Жиынға бақылаушылар ретінде БҰҰ Бас хатшысының Сирия жөніндегі Арнайы өкілі Стаффан де Мистура бастаған БҰҰ делегациясы және Иордания делегациясы да қатысты. Келіссөздердің алғашқы күні әдеттегідей жабық есік жағдайында өткен болатын.
Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Астана алаңында өтетін бұл кезекті келіссөздер барысында барлық тараптар Сириядағы, оның ішінде деэскалация аймақтарындағы қазіргі жағдайды қарастыруға, гуманитарлық мәселелерді және сенімді нығайту шараларын талқылауға, сондай-ақ осы араб еліндегі дағдарысты реттеу бойынша жаңа қадамдарды үйлестіруге ниетті екендігін хабарлаған еді. Кездесудің екінші күніндегі жалпы отырысты ашқан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан Сирия бойынша Астана процесінің кезекті раунды өз мәресіне жеткендігін мәлімдеді.
Е.Ашықбаевтың айтуынша, соңғы екі күн ішінде келіссөздерге қатысушы тараптар Сириядағы жағдайды әрі қарай тұрақтандыруға және ондағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған аса маңызды әрі мазмұнды келіссөздер жүргізген. «2017 жылдан бері Астанада ұйымдастырылып келе жатқан және Женева процесінің ажырамас бөлігі болып табылатын келіссөздің әр раунды Сирия жерінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісін ілгерілетіп келе жатыр. Шешімі табылмастай көрінген күрделі мәселелер кепілгер елдердің бірлескен күш-жігерімен, Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты қолдауының арқасында тиімді түрде реттелуде», деді ол.
Сирия үкіметі делегациясын бастап келген Башар Джафари Сирияның әскери күштері өз бауырлары және достарымен тізе қосып атқарған жұмыстардың нәтижесі көңіл көншітерлік екендігін жеткізді. Ол әскери күш біріктірудің нәтижесінде Гута аймағының шығысы мен оңтүстігі террорлық әрекеттерден арылып, Сирия астанасы Дамаск қаласының қауіпсіз аймаққа айналғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар Башар Джафари Сирияны бөлуге әрекет еткен террористік ұйымдарды, елдің егемендігі мен тұтастығына қауіп төндіретін кез келген сыртқы күштердің әрекетін айыптайтынын жеткізді.
«Осы орайда, Сирия үкіметі өз жері мен елін терроризмнен тазалап, кейбір елдер тарапынан ел тәуелсіздігіне қарсы агрессивті іс-қимылдарға қарсы күресін тоқтатпайды. Сондықтан біз кезекті Астана кездесуінде қол жеткізген нәтижелерге ризамыз. Қазақстан, Ресей және Иран елдеріне кездесудің жоғары деңгейде өтуіне қосқан үлестері үшін алғыс айтқымыз келеді», деді ол.
Жиын барысында еліміз Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев келесі жоғары деңгейдегі халықаралық кездесулер шілде айында Сочиде және Анкарада жоспарланғанын, ол тараптардың келісімі бойынша бекітілгенін жеткізді. Алайда, сириялық оппозиция делегациясының басшысы Ахмед Тома журналистерге берген сұхбатында келіссөз өткізілетін жалғыз орын Астана ғана болғанын қалайтынын, басқа жерге бармайтынын айтты. Ол соңғы жылдары Сирия аумағында қантөгістердің жиілегенін, азап шегіп келе жатқан Сирия халқына қантөгісті тоқтату аса маңызды екенін атап көрсетті.
Сонымен, Астана процесінің екінші күні Сирия Араб Республикасы аумағындағы әскери іс-қимылдардың тоқтатылу режімін ұстануға кепіл болатын Иран, Ресей және Түркия мемлекеттерінің өкілдері елімізде өткен «Сирия бойынша халықаралық кездесу» нәтижесі бойынша ортақ мәлімдеме жасады. Онда кепіл елдер Сирияның тәуелсіздігі, территориялық тұтастығы мен бірлігін сақтай отырып, 2017 жылдың 4 мамырында деэскалация аймақтарын құру туралы қабылданған меморандумның, бұған дейінгі Астана процесінің раундтарында қол қойылған келісімдердің жүзеге асуы өте маңызды екендігін жеткізді.
Сондай-ақ ортақ мәлімдемеде сириялықтардың қалыпты бейбіт өмірге оралуы үшін барлық тараптардан көмек көрсетіліп, осы мақсатта қауіпсіз, жылдам және тосқауылсыз гуманитарлық көмекпен қамтамасыз етілуі керек екендігі баяндалған. Халыққа медициналық көмек беріп, босқындардың ерікті түрде қоныстарына оралуына, олардың еш кедергісіз көшуіне жағдай жасау, Әл-Каида мен ИЛИМ-ге қатысы бар террористік топтар мен ұйымдармен күресті одан әрі жалғастыру қажеттілігі де атап өтілген.
Ортақ мәлімдемені жасаған барлық тараптар Астана процесінің жоғары деңгейде өткенін бірауыздан растады. Сондай-ақ кездесуді ұйымдастыруға бастамашы болған Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа шынайы алғыстарын жеткізді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»