ЭКСПО-2017 • 30 Сәуір, 2018

Ұстаздар «Нұр Әлем» мұражайында ашық сабақ өткізуде

1136 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылдан бастап ұстаздар «Нұр Әлем» болашақтың энергиясы мұражайы қабырғасында ашық сабақ өткізуде. Яғни студенттер мен оқушылар қауымына дәл осы мұражайдың арнайы жабдықталған лекциялық аудиториясында дәріс тыңдап, танымын көрме экспонаттарымен кеңейтуге мүмкіндік туып отыр.

Ұстаздар «Нұр Әлем» мұражайында ашық сабақ өткізуде

Осы орайда «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы, Ақмола облысы әкімдігі және «Атамекен» ҰКП арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум мақсаты – оқушылар мен студенттер үшін Халықаралық мамандандырылған көрме мұрасының нысандарына мәдени, білім беру турларын ұйымдастыруды қамтиды. Екі­­жақты келісімнің қалай жүзеге асары пысықталып, түсіндіру шарасы аймақтардағы білім ошақтарында жалғасын таппақ. Осылайша, сәуір айының 26-сы күні «Нұр Әлем» бола­шақ мұражайында Ақмола облы­сының ұстаздарына ақпараттық тур өткізіліп, мамыр айынан бастап ашық сабақтарға белсенді түрде оқушылар қатыстырылады.

«Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компа­ниясының қызметкері Ернұр Кенжебековтің айтуынша, дәрісті әдеттегі­дей оқу ғимаратында оқыған­нан гөрі, «Нұр Әлем» сферасын­дағы арнайы жабдықталған лекция­лық аудиторияда өткізу тиімді әрі қызықты. Ең бастысы, студенттер мен оқушылар үшін қалыпты жағдайдағы сабақтардың өзгеше форматта өтуі тың дүние болмақ. «Нұр Әлем» сферасы болашақтың энергиясын насихаттайтын әлемде баламасы жоқ бірден-бір мұражай. Болашақта өз танымын физика, биология, жағрафия, информатика, химия ғылымдары саласында кеңейтем деген жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Ғарыш әлемінің құпияларын зерттеймін деген жас өркендер үшін де мұнда ақпарат жеткілікті.

Өткен жылдың желтоқсан айы­нан бастап оқушылар үшін мұр­а­жайда ашық сабақтар өткізу қолға алын­ған болатын. Нәтижесінде, кө­рме мұрасы нысандарымен 17 000-ға жуық оқушы, 4000 студент танысты. Жаңа жоба қазіргі кезде білім ошақтары және жоғары оқу орындарындағы ұстаздар арасында үлкен қызығушылық туғы­зуда. Әсіресе Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті дәріс оқушылары берілген мүмкіндікті пайдаланып қалуда. Аталған оқу ордасындағы туризм кафедрасының оқытушысы Әлия Ниязбаева алғашқылардың бірі болып бір топ тәлімгерге ағылшын тілінде дәріс оқып, еліміздегі туризм­нің даму қарқыны мен деңгейі жайында құнды ақпараттар ұсынды.

Ашық сабақ мүлдем жаңа форматта өтті. Студенттер тек ақпарат тыңдап қана қоймай, мұражайды ара­лау арқылы дүниетанымын ұлғай­туға мүмкіндік алды. Сабақ бары­сында жалпы ЭКСПО-2017 шарасы жөнінде, алдағы уақытта «Нұр Әлем» мұражайына ішкі және сыртқы турис­терді қызықтыру үшін қандай жұ­мыс атқарылуы қажет деген мәселелер төңірегінде талқылаулар болды.

Айта кетсек, ұйымдастыру­шы­лардың көздеген мақсаты оқушы­лардың ғылымға деген зейінін арттыру, олардың дәріс пен тәжірбиені ұштастыруына мүмкіндік тудыру болып отыр. Осы мақсатта өзге де өңір­­лермен келісім жасалып, бастама болашақта да жалғасын таппақ.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»