Қазақстан • 14 Мамыр, 2018

Жаһандық мәселелер елорда төрінде талқыланады

12661 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Жаһандық мәселелерді талқылауға, шешімін іздеуге арналған жыл сайынғы сұхбат алаңы − Астана экономикалық форумы аясында әлемдік көшбасшылар мен ойшылдар, сая­саткерлер, халықаралық ұйымдар мен ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары, іскерлік орта өкілдері бас қосады. Биыл жаһандық мәселелерді қамтитын 11 тақырып ортаға салынады. Оның ішінде экономикалық, әлеуметтік саладағы, диджитал технологияларда, өндіріс пен тұтынудағы жылдам және түбегейлі өзгерістер, сонымен қатар көз алдымызда болып жатқан технологиялық өзгерістер мәселесі де кеңінен сөз болмақ.

Жаһандық мәселелер елорда төрінде талқыланады

Қазақстан цифрлы әлемге қадам басады

Уақыт өткен сайын әлемдік экономика жедел қарқынмен дамып келе жатқаны белгілі. Бұған негізінен адам­зат тұрмысына жаңа техно­логиялардың лек-легімен ене бастауы ықпал етіп отыр. Қо­ғам­ның жаппай мобильді құрыл­ғылар арқылы алуан ақпараттың ағынына еніп, әлеуметтік же­лілер арқылы адамдар арасындағы өза­ра қарым-қатынастың жаңа бе­леске көтерілуі, белгілі бір деңгейдегі цифрлы ортаға қалың көпшіліктің еті үйреніп, толайым бет бұра бастауы, трендтерді болжап, тіпті бизнес жасаудың жаңа формасының қалыптасуы санамызға сіңіп, қалыпты үр­діске айналып барады. Өз кезе­гінде мемлекеттік басқару жүйе­сінің де бұл құбылысқа бейім­делуі әлемдік тәжірибеде сәтті жүзеге асқандығын мысалға келтіре аламыз. Жаһандық тренд­терден артта қалмау үшін да­мушы елдердің де бағыты ай­қындала түсті.

Қазақстан да трансфор­мацияға дайындық үстінде. Елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру арқылы елдегі ірі кәсіпорындарды цифрландырудан бастап, мектеп оқушыларын компьютерлік сауаттылыққа оқытуға дейінгі барлық қыз­мет саласы қамтылмақ. Елде сапалы цифрлы трансформация құру мақсатында Халықаралық сарапшылық кеңес құрылған.

Бүгінде мемлекеттік бас­қару­ды цифрландыру және проактивті цифрлы мемлекетке көшу бойынша жұмыстар атқарылуда, нәтижесі де бар. Соның бірқатарына тоқталатын болсақ, биыл жылдың басында Астанада алғашқы цифрлы Халыққа қызмет көрсету орта­лығы іске қосылды. Мұнда ал­ды­мен қоғамдық қолжетімді пункт­тер арқылы электронды қыз­меттерді алуға үйрететін курстан өтіп, содан соң кез келген қызмет түрін өзің алуға болады.

Келер жылы тек электронды форматта 200-ден астам қызмет көрсету жоспарланып, 71 млн қағаз айналымы қысқартылмақ. Бұған қоса, автоматтандыру мен оңтайландыру бойынша жүр­гізілген жұмыстар есебінен 12,5 млрд теңгеден астам қаражат үнемделмек.

Электронды еңбек биржасы 2018 жылдың қаңтарынан бас­тап Қазақстан бойынша пай­да­лануға берілген болатын. Бұл жобаға 19 605 жұмыс беруші, 35 жекеменшік жұмыспен қамту агенттігі, 5 БАҚ, 4 онлайн-алаң тартылған. Цифр­лы алаң халық­ты жұмыс­пен қам­туға баса мән беріп отыр. Жеке­меншік агент­тіктер open API арқылы инте­гра­цияланып, ЭЕБ-дағы 30 050 бос орынға, 63 095 түйіндеме орналас­тырылып, 20 мыңға жуық азамат жұмысқа тұрған.

Қазақстандағы индустрия­ның дамуына цифрлы жүйенің берері өте мол. Бүгінгі таңда «Қазатом­өнер­кәсіп», Еуразиялық топ, Қаз­мы­рыш, «Арселормиттал Темір­тау», «Қазақмыс» корпорациясы, «Қазми­нералс» тәрізді ірі кәсіп­орын­дардағы өндірістерде төр­тін­ші өнеркәсіптік революция тех­но­логиялары енгізілген. Бұл ар­қылы цифрлы кен орны, ақыл­ды карьер, ақылды кен байыту ком­бинаты, персоналды автомат­тан­дырылған басқару жүйесі және т.б. қоланысқа енген.

Кәсіпкерлік сауаттылықты арттыру үшін E-commerce орта­лық­тарында интернет-дүкен­дер жұмысын жақсартуға басым­дық беріліп отыр. Аталған орта­лықта бизнесті онлайн режім­ге көшірудің жолдары қарас­тыры­лып, интернет-дүкен сайт­тарының шаблонизаторларын техникалық жағынан қамтамасыз ету бойынша кеңестер беріледі. Сауда-саттықтың электронды форматқа көшуі кәсіпкерліктің керегесін кеңейтіп, барынша етек жаюына мүмкіндік беріп отыр.

Астана экономикалық форумы аясында талқыланатын тақы­тыптардың ішінде – «Цифрлы әлем: мәні, негізгі трендтер, әлем мен Қазақстандағы ерекше­лік­тер» деген атаумен виртуалды жүйе­нің қыры мен сыры жайында кеңінен сөз болмақ. Жаңа техно­логия­лардың ықпалы адамзат өт­кен тарихында бағалай білген құн­дылықтарды шетке ысырып тастамай, келешектегі заманауи таным-түсінікпен ұштастыра білуі үшін не істеу керектігін форум аясында парасат пайы­мы биік қауым жан-жақты тал­қы­лайтын болады.

Адамзат ауру-сырқаудан арылмай тұр

Денсаулық сақтау және ұзақ өмір сүрудің жаһандық деңгейдегі түйіткілді мәселелері негізінен экологиялық ахуалдың, ресурстар сапасының нашарлауынан, демографиялық дүмпу немесе бірқатар дамушы елдердегі халық­тың тығыздығынан, азық-түліктің жетіспеушілігі, сапа­сы­ның төмендігінен, аштық пен ішер асқа жарымаудан, күй­зеліс тудыратын факторлар дең­гейі­нің өсуінен, өмір сүру дең­гейі, тұрмыстық жағдайдың нашарлығынан туындап отыр. Әлем бойынша жыл сайын 36 млн-нан астам адам жүрек аурулары, өкпенің созылмалы аурулары және де обыр, сусамыр сынды аурулардан көз жұмады. Бұған қоса шешек, безгек, қызылша, менингит, оба, тырысқақ сынды аурулардың кеңінен таралуы да әлем жұртшылығын алаңдатып отыр. Эбола безгегі, MERS сынды қырғынға ұшырататын жаңа инфекциялардың пайда болуы да әлем халқы үшін үлкен қасіретке айналған. Жүрек-қан тамыры ауруларына шалдыққандар тұрмыс деңгейінің төмендігі 80 пайызды құрайтын елдерде өмір сүреді. Әртүрлі ауруларға шалдыққан науқастардың саны жылдан жылға артып отыр. Оған себеп те сан-алуан. Жер бетіндегі 1 млрд адам үшін ұлттық денсаулық сақтау жүйесі қолжетімсіз болып, дамушы елдерде медицина мен фармацевтиканың аталған індеттермен күресуге қау­­қары жетпейді. Бірқатар елдер­де дәрі-дәрмектер мен емде­лу құнының жоғары болуы да қи­ындық тудырып отыр. Бұл рет­те фармацевтикалық ком­па­ниялардың гуманистік еме­с, коммерциялық жағынан пай­­д­а табуды көздеуі де жығыл­ған­ға жұдырық болып тиюде.

