Суреттерді түсірген Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»
Осынау айтулы оқиғаға орай «Астана балет» театрының сахнасында өткен салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы алыс-жақыннан келген қонақтарды қызу құттықтап, бас қалаға басқан қадамдарына сәттілік тіледі. Әлемнің әр шалғайынан жиналған әріптестеріне ұтымды жобасын ұсынып отырған аталмыш академия тікелей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен құрылғанын және оның мәдени-рухани кеңістігімізден ойып өз орнын алғанын айрықша екпінмен айтты.
Ал Орталық Азияда теңдесі жоқ Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры, қазақты дүйім дүниеге танытқан тұлға Алтынай Асылмұратова шартараптан шақырылған би мектептерінің өкілдеріне ат сабылтып жеткендері үшін алғысын білдірді.
– Біздің фестивальде жеңгендер де, жеңілгендер де болмайды. Өздеріңізді тек өнер шекарасын кеңейте түсу, емен-жарқын пікірлесу, тәжірибе алмасу, алаңсыз араласып-құраласу, әсемдікті әспеттеу мақсатында шақырдық. Одан соң әрине қарышты даму даңғылына түскен Қазақстанды, ажарлы Астананы, келешекке қол созған керемет академиямызды көрсеткіміз келді. Егер сіздер елдеріңізге бұл жақтан жасампаздық энергиясын алып қайтсаңыздар ойдағы ісіміздің орындалғаны, – деді ол жарқын жүзі қуаныштан бал-бұл жанып.
Төбе бидей болып фестиваль төрінде отырған мәртебелі меймандар арасында көзімізге жылыұшырай көрінген әлемдік балет жұлдыздары: кезінде Мәскеудің Үлкен театрында және Лондонның Корольдік балетінде жаһұттай жарқыраған жампоз Ирек Мұхамедов пен Ресейдің халық әртісі, РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көптеген көрнекті жүлделердің иесі, күні кешеге дейін Санкт-Петербургтегі әйгілі Мария театрының прима-балеринасы болған Ульяна Лопаткинаны бөле-жара атағымыз келіп тұр.
Қатты қайран қалғанымыз, сахнаның қос саңлағы тым қарапайым екен. «Жал бітсе, жанына торсық байлатпайтын» біздің кейбір ісіп-кепкен жұлдызсымақтарымызға ұқсамайды. Әсіресе Ульяна Вячеславовна жан-жағынан жапатармағай қаумалаған қаршадай ұл-қыздарды бетінен қақпай, ұзақ уақыт қолтаңба бергеніне еріксіз елжірей қарадық. Жер жарған атақ-даңқына қарамай, ешкімді жатырқап жатпады. Тасыр мінез танытпады. Тіпті залға оралуын өтінген ұйымдастырушылардың құлаққағысынан кейін де асыға қоймады.
Бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында қай мемлекетте жүрсе де, өзінің татар екенін ұдайы назарда ұстайтын Ирек Мұхамедов те, ашық-жарқын көрінді.
– Жалпы, Қазақстанға бұған дейін жолым түспепті. Астаналарыңызға аспандағы ай қызыққандай. Академияларыңыз ше... Балалардың балетпен айналысуына қажет жағдайдың барлығы жасалыпты. Енді тек, еңбектене білулері керек. Сосын болашақ балетшілерге сәттілік серік болуын тілеймін. Онсыз болмайды, – деді талайды көрген тарланбоз әңгіме тізгінін тартып.
Фестиваль барысында балғын балет бишілері атақты ағалары мен апайларынан шеберлік сабақтарын алып, талаптарын ұштайтын болады. Он бір мемлекеттің үкілеген үміттері өз өнерлерін көрсетіп, қаламыздың көрікті жерлерімен танысады.
Фестиваль үздік нөмірлерден құрастырылған Гала-концертпен аяқталады.