Аймақтар • 29 Сәуір, 2018

Оңтүстікте мерекелік жәрмеңке өтті

561 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан облысында 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай отандық тауар өндірушілердің жәрмеңкесі өтті.

Оңтүстікте мерекелік жәрмеңке өтті

Шымкенттегі бұл жәрмеңкені нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасының жемісі десек те болар. Мемлекеттік бағдарлама аясында өз кәсібін дөңгелеткен 60 кәсіпкер қала тұрғындарына өздерінің тауарларын, яғни  ет -сүт өнімдерін, жеміс-жидек, көкөністер мен қолөнер шеберлерінің бұйымдарын сатты. Әрине, жәрмеңке мерекелік болғандықтан ойын-сауық және концерттік шоу-бағдарламалар қойылып, сыйлықтар ұтысы ұйымдастырылды. Лотерея билеттері ұтысты болған тұрғындарға жәрмеңкеден тауар алуға мүмкіндік беретін ақшалай купондар табыс етілді.

Айта кетелік, «Еңбек» бағдарламасы арқасында «Даму» қоры арқылы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 150 азамат өз ісін ашуға және кәсібін кеңейту мүмкіндігіне ие болды. Жалпы бағдарлама бойынша қаржыландыру көлемі - 1,4 млрд. теңге.

Ерін ДОСЫМБАЙ,

Оңтүстік Қазақстан облысы