Жаңа технологиялар ұзақ өмір сүруге мүмкіндік береді

АҚШ-тың Кливленд қаласын­дағы Медицина орталығында Майкл Ройзендің басқаруымен құрыл­ған дәрігерлер мен ғалым­дар тобы бірнеше ай бойы дүние жүзіндегі клиникалық зерт­теу­лердің жағдайына талдау жүр­гізіп, соның негізінде 2018 жылға болжам жасады. Таяу­да орын алар медициналық жаңа­лық­тардың бір сыдырғысы мынандай: сусамырды бақылау ав­томат­тандырылып, инсулинді же­т­кізудің гибридті жүйесі іске аспақ. Осыдан екі жыл бұрын FDA инсулинді жеткізудің гибридті жүйесін мақұлдаған болатын. Бұл бірінші типтегі сусамыр дертімен сырқаттанған адам­дарға ағзасындағы қант дең­гейін үнемі бақылауда ұстап отыруға мүмкіндік беретін жаңа технология. Биосенсорлық датчиктер жүйесі қандағы глюкоза деңгейін үздіксіз қадағалап, емделушіге қанша инсулин салу керектігін білуге мүмкіндік береді. Орталықтың эндокринология және метаболизм бөлімінің басшысы, доктор Джеймс Янг қазіргі кезде дамыған елдерде осындай құрылғыларды жаппай қолдануға дайындықтың жасалғандығын айтты.

Биылғы жылға жоспарланған басты жаңалықтардың бірі − жаңа вакциналар жылдамы­рақ пайда болады. Бүгінгі күнге де­йін вакцинаның дайындалып, таралуы 10 жылға дейін созы­лып келді. 2018 жылы бір­қатар фармацевтикалық компания­лар вакциналарды әзірлеу жүйе­сін жаңғыртуға ниетті, бұл осы процесті бірнеше есе жыл­дам­датуға мүмкіндік береді. Бірқатар мемлекеттер жаңа вакцина­лар­ды жылдам тіркеу үшін мүм­кіндіктер беруге, сонымен қатар қажетті жеріне препараттар жылдам жеткізілуі үшін логистикамен қамтамасыз етуге әзір екен­діктерін хабарлайды.

Адам өмірінің орташа ұзақ­тығын арттыру − жаһандық маңызға ие мәселе. Ғалымдар адам­ның протоплазмасының жыл­дам қартаюы мүмкін емес екен­дігін дәлелдеп, жасушаның өмір­шең болатынын анықтаған. Фу­ту­ролог Ян Пирсон 2050 жыл­ға дейін жеткен адамдардың мәңгі өмір сүру мүмкіндіктері пай­да болады дейді. Мәңгі өмір сүру­ге қол жеткізу үшін адамзат үш тәсілді пайдалана алады: дене бөл­шектерін ауыстыру, санасын ан­д­роидтар тәніне көшіру және вир­туальды шынайылықта өмір сүру.

Бірінші әдісте биотехнологиялар мен медицинаның дамуы арқылы тәнді жаңартып, жасар­туға болады. Сонымен қатар бұған жасушалардың қартаюы­ның алдын алуға немесе тіршілік үшін маңызды мүшелерді жаңа­ларымен алмастыруға мүмкіндік беретін гендік инженерия арқы­лы да қол жеткізуге болады. Бүгін­нің өзінде көптеген ғалым­дар 3D-принтерлер арқылы адамның мүшелерін жасауды қолға алған. Сананы да андроид тәнімен байланыстыру мүмкін болып отыр. Алдағы 50 жылда андроидтарды жалға алып, оған өз сана-сезіміңді жүктеу үйреншікті іске айналуы ғажап емес. Ғалымдар жасаған болжамға сүйенсек, алғаш рет шамамен 2050 жылы тек байлар ғана андроидтардың тәнінде өмір сүру мүмкіндігіне ие болса, 10 жылдан кейін орташа тап үшін де бұл жүйе қолжетімді болмақ. Ал араға тағы 10 жыл салып, тұрмыс деңгейі төмен елдердің тұрғындары да өздерін компьютерге жүктей алады.

Ұлт саулығын нығайту мемлекет жүргізген саясаттың маңызды міндеттерінің бірі. Соңғы 10 жыл ішінде денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағ­дар­ламаларын іске асыру­дың арқасында халықтың ме­ди­ци­налық-демографиялық көр­сеткіші жақсарған. Өмір сүру ұзақ­тығы 6 жылға артып 72 жасты құраса, 1 мың тұрғынға шақ­қан­да жалпы өлім-жітім 30 пайызға төмендеген. Қатерлі ісік аурулары салдарынан болатын өлім-жітім 25 пайызға азайып, туберкулез ауруынан қаза тапқандар саны 6 есеге кеміген. 2017-2018 жылдарға арналған Дүние­жүзілік экономикалық форум­н­ың есебіне сәйкес Қазақ­стан ту­бер­кулездің таралу («Tuberculosisincidence») факторы бо­йын­ша 138 елдің ішінде 90-орында тұр.

Астана экономикалық форумы негізінде Global Challenges Summit-2018 жаһанды сын-тегеуріндер саммиті барысында болашақта адамзат өмірін сан түрлі дерттен аман алып қалудың жолдарын қарастыру басты міндеттердің бірі болмақ.

Төменде Астана экономика­лық форумының базасындағы Global Challenges Summit-2018 еуразиялық конгресіне қаты­сатын халықаралық спикерлер туралы оқырманға аз-кем ақпарат ұсынып отырмыз.

Джонатан ВОТЦЕЛЬ, Азиядағы McKinsey Дүниежүзілік институтының директоры

Джонатан Воцель − Цинхуа универ­си­теті мен McKinsey-дің, Колум­бия уни­вер­ситеті бірлескен кәсіп­орны – Urban China Initiative коммер­ция­лық емес талдау орталы­ғының тең төр­ағасы, оның мақсаты − Қытайдың кент­­т­ену проблемаларының шешімін әзір­­леу және іске асыру. Джонатан Воцель McKinsey & Company ком­паниясының қытайлық кеңсесін­дегі өз жұ­мысының мақсаты компанияның қытайлық және басқа да азия­лық өкілдіктеріне жаһандық өсімге дайындалуға көмектесу деп санайды.

Дарын ТҰЯҚОВ, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі

1990 жылы Ю.В.Андропов атындағы Ленинград жоғары әскери-саяси ӘҚҚ учи­лищесін, 1997 жылы әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-ды, 2007 жылы Халық­ара­лық бизнес академиясын, 2014 жылы РФ президенті жанындағы РХШМҚА тәмам­даған. Мамандығы бойынша заңгер-құ­қық­­танушы. Еңбек жолын 1990 жылы ӘҚ­Қ радиотехникалық күштерінің жеке радио­ло­кациялық ротасы командирінің орынбасары болып бастаған. Қорғаныс министрлігінде, Әділет министрлігінде, Алматыда коммерциялық құрылымдарда, «Қазақтелеком» АҚ-та жұмыс істеген. Тағайындалғанға дейін «Қазақтелеком» АҚ бас директоры аппарат басшысы лауазымын атқарған. «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Саланы дамытуға қосқан жеке үлесі үшін «Үздік байланысшы» құрметті атағын иеленген.

Кшиштоф ЗАНУССИ, Кинорежиссёр, сценарист және продюсер, «Алтын арыстан» Венеция кинофестивалінің бас жүлдесінің лауреаты

«Алтын арыстан» Венеция кино­фес­ти­валінің басты жүлдесінің лауреаты («Жайлы күн жылы» картинасы, 1984), көптеген халықара­лық және ұлттық марапаттар иегері Кшиштоф Занусси Астана экономикалық форумы-2018-де сөз сөйлейді. 70 жылдардың басында Занусси – толық метражды фильмдерді телевизиялық фильмдермен алмастыра отырып, жыл сайын бір-екі кино түсіретін ең жұмысқа қабілетті режиссерлердің бірі. Кино және телеарнадағы жұмыспен қатар Кшиштоф Занусси Польшада, Украинада, Германияда, Италияда, Францияда, Швейцарияда, Ресейде, Беларусьте бірқатар театрлық және опералық спектальдер қойған. Ол осылайша 2008 жылы «Ескі үй» Новосібір мемлекеттік драма театры сахнасында О.Эскин пьессасы бойынша «Дуэт» қойылымын жүзеге асырды.

Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі

«Әлеуметтік сфералар мен салалардағы экономика және менеджмент» (2000 жыл) мамандығы бойынша С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік универ­си­тетінің түлегі. 2002 жылы Мериленд уни­вер­ситетін (АҚШ) бітірді, «қаржы және маркетингке» маманданумен бизнес магистрі дәрежесін иеленді. 2006 ж. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемле­кет­тік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірді. Ұлыбритания бухгалтерлері мен аудиторлары алқабы ассоциациясында сертификатталған. Жұмыс тәжірибесі: 1999-2000 жж. – экономист-менеджер, №3 отбасылық дәрігерлік амбулатория; 2002-2006 жж. – «Эрнст энд Янг Казахстан» аудиторлық компаниясында аға кеңесші; 2006-2009 жж. – салықтық есепке алу және салықтық жоспарлау департаментінің директоры, «ҚазМұнайГаз» «Кен ісін барлау» АҚ; 2009–2010 жж. – Қазақстан Республикасының экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі; 2010-2012 жж. – Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда вице-министрі; 2012-2016 жж. – Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты алқасының мүшесі (министр). 2016 жылдың желтоқсанынан қазірге дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі.

Сергей ГЛАЗЬЕВ, Ресей президентінің кеңесшісі

1978 жылы М.Ломоносов атын­дағы ММУ механика-математика факуль­те­тіне түсіп, оны 1983 жылы бітіріп, «Эконо­ми­ка­лық кибернетика» мамандығы бойынша үздік диплом алды, одан соң КСРО ҒА Орта­лық экономикалық-математикалық инс­ти­тутының аспирантурасына түсті. 1986 жылы кандидаттық, 1990 жылы докторлық диссертациясын қорғады. 1999 жылы профессор атағын алды. 2000 жылдан РҒА корреспондент-мүшесі, 2008 жылдан РҒА академигі. 2000 жылы Орыс биография институты Глазьевті экономикалық ғылым мен отандық тауар өндірушілерді қолдауға қосқан үлесі үшін онжылдық адамы атады, 2002 жылы ғылым аталымы бойынша жыл адамы атанды. 2003 жылы табиғи рента идеясын әзірлеп, насихаттағаны үшін жыл адамы атанды, «мемлекеттік және саяси қызмет» аталымы бойынша сыйлықпен марапатталды.

КСРО ҒА Орталық экономикалық-математикалық институ­ты­ның аспирантурасына түсті. 1986 жылы кандидаттық, 1990 жылы докторлық диссертациясын қорғады. 1999 жылы профессор атағын алды. 2000 жылдан РҒА корреспондент-мүшесі, 2008 жыл­дан РҒА академигі.

Ерлан НЫСАНБАЕВ, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі

1961 жылы 11 тамызда Алматы облысы Подгорное ауылында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген (1983), мамандығы: орман шаруашылығы инженері; Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (2008). Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты (2010). Еңбек өтілі: Ұйғыр орман шаруашылығы шебері (1983-1984); Ұйғыр аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары нұсқаушысы (1984-1989); Алматы облыстық комсомол комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісінің орынбасары, ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, (1989-1991); «КРАМДС-Агро» ғылыми-өндірістік фирмасының бас маманы (1991-1992); «Ақжол-ИМПЭКС» сыртқы сауда фирмасының директоры (1992-1994); «Нысана» шаруа қожалығының төрағасы (1994-1996); «Ауылшарэнерго» АТҰ бастығы (1996-2000); Атырау облысы әкімі аппаратының «ХозУ» ҚМКК әкімшілік-шаруашылық қызметі департаментінің бастығы (2000-2002); «Лейер» ЖШС директоры (2002-2003); «Жасылқұрылыс» РМК директорының бірінші орынбасары (2004-2005); «Жасылқұрылыс» РМК директоры (2005-2006); «Астана Жасылқұрылыс» АҚ бас директоры (2006-2009); Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Тұзды ауылдық округінің әкімі (07.2009-08.2009); Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы (08.2009-01.2013); Қазақстан Республикасы қоршаған ортаны қорғау вице-министрі (02.2013-08.2014); Ауыл шаруашылығы вице-министрі (08.2014).

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»