырзалиев атындағы мектеп оқушысы Аруна Закина ІІІ орынға лайық деп танылды.
Қадыр ақынға өз өлеңін арнаған балғын қаламгерлер байқауында Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша кешенінің оқушысы, сырымдық Ақбота Ширмедин бас жүлдегер атанды. І орынды Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы Ә.Молдағұлова атындағы мектеп оқушысы Серік Шәріпбек, ІІ орынды Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы Жаңажол мектебінің оқушысы Данагүл Аюпова мен ақтөбелік Айсұлтан Көпбергенов, ал ІІІ орынды оралдық Әділ Ахметов, қызылордалық Әдемі Нұрқасым және маңғыстаулық Мәдиасқар Қанжарұлы бөлісті. Атырау облысы Исатай ауданы Х.Нәубетов атындағы мектептің оқушысы Айдана Мұсағали Сырым ауданы әкімінің арнайы жүлдесіне ие болды.
Жеңімпаздарға арналған жүлде-сыйлықтарды Қадыр Мырза Әлі атындағы халықаралық қордың директоры, «Құрмет» орденінің иегері, әнші-композитор Донеділ Қажымов, Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова, Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтер табыс етті.
Донеділ Қажымовтың айтуынша, Қадыр оқулары Алматы қаласының Әуезов ауданында, Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында да өтеді. Жақында ғана республикалық ономастикалық комиссия Орал қаласындағы №5 шағынауданға Қадыр Мырза Әлінің есімін беру жөнінде шешім шығарды. Мұның бәрі ақынның есімі ел санасынан өшпейтінін, шығармалары насихаттала беретінін көрсетеді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан
Суретті түсірген Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