Жамбыл облысында да Жеңіс күнін мерекелеуге арналған дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Биылғы жылы Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында жаңғырту жұмыстары қолға алынып, нәтижесінде аталған саябақ ел рухын көтеретін, жастарға патриоттық тәрбие беретін орталыққа айналды. Наурыз айының бел ортасында басталған күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде саябақ бір жарым айдың ішінде адам танымастай өзгерді. Ендігі жерде бұл саябақ жамбылдықтар үшін шежірелі, киелі орталыққа айналып отыр.
Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай, әуелі саябақтың бұрынғы темірден салынған аркасы ауыстырылып, оның орнына травертин тасынан өрілген қабырғалар бой көтерді. Сонымен қатар, саябаққа кіреберістегі субұрқақ бұзылып, тегістеліп, оның орыны да үлкен алаңға айналды. Жамбыл облыстық қазақ драма театрының алдында тұрған Бауыржан Момышұлының ескерткіші осында әкелініп, тас тұғырға орналастырылған. Ал бұрын Төле би даңғылының бойында тұрған «Мәңгілік алау» «Жеңіс» саябағына көшірілді. Сонымен қатар, батыр ескерткішінің қос қапталында орналасқан «Батырлар аллеясы» саябақтың сәнін арттырып, рухын биіктетіп тұр. Елдің есінде, ұрпақтың жадында жүрсін деген ниетпен Әулиеата өңірінен шыққан 48 Кеңес Одағы Батырының есімдері жазылған арнайы тақтайшалар да осы жерден орын алған. Әрі олар жеке-жеке тұғырға орнатылып, тұғырдың орта тұсына майданда көзсіз ерлік көрсеткен жауынгерлердің кеудесіне тағылған «Алтын жұлдыз» медальдарының үлкейтілген көшірмелері ілінген.
Ал кірпіштен өріліп, гранитпен қапталып бой көтерген 6 қабырғалы «Даңқ аллеясы» монументалды кешені өр рухты бабалардың ерлігін еске салатын дүние. Бұл жерде Жамбыл өңірінен майданға аттанған 105 мың жауынгердің есімдері тасқа қашалып жазылған. Отан қорғауға аттанған батырлардың есімдері олардың соғысқа жіберілген аудандары бойынша реттелген екен. Бұдан былай, өңірімізден Отан қорғауға аттанған батырлардың арнайы тақтаға жазылған есімдері елге ұлағат, ұрпаққа өнеге сыйлап тұрады. Сонымен қатар, болашақта саябақ аумағынан соғыс және тыл ардагерлеріне арналып музей бой көтеретін болады.
Оқ пен оттың ортасында болып, Отан қорғаған ерлердің ерлігін қалай айтсақ та жарасады. Ардагерлерді ардақтап, оларға құрмет көрсету де ұрпақтың парызы. Сондықтан да биыл жамбылдықтар үшін Ұлы Жеңіс күнін жаңғырған, жаңарған саябақта атап өтуге мүмкіндік туды. Бұл Ұлы Жеңіс мерекесіне көрсетілген үлкен құрмет екені анық.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы