Қазақстан • 15 Мамыр, 2018

Музей ісін үйлестіретін халықаралық жұмыс тобы құрылды

280 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясында түркі халықтарының музей заттарын сақтау, қорғау және пайдалану бойынша жиын өтті. Шараға Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Моңғолия, Әзербайжан елдерінің музей басшылары, музей ісі бойынша ресми өкілдері және Қазақстандағы Венгрия елшілігінің, сондай-ақ ТҮРКСОЙ-дың өкілдері келді.  

Музей ісін үйлестіретін халықаралық жұмыс тобы құрылды

Жиынның ашылуында сөз сөйлеген Академия басшысы Дархан Қыдырәлі бұл шараның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған Еуразия кеңістігінде мың­даған жылдар бойы өркениет құрған, мәдениет қалыптастырған түркі халықтарының мәдени мұрасы, ұлт­тық коды, тарихи санасы жайында екенін баса айтты. «Музей – мәдени ошақ қана емес, ғылыми орталық болып саналады. Ұлттық жадымыз деуге болатын музейлер біздің тарихи санамызды жаңғыртады. Сондықтан бұл мәселеде бірге атқаратын шаралар аз емес», деген академия басшысы түркі әлеміндегі музейлерге арналған ортақ нұсқаулықтың қажеттігіне тоқталды.

Жиында сөз алған Мәдениет және спорт министрлігінің жауап­ты хатшысы Қуатжан Уәлиев Ака­демияның түркі халықтарының мәдени байланыстарын тереңдете түсетін ғылыми бағыттағы баста­маның маңыздылығы туралы айта келіп, «кеше біздің басымыздан тоқпақ, аузымыздан қақпақ кетпеген қиын кезеңде де тілекші болған түбі бір түркі жұртының алдағы уақытта да тілегі бір екендігін осындай игі де іргелі істерден көруге болады», деді.

Ал  Түркия мәдениет және туризм министрлігінің археолог-сарапшысы Улкер Мурат Ялкын: «Біз бұл бастаманы қолдаймыз. Біз соңғы он жылдың өзінде 81 облыста қаншама жобаларды жүзеге асырдық. Осы саладағы барлық тәжірибелерімізді ортаға салуға бармыз» дей келіп, осындай ғылыми жобаның қажеттілігін ортаға салып отырған Академия ісіне табыс тілейтінін жеткізді.

Моңғолия ұлттық музейінің ғы­лыми қызметкері Баянделгер Чинболд болса, ұлы дала өркениетін бірлесе насихаттауда бұл жиынның өте маңызды екенін айтып, «Біздің орталықтың Түркі академиясымен байланысы күшейіп келеді. 2017 жылғы бірлесіп ұйымдастырған «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» атты ІІІ халықаралық экспедициясы бізді тіпті де жақындата түсті. Бұл екі жаққа да көп пайдасын тигізіп жатыр. Әрі қарай да бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. Ұлы көшпенділер өркениетіне басымдық бере отырып, осы жиынға шақырғандарыңыз үшін алғыс айтамын», деді.

Сондай-ақ шараға ТҮРКСОЙ атынан Асқар Тұрғанбаев, Венгрияның Қазақстандағы елшілігінің өкілі Пери Ахметова, Қызғызстанның Құр­ман­жан датқа атындағы көшпенді өркениет орталығының директоры Аида Алымова, Г.Айтиев атындағы қырғыз ұлттық бейнелеу өнері музейінің бас сақтаушысы Айгүл Мамбетқазиева, Түркияның мәдениет және туризм министрлігінің инженер-конструкторы Левент Биласа мен Қазақстанның Ұлттық музейінің бас сақтаушысы Рыскүл Бекталиева сынды мамандар қатысып, сөз сөйледі. Сонымен бірге жиынға сарапшы ретінде еліміздің Орталық мемлекеттік музейінің директоры  Нұрсан Әлімбай, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери-тарихи музейінің директоры Перизат Өтепова, Әзербайжан Мәдениет және туризм министрлігінің мәдениеттану саласы бойынша ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Асиф Усубалиев қатысып, ойларын ортаға салды.

Жиында түркі әлемі үшін өте құнды музей заттарының тізімін жасау, түркі халықтарының мәдениеті мен тарихына арналған музей экспозицияларын құру, түркітілдес мем­лекеттердің музей мекемелерінен музей заттарының көшірмелерін алу, сондай-ақ коллекциялармен алмасу сияқты бірқатар мәселелер қаралды. Сонымен бірге Халықаралық Түркі академиясы ұсынған нұсқаулық тал­­­қыланып, қабылданды. Түркі әлемі материалдарының ортақ тізімін жасау, музейлік заттардың құнын есептейтін эксперттік комиссия жасақтау, Түркі академиясының жанынан ортақ ғылыми кеңес құру сынды мәселелер жөнінде көпжақты келісімдер жасалып, халықаралық жұмыс тобы құрылды. Алғашқы төрағалығы Әзербайжан тарапына берілген бұл тұрақты жұмыс тобы музей ісіне қатысты мәселелерде методологиялық кеңес қызметін атқарады. Жиынға қатысушылар бірауыздан бұл бастаманың түбі бір түркі әлемі үшін маңызды екеніне тоқталып, тарқасты.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»