Қазақ тіл білімін дамытуға үлкен үлес қосып, қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретуде еңбек сіңірген ғалымның қаламынан монография, 11 оқулық, 15 оқу құралы, 11 оқу бағдарламасы, 200-ге тарта ғылыми мақалалардың тууы тіл білімі білгірінің әр алуандығын көрсетері анық.
Қазақ тіліндегі етістіктің грамматикалық құрылысында сараптамалық форманттардың кең орын алатындығын жоғары ғылыми-теориялық деңгейде зерделеп, 1971 жылы қорғаған «Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары» атты докторлық диссертациясында ұсынған идеялары ғылыми жұртшылықтың ерекше назарын аударған еді. Тек қазақ тіл білімі емес, жалпы түркологияда да шешімі әртүрлі пікір қайшылықтарын тудырып жүрген мәселеде жаңа бағыт ұсынды. Оған ғалымның «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формалары», «Қазіргі қазақ тіліндегі аналитикалық форманттардың құрылысы мен мағынасы» атты монографияларындағы ғылыми зерттеулері дәлел болады. Сондай-ақ «Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары», «Қазіргі қазақ тілінің морфемалары жүйесі» монографиялық еңбектері де грамматика теориясына қосылған ғылыми үлес деп бағаланды.
Нұржамал Оралбайқызының елеулі еңбектері қазақ тілінің сөзжасам мәселесімен тығыз байланысты. Сөзжасам мәселесін жаңа бағытта, жаңа ғылыми негізде жоғары дәрежеге көтерген және сөзжасамның кейінгі зерттелуіне соны бағыт сілтеуге, сөзжасамға көзқарасты өзгертуге, жаңа идеяларға бастауға профессор Н. Оралбайдың жауапты редакторлығымен 1989 жылы жарық көрген «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографияның маңызы өте зор болғанын айтуымыз керек.
Монографияда қазақ тіл білімінде тұңғыш рет сөзжасамның жалпы теориялық мәселелерінің ғылыми негізі жасалды. Бұған дейін сөзжасам жүйесі, оның жалпы заңдылықтары сөз болған емес. Зерттеулердің бәрі негізінен жеке сөз таптарының жұрнақтар арқылы жасалуы туралы болып келді. 1988 жылы жарық көрген профессор Н.Оралбайдың «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есімнің сөзжасамдық жүйесі» атты монографиясында ғалым қазақ тілінің сөзжасам жүйесіне толық сипаттама берді. Бұл қазақ тіл білімінде тілдің сөзжасам жүйесіне берілген тұңғыш ғылыми сипаттама болатын. Бұған дейін ол мәселе ретінде қойылған емес. Онда қазақ тілінің қалыптасқан өзіндік жүйесі ұзақ уақыт ішінде талай өзгерістерді өткізіп, қалыптасқаны дәлелденген. Ұзақ уақыт ішінде сөзжасамдық бірліктер қалыптасып, олардың қолданылуы, туынды сөздердің жасалу заңдылықтары қалыптасқаны ғылыми тұрғыда дәлелденді, сан есімдердің сөзжасам жүйесі тұңғыш рет сипатталып, оның өзіндік ерекшеліктері көрсетілді. Сан есім сөзжасам жүйесінде негізінен аналитикалық тәсіл қолданылады деген тұжырым еңбекке өзек болып, дәлелденіп отырады. Сан есімнің сөзжасамдық бірліктері сан атаулары деп дәлелдеген ғалым сан атауларынан басқа сан атауларының жасалуы, қосылу және көбейту заңдылығы арқылы жасалатын нақты тілдік деректер негізінде дәлелдеп, оның түрлі моделдерін жасаған.
Жоғарыда айтқанымыздай, сан есім сөзжасамы туралы монографияда қазақ тілінің сөзжасам жүйесі тұңғыш рет ғылыми мәселе ретінде сөз болса, 1989 жылғы монографияда «Сөзжасамның жалпы мәселелері» арнайы зерттеліп, онда тілдің сөзжасам жүйесі екінші рет толық сипаттамаға ие болды. Сөзжасам жүйесі мәселесінің ішінде сөзжасамдық талдау, туынды сөздер, сөзжасам негізділігі (мотивация), сөзжасамдық тізбек, сөзжасамдық ұя, сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық тип мәселелері сөз болды.
2002 жылы Ғылым академиясының Тіл білімі институтының грамматика бөлімі дайындаған «Қазақ грамматикасы» атты өте маңызды, құнды еңбек жарық көрген болатын. Еңбектегі сөзжасам мәселесі профессор Н.Оралбайдың басшылығымен дайындалғанын атап өткеніміз абзал. Сөзжасам мәселесі ғылымның соңғы жетістіктеріне негізделіп, өте жоғары дәрежеде жазылғанын және бай тілдік деректерге негізделіп берілгенін байқауға болады.
Жаңа ғылыми туындылардың өмірге келуіне бағыт-бағдар беретін, профессор Н.Оралбайдың көп идеяларының жас ғалымдарға ой салып, оның әрі қарай дамуына жол ашқанын, яғни жаңа ғылыми туындылардың өмірге келіп жатқанын қазіргі қазақ тіліндегі болымдылық-болымсыздық категориясы туралы, қазақ тіліндегі заттың күрделі атауларының теориялық негіздері, қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя проблемалардың ғылыми-теориялық негіздері, қазақ тіліндегі нөлдік морфеманың функциялық және семантикалық аспектісі туралы ғана 10-нан астам докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалғаны ғалым идеяларының жалғасын тауып жатқанын көрсетеді.
1989 жылы жарық көрген монографияда ғалым дәлелдеген көкейтесті мәселелер ғылымда танылып, одан әрі дамытылып келе жатқанын, профессор Н.Оралбайдың көтерген жаңа ғылыми мәселелері ғалымның «Қазақ тілі сөзжасамы» оқулығына (2002 жыл) енгені дер едік. Сөзжасам оқулығы қазақ тіл білімінің сөзжасам саласынан қазақ тілінің келешек мамандарына толық білім беруді көздейді. Сөзжасам пәнінен студенттерге жан-жақты білім беру – оқулықтың негізгі мақсаты болып айқындалған. Оқулықта сөзжасамның жалпы теориялық негізгі мәселелерінен жеткілікті дәрежеде мағлұмат берілген. Ол сөзжасам теориясының зерттелмеуімен байланысты болды. Осы жағдайлар ескеріліп, оқулықта сөзжасамның мәселелері толық қамтылған. Оқулықта сөз таптарының сөзжасамына да орын берілген. Өйткені морфология оқулығында сөз таптарының сөзжасамы толық ашылмаған болатын. Сондықтан ұсынылып отырған оқулықта сөз таптарының сөзжасамы ғылымның соңғы деректері деңгейінде беріліп, әдістеме ілімінің соңғы жетістіктеріне сай модульдік жүйе негізінде жазылған.
Профессор Н.Оралбайқызының тіл білімі теориясымен қатар, қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымына да сіңірген еңбегі ерекше. «Орыс тіліндегі мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесі» (1996) атты оқулықтың жарық көруі ұлттық мектептердегі қазақ тілін оқыту әдістемесін дамытудың алғашқы бастауы болды деп айтуға болады. Ғалымның бұл саладағы ілімнің ғылыми-теориялық негізін жасаудағы еңбегінің жемісі ретінде қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқытуға арналған оқулықтардың, оқу, оқу әдістемелік құралдар мен оқу бағдарламаларының көптеп жарық көруіне себеп болғанын байқаймыз.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қазақ тілінің біртіндеп латын әліпбиіне көшірілетіні айтылған. Латын әліпбиіне көшкен алыс-жақын елдердегі тәжірибелерді зерделеп, саралап, оның саяси, әлеуметтік-экономикалық және психологиялық аспектілері терең зерттеліп, мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобы үлкен талқылаудан кейін жобаның соңғы нұсқасын ұсынған болатын. Оның Елбасының Жарлығымен бекітілгені белгілі. Енді тілші-ғалымдардың алдында орфография мен орфоэпия мәселесін шешу міндеті тұр. Профессор Н.Оралбайқызының «Қазақ графикасы мен орфографиясы» атты монографиялық еңбегінде айтылған тың ойлар мен идеялар осы мәселені шешуде өз септігін тигізер деп ойлаймыз.
Өнегелі ұстаз-ғалым ғылыми кадрлар дайындау ісіне де елеулі еңбек сіңірген қайраткер. Тіл білімі теориясы мен әдістеме ғылымы бойынша жиырмаға жуық ғылым докторлары мен алпысқа жуық ғылым кадидаттарын дайындаған ғалымның шәкірттері республикамыздың жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында еліміздің кемел келешегі үшін аянбай еңбек етуде.
Тіл білімінің білгірі, көрнекті ғалым өзі зерттеген салалары бойынша әрқашанда жаңа бағыт, тың идеялар ұсыну арқылы нағыз ғұламалыққа тән қасиеттерін паш етіп, ғылымдағы өз мектебін қалыптастырған ғалымның әлі де отандық ғылымды дамытуда қосар үлесі қомақты.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті