Қазақстан • 04 Мамыр, 2018

Айбынды әскер – ел тірегі

363 реткөрсетілді

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес азаматтарды көктемгі әскерге шақыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 

Қорғаныс министрлігінің мәлі­мет­теріне қарағанда, биыл көктемгі және күзгі шақыр­туларда елімізде 35 мыңдай жас жігіт әскер қатарына қабыл­данады. Осы жұмыстар аясында Астананың өзінен маусым айына дейін 800-ге жуық адам Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Елордалық жас­тар Қарулы Күштерге, Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне және Ұлттық ұланға теңдей бөлінеді. Ал 7 мамыр – Отан қорғаушы күні қарсаңында болашақ 40 сарбазды ата-аналары, Астана қаласы әкімдігі, Қорғаныс министрлігі, Ардагерлер ұйымы, Қорғаныс істері департаментінің басшылығы салтанатты жағдайда шығарып салады. 

Әскерге бару – азаматтық борыш

Мойындау керек, қазір қазақ­стандық сарбаздардың қары­дары-тоқ, көйлектері-көк. Әскери доктрина талаптары қазақ әскерилерінің бүгіні мен болашағын айқындап берді. Ал Отан қорғаудың азаматтық парыз, абыройлы міндет екендігін Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаев үнемі еске салып отырады. «Отан үшін отқа түс – күймейсің», деген Бауыржан батырдың ұлағатты сөзі әрбір жастың жүрегінен орын тапқан. 

Қазақстан Республикасы Қа­рулы Күштері Бас штабы ұйым­дастыру – жұмылдыру де­пар­таментінің басшысы Мүсі­лім Дайыровтың айтуынша, Ел­ба­сының тапсырмасына сәйкес әскердің 30 пайызы қысқа мер­зімді міндетін өтеушілерден құ­ралуы тиіс. Оның үстіне әлем­дік геосаяси жағдайлардың өзге­рісінен туындаған мәселелер көптеген мемлекеттердің ішкі мүмкіндігін айшықтап берді. 

– Әлемдегі соңғы оқиғалар, әсіресе Сириядағы соғыс ер-аза­маттардың барлығының әске­ри дағдыларды жетік білуге тиіс­тілігін көрсетті. Соғыстың бетін аулақ қылсын, бірақ біз кез келген жағдайға дайын болуымыз ке­рек. Біз ешбір мемлекетпен соғы­суға мүдделі емеспіз, соғыс біз­дің саясатымызға қайшы. Бірақ қорғанысты ұмытпауымыз қажет, – деді М.Дайыров. 

Оның айтуынша, ер-аза­мат­тың толыққанды қалыптасуына әскери тәрбие ауадай қажет. Әрбір үйдің еркесі тәртіпке көндігіп, оң мен солын танитын жер де – әскер. Осы орайда, әскерге қабылдауда дене бітімі келісті, денсаулығы мығым, ойы ұшқыр, арнаулы білімі бар жастарға басымдық беріліп отыр. 

«Соңғы жылдары әскери техникалар жетілдірілді, электронды басқару құралдары көбейді. Қазір әскерге IT-технология да жат емес. Енді бізге сол заманауи қару мен құрылғыларды басқара алатын сауатты сарбаздар қажет. Жастардың бастапқы білімі мен ынтасы болса, қат мамандықтар бойынша үйретіп аламыз», дейді министрлік өкілі. 

Қазір әскери борышын өтеу­шілердің әлеуметтік жеңілдігі жоқ болғанымен, қолына қару ұстап, тәртіптің қыр-сырына көн­діккен жастарға жұмыс беру­ші­лердің қызығушылығы жоға­ры болатыны талас тудыр­май­ды. Оның үстіне Қорғаныс ми­нис­трлігі бұрынғы сарбаздарының жоғары оқу орындарына түсуге қан­дай да бір жеңілдіктерге ие бол­ған­дығын қалайды. Бұған қатыс­ты тиісті ұсыныстар да әзірленуде. 

М.Дайыровтың мәлімдеуінше, бүгінде Отан қорғаушылардың сегізден бірі қыз-келіншектер. Ер азаматтармен қатар сапта тұратын олардың басым бөлігі әйел затына тән ұқыптылық, тиянақтылықты қажет ететін қаржы, есеп-қисап, медицина салаларында борыштарын өтеуде. 
Ал орта мектептерде алғашқы әскери даярлық пәндері жаңа оқу-әдістемелік құралдар арқылы оқытылуда. 

Жалпы, генерал М.Дайыровтың өзі әскери училищеден бастап, Ауғанстандағы қан майданның ортасында 2,5 жыл борышын өтеген кәсіби әскери қызметкер. Сондықтан оның бүгінгі әскердің жайлы жағдайына байланысты бағасы ақиқаттан алшақ жатпағандығына сенуге болады. 

Тәрбиенің көзі – қазақ батырларының жолы

Қазақ халқы батырлардан кенде емес. Сарбаздардың санасына Қабанбай, Бөгенбай, Есет сынды көптеген батырлардың ерлік істерін сіңіріп, патриоттық тәрбиенің қазақстандық үлгісін қалыптастыру туралы аз айтылып жүрген жоқ. Тіпті, әскери бөлімдерді қазақтың даңқты ұлдарының есімімен атау туралы да ұсыныстар болды. 

Әскердің қорғаныс қабілеттілігінің негізі патриоттық тәрбиеден бастау алатындығын «Қарулы күштер ардагерлері» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, генерал-майор Марат Нұғыманов жақсы біледі. Осы салада 36 жыл тер төккен қарт ардагердің тәрбие мен талапқа байланысты өз пайымы бар. 

– Патриоттық сезім отбасынан басталып, мектеп қабырғасында шыңдалып, әскер сапында толысады. Бабаларымыз осынау байтақ жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалды. Тарихты түгендер болсақ, қазақ балаларына үлгі боларлық батырлар жеткілікті. Кешегі Ұлы Отан соғысының өзінде Қазақстаннан бес жүздей батыр шықты. Осы жастардың жарқын болашағы үшін кеуделерін оққа тосқан аталарының қай қайсысы да үлгі болуы тиіс, – дейді М.Нұғыманов. 

Оның айтуынша, әскерге бармаған немесе Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыз жастардың сана-сезімін сілкіп алып, өмірінің өрнекті сәттерінен құр қалғандығын сезінерлік ықпал болуы тиіс.  

М.Нұғыманов, сондай-ақ медициналық оқу орындарында педиатрия факультеттерінің жабылуының, аяқ-киімдердің мемлекеттік стандарттарының болмауының өскелең ұрпақ денсаулығына кері әсерін тигізгендігін қынжылыспен айтады. Оның үстіне ол орта білім беру ұйымдарында жалақының аздығынан ер азаматтардың тұрақтамай, балалар тәрбиесі тек әйел адамға жүктелуінің кері әсері сезіліп отырғандығын жеткізді. 

Айта кетерлігі, қарт генералдың қызы мен жиені де әскери саланы таңдаған. 

Болашақ сарбаздар сапқа тұрды

Әскери борышын өтеуге аттанатын жастарды Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев та құттықтап, сарбаздардың әскери міндетті абыроймен орындап, оралуларына тілектестік білдірді. Сонымен қатар кәсіби әскерилер нағыз ұрыс даласына тән іс-қимылдардың үлгісін көрсетіп, жас кадеттер дөңгелене билеп берді. Отаншыл сезімге бөлейтін әндер де орындалды.

Бұл салтанатты көрген болашақ сарбаздардың бірінің әкесі Мұратбек Нұрқаділ өз ұлының нағыз жігітке тән әскери салаға жеке қызығушылығымен таңдау жасағандығына ризалығын білдірді. 

«Отан қорғау – ердің парызы. Балам мұғалімдік қызметін қиып тастап, әскери борышын өтеуге аттанып барады. Оның таңдауына қарсы болмадық», деген әке тілегі сол күнгі барша жастың ата-анасына тән еді. 

Серік ӘБДІБЕК, 
«Егемен Қазақстан» 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Қырғыз әуені

Руханият • Кеше

Хат қоржын (15.07.2019)

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар