Тасқа қашалған Будда бейнесінің қай замандарда пайда болғаны және сәулет өнерінің озық үлгісін меңгерген шеберлердің қолтаңбасын ажырату қазіргі заманғы ғылым үшін әлі жұмбақ болып отыр. Бұл турасындағы өлкетанушылар, географтар, этнографтар мен теологтардың пікірталасы бір арнаға тоғысқан емес. Өйткені тас бетіндегі суреттің салынуы мен Будда құдайы жайлы аңыздардың таралу уақыты сәйкеспей, қала берді оның қазақ даласына қатысты жағы да үнемі дау туғызып келеді.
Ал Текелі даласындағы Будда бейнесі туралы алғашқы ресми дерек ХІХ ғасырда Жетісу жерін аралаған орыс саяхатшысы, Том университетінің тұңғыш профессорларының бірі болған ботаник, этнограф Василий Сапожниковтың жазбаларында тіркелген екен. Орыс ғалымы ескерткішті «Әулиетас – қырғыздардың киелі тасы» деп атап, осы өңірде әлі күнге дейін айтылатын аңызды мысалға келтіреді. Жалпы, Текелі тауларының төңірегіндегі табиғаттың ғажайып тартулары мен етектегі елдің аузымен ұрпақтан ұрпаққа жеткен аңыз әңгімелерге әлі оралатын боламыз. Осы Будда бейнесі қашалған тастың тұрған жерінен 30 метрден соң Қора шатқалы басталып, тау арасында қия жолдар Жетісу табиғатының көз тоймас тағы бір жауһары – Бұрханбұлаққа дейін апарады. Орта Азияда баламасы жоқ сарқырама жайлы да келесі жолы сөз етеміз.
Тасбелгіге оралайық, белгілі ғалым Зейнолла Самашевтің айтуынша бұл мүсін ғалымдардың түрлі болжамдарына арқау болғанымен, ешкімнің нақты ғылыми түсінік беруге дәті жетпейтін көрінеді.
– Текелі тасында Будда суреті ғана емес, құпия жазу бейнеленген. Мистикалық күштің қоршауындағы арыстан-арулар бейнесі тұр. Олардың алақанында Будда отыр. Лотос храмындағыдай қасиетті 7 баспалдақ өрілген. Әр баспалдақтың тұсында арнайы рәсімдер жасау керектігі туралы ишара белгісі бар. Будда бейнесінің жоғарғы тұсында геометриялық кескін салынған. Айналасында белгісіз әріп-таңбалар арқылы құпия сөздер жазылған. Бұл Будда іліміндегі жоғарғы санаға қол жеткізген адамға арналған жолдау сияқты көрінеді, – деп жазады Зейнолла Самашев бұл туралы өз еңбектерінде.
Тасбелгінің қашан пайда болғаны және оның неге Текелі маңында орналасқандығы жайлы да нақты дәлел жоқ. Мысалға, орыс тарихшысы Владислав Волков бұл ескерткіштің пайда болуын ұйғыр қағанаты билік құрған дәуірге теліп, дәл осы жерде қағанатқа қарсы күрескен хақас жауынгері немесе тайпа көсемі жерленген болуы мүмкін деп топшылайды. Ал сәулетші, өлкетанушы Нұраш Жақанов бұл ескерткішті XVIII ғасырдың екінші жартысында жоңғарға қарсы соғысқан Жәңгір ханның әскерлері тасқа қашап қалдыруы кәдік деп тұжырымдайды.
Қалай болғанда да Текеліден Бұрханбұлаққа апаратын жолдың бойындағы Будданың бейнесі жұмбақ сырын жасырған қалпы қасқайып тұр...
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы